Басты жаңалықтарӘлеумет

Жаңақоныстықтар үш балалы әкенің үй салуына көмектесіп жатыр

Сауап

Қаланың іргесіндегі Жаңақоныс ауылының тұрғындары рамазан айында үлкен сауапты іс жасады. Ауыл тұрғындары бір кісідей жиналып, үш балалы мұқтаж отбасының баспана құрылысын салуына көмектесті.

…Жалғызбасты әке Нұртас Мұстафиннің үш баласы бар. 2008 жылы Қобдадан көшіп келіп, осы Жаңақоныстағы бір кәсіпкердің малын бағып, жанын баққан. Кәсіпкердің малшыға берген еншісі — 10 сотық жеріне әупірімдеп шағын ғана 2 бөлмелі үй салып алған Мұстафиндердің осы шаңырағында үш рет шілдехана өткізілген еді. Алайда үлкені Нұрасылдың былдырап тілі шығып, одан кейінгі егіз баласы — Ерасыл мен Нұрайым өмірге келгенде жас ана қатты науқастанады да, үш бірдей бала әкесінің құшағында қалады.

— Балаларды өзім өсірдім. Құндақта жатқан кезінен бастап жуындырып, тамақтандырып, адам қатарына қостық. Аллаға шүкір, қазір адам болды ғой. Мына үйді (ескі үйін айтады — ред.) өзіміз тұрғызып алдық. Қолымда анам болды. 2013 жылы есіктің алдынан үлкен үй бастаған едік. Анам есік алдында отырып: «Мына үйге қашан кіреміз?» дейтін. Келесі жылы анам дүниеден озды. Мына үйдің құрылысы сол 2013 жылдан бері әлі алға жылжымай тұр. Мал бағып жүрген кезде екі үй салуға жететін құрылыс материалдарын сатып алған едім. Кейін үш баламен өзім қалып, менің де денсаулығым нашарлағаннан кейін жұмыс істей алмай, ақша болсын деп осы құрылыс материалдарын шетінен сата бердім, сата бердім. Қазір шама-шарқымша әр жерде түрлі жұмыстар істеймін, — дейді Нұртас Мұстафин.

Нұртастың үш баласы Қурайлыдағы мектеп-интернатта оқиды. Үлкені 9 жастағы Нұрасыл Тоқтаған өскенде өрт сөндіруші болуды армандайды екен. «Өрт сөндірушілер көп ақша табады, мен әкеме көмектескім келеді», — дейді ол. Ол әкесі жұмыста жүргенде екі бауырына қарайды, тамақтарын береді, үйге бас-көз болады.

— Елімізде төтенше жағдай жарияланып, мектептер қашықтан оқуға көшкеннен кейін балаларды интернаттан үйге жіберді. Балалар үйге келгенше, автопаркте әр түрлі жұмыстар атқарып жүрдім. Енді  қастарында болу керек болды. Маған осындай қиын жағдайда жақсы адамдар көмек беріп жатыр, — дейді елуді еңсерген жігіт ағасы.

Ал жақсы адамдар Жаңақоныс ауылында көп екен. Ауылдың тұрғыны Айнұр Құраниятқызы бастаған бір топ азамат Нұртас Мұстафиннің тұрмыс-тіршілігін көргеннен кейін қалай қолғабыс жасау керектігін өзара ақылдасты.

— Елуден асқан ер-азаматқа үш баланы бірдей бағып, азамат қылу оңай емес. Өзінің де ауыр жұмыстар істеуге шамасы келмейтінін білдік. Сөйтіп, ауылдастар болып қандай да бір көмек көрсеткіміз келді. Әрине, азық-түлік пакеттерін апарып, қаржылай қолдау көрсетіп жатқандар да бар шығар, біз ағайдың он шақты жылдан бері салып жатқан үйінің құрылысын бітіруге үлесімізді қосқымыз келді, — дейді Айнұр Құраниятқызы.

Айнұрдың мамандығы заңгер екен. Ауылдың ватсап чатында үнемі жақсы істердің бастамашысы болып жүретінін байқадық. Қандай да бір көптің күшімен бітетін іс болса, ауылдастардың басын біріктіріп, асар ұйымдастыру да Айнұр бастаған «Сауап» еріктілер тобының жақсы әдетіне айнала бастаған…

— Біздің еріктілер тобы наурыз айында құрылды. Осы бір-екі айдың ішінде ауылдастардың көмегімен үлкен іс тындырдық. Бірде ватсаптағы ауыл тұрғындарының чатына қаланың «Малышка» ауданында тұратын көпбалалы отбасының құлап жатқан үйде тұрып жатқандығы туралы видео келді. Сол видеоны көріп, ол кісіге көмектесейік деп ауылдастарға үндеу тастадым. Қазақ деген өте мейірімді, қайырымы мол халық қой, жан-жақтан қолдай кетті барлығы. Осы ауылда тұратын Нұрдос пен Райля Әбиевтер отбасы өзінің сатуға шығарған жер үйінің құрылыс материалдарын сол мұқтаж отбасына тегін беруге келісті. Осылайша көпбалалы анаға хабарласқанымызда: «Үй сатып алуға ақша жиналды», — деп рақметін айтып, бас тартты. Содан кейін ауылдағы мұқтаж азаматтар туралы мәлімет жинадық. Олардың ішінде пәтер жағалап жүрген, асыраушысы жоқ көпбалалы аналар, жалғызбасты науқас адамдар, жетім балаларға көмектескіміз келді. Осылайша Нұртас Мұстафин ағамыздың тұрмысын өз көзімізбен көргеннен кейін бірден Нұрдос пен Райляға хабарласып, бар мән-жайды айттым, —  дейді ол.

