Жаңалықтар

Хоббиін кәсіпке айналдырды

«Еңбек» бағдарламасы арқылы 505 мың теңге грантқа ие болған жастың бірі —Аяжан Бекмұхамет. Аяжанның негізгі мамандығы — медбике ісі. Алайда ол бала кезінен қолөнермен айналысады.

Бала кезімнен аурушаң болдым. Дәрігерлер анама ауруды ойламау үшін мені қолөнерге үйретуге кеңес береді. Осылайша анам маған түрлі бұйымдарды тоқуды үйретті. Қолөнермен айналысқан адам шыдамдылыққа үйренеді. Бір істі соңына дейін жеткізуге тырысады. Әсіресе бұл кішкентай балаларға пайдалы. Қолым қалт етсе, түрлі бұйымдар тоқимын, көрмелерге қатысамын. Бұл менің хоббиім болды. Алайда бұнымен тоқтап қалғым келмеді. Оқу орталығын ашып, балаларға үйретсем деп ойладым. Бірақ бұл үшін қаржы керек. Осындай оймен жүрген кезімде жұмыспен қамту орталығынан мамандар хабарласты. «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша оқуға қабылдап жатқандарын айтты. Мен бірден келістім. Бізге кәсіпкерлер шеберлік сағаттарын өткізді. Бизнес-жоспар құруды үйрендік. Сөйтіп, қайтарымсыз грантқа ие болдым, —дейді Аяжан.

Жас қыз қаржыны алғаннан кейін оқу орталығын құрады. Қажетті жабдықтарды сатып алады. Орталық ашылғанын естіген ата-аналар біртіндеп балаларын әкеле бастайды.

Жұмысым енді қыза бастағанда карантин жарияланды. Балалардың орталыққа келуіне болмайды. Сондықтан қазір жұмыс тоқтап тұр. Бірақ өзім үйден түрлі бұйымдар жасаймын. Сәнді әшекейлер, қатты қағаздардан себет тоқимын. Жалпы біздің елімізде қолөнер бұйымдарына сұраныс аз. Адамдар қызыққанымен, сатып алмайды. Себебі қолдан жасалғандықтан бұйымныңбағасы қымбат. Кейінгі жылдары ғана көзқарас өзгеріп келеді. Бірақ бұл саланы әлі де жандандыру қажет, — дейді Аяжан.

Аяжанның жасы жиырма бірде. Алға қойған жоспарлары көп. Орталық жұмысын бір ізге түсіріп, кеңейткісі келеді. Жас кәсіпкердің ісіне біз де сәттілік тіледік.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button