Нұрдос пен Райля Әбиевтер де жас отбасы екен. Анау айтқандай, байлығы асып-тасып, төгіліп жатқан ештеңесі жоқ. Қарапайым отбасы, Нұрдос жанар-жағармай стансасында еңбек етсе, Райля сұлулық салонында шаш шебері.

— Нұртас ағаның жайын естіген соң сатуға шығарған үйіміздің жарнамасын интернеттен алып тастадық. Осыған дейін жолдасым екеуміз: «Ораза айында шамамыз келгенше садақа берейік, садақа барлық жамандықтан сақтаушы», — деп ойластырып жүр едік… реті келе қалды. Айнұр хабарласқан кезде бірден шешім қабылдап, үйді сатып аламын деп келген адамдардың ұсыныстарынан бас тарттық. Үйді сатып, пұл қылғаннан гөрі нағыз мұқтаж адамға бергеннің сауабы да, ләззаты да әлдеқайда жоғары. Бұл үйді жолдасымыз екеуміз өз қолымызбен салдық, алты жыл тұрдық. Қазір басқа үй тұрғызған едік. Мына үй бос тұрды, соны пұл қыламыз деп ойлағанбыз. Бірақ сауап пұлдан да жоғары ғой, — дейді Райля.

Осылайша ауылдың ватсаптағы чатына тағы бір қуанышты хабар жіберілді. «Ауыл тұрғындары Нұрдос пен Райля Әбиевтер отбасы Нұртас Мұстафинге бос тұрған жер үйін бұзып, құрылыс материалдарын тегін беретін болды. Алла бұйырса, Нұртас ағамыздың он жылдан бері бітіре алмай келе жатқан үйінің құрылысы қайтадан жанданатын болды», — деген хабар жаңақоныстықтарды тағы бір елең еткізді. Хабарлама соңындағы: «Енді осы үйді бұзып, құрылыс материалдарын тасып беретін қол күші керек», — деген өтінішті ер-азаматтар жағы аяқасты етпейтінін айтып, арада бір күн өтпей, зіңгіттей-зіңгіттей бірнеше ер жігіт «Газель», трактор, «КамАЗ» секілді көліктерімен жетіп келді.

Жаңақоныстық жігіттер үйді екі күннің ішінде бұзып, құрылыс материалдарын Нұртас Мұстафиннің ауласына тап-тұйнақтай етіп тасып берді. Үш бала мәз-мейрам: «Менің енді жеке бөлмем болатын болды», — дейді екі бауыры мен әкесінің ортасында өсіп жатқан жалғыз тал гүл Нұрайым.

  • Жаңақоныс тұрғындарына алғысымды білдіремін. Оның ішінде Нұрдос пен Райля Әбиевтер отбасына мың алғыс. Осы кісілердің батыл шешімінің арқасында ауыл тұрғындарының ауызбірлігі жанданды. Сонымен бірге көліктерін тегін ұсынып, өздері де қол күшін аямаған ер-азаматтарға, аға-інілерімізге мың да бір алғыс айтамыз.

«Сауап» тобын құрғандағы тағы бір мақсатымыз — ауылдағы жасөспірімдер тәрбиесімен айналысуға үлес қосу. Өзім заңгер болғаннан кейін жасөспірімдер арасында соңғы кездері қылмыстардың, соның ішінде ауыр қылмыстардың көбейіп бара жатқандығына жиі куә боламын, оған бейжай қарау мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта ауылдағы дана қарттарымызбен, аузы дуалы азаматтарымызбен бірге жасөспірімдер тәрбиесімен айналысқымыз келеді. Әзірге тобымызда 12 адам бар, біз ешкімге ешқандай шектеу қоймаймыз, тобымызға қосыламыз деушілерге есігіміз ашық, —  дейді Айнұр Құраниятқызы.

… Айтпақшы, ауылдың ер-азаматтары Нұртас Мұстафиннің үйіне төрт «КамАЗ» ракушняк кірпішін, үш «Газель» құрылыс материалдарын тасып берген.

Жігіттері бір отбасына ауыр болатын істі асарлатып атқарып жатқанда ауылдағы аналар Нұртас Мұстафиннің үйінің ауласына қазан құрып жіберіп, ас пісіріп жатты. Ватсап чатынан хабарламаны оқыған ауыл тұрғындары іс басындағы жігіттерге бірі айранын, бірі бауырсағын тасып жүр… Сондай әдемі көрініс! Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, түтіні түзу ұшатын ауылдың адамдары қайырымды болады. Енді жаңақоныстықтар Нұртас Мұстафиннің үйінің құрылысын да бірге бастамақ… Жетімін жылатпаған ел осындай болса керек…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button