Басты жаңалықтар

Ақтөбе жаңарады!

«Ақтөбе қаласының дамуы, мәселелер және оны шешу жолдары» тақырыбында өткізілген баспасөз мәслихатында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров шаһарда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі жобалар турасында мәлімдеді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу барысында қаладағы проблемалар және оны шешу бағытында қолға алынған іс-шаралар да сөз болды.    

Бас жоспар және Батыс-3

Газетіміздің бұған дейінгі сандарының бірінде хабарлағанымыздай, Ақтөбе қаласының Бас жоспарына сәйкес шаһардың оңтүстік-батыс аумағында Батыс-3 көпқабатты тұрғын үй массиві бой көтереді. А.Шахаровтың айтуынша, қаланың Бас жоспары 2015 жылы Үкіметтің қаулысы негізінде бекітілген. «Қазіргі күні біз жаңа ауданның жоспарын дайындадық. Бұл — Батыс-3 ауданы. Жобалық аумақтың жалпы көлемі — 863 гектар. Бүгінгі таңда бұл аумаққа коммуналдық желілер жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді. Енді «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Батыс-3 ауданынан коммуникациялық желі тарту үшін кәсіпорындардан тапсырыс қабылданатын болады», — деді қала әкімі.

Батыс-3 ауданының жобасында ірі қоғамдық орталықтардың құрылысын салу жоспарланған. Атап айтқанда, ойын-сауық, сауда орталықтары, әкімшілік-іскерлік орталық, конгресс-холл, қонақүй кешендері, орталық музей, шығыс коммерциялық нысандарымен бірге шығармашылық орталықтар бой көтермек. Ең бастысы — жаңа ауданда 2470 мың шаршы метрлік тұрғын үй салынады.

Мұндағы жобалардың жалпы құны — 295 миллиард теңге. Асхат Шахаров жоспарға сәйкес бұл ауданда 100 мың адам тұратын тұрғын үй құрылысы салынатынын айтты. Жергілікті билік бұл жұмыстарды алдағы он жылдың шамасында жүзеге асыруды жоспарлайды. Жаңа ауданда тұрғын үйлерден бөлек, емханалар,мектептер, балабақшалар, кітапханалармен спорт кешендері сияқты 41 әлеуметтік нысан тұрғызылмақ.

Арбат құрылысы басталады

Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының орталық және ескі бөліктерімен қатар, Тұрғындар қалашығы ауданын, сондай-ақ 101-атқыштар бригадасы көшесін абаттандыруға қатысты жобаның таныстырылымын да жасады. Оның айтуынша, бүгінгі күні 101-атқыштар бригадасы көшесін жаңғырту бойынша жұмыстар басталған. Жоба аясында көпқабатты үйлерге жапсарлас салынған кәсіпкерлік нысандарына ерекше мән беріледі. Бұл жоба толық жүзеге асқанда 101-атқыштар бригадасы көшесінің бірыңғай көркемдік сәулет стилі қаланың дамуына оң әсерін бермек. Бұл орайда сол көшенің бойындағы көпқабатты үйлердің подъезінен бастап аулалары түгелдей асфальтталады, үйлердің қасбеті сырланып, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары толық жүргізіледі. Қазіргі күні бұл жұмыстарды жүзеге асыруға қаржының алғашқы бөлігі қарастырылған.

Біз қаланың көп жеріне халықтың кешкі мезгілде тынығып, демалуы үшін саябақтар мен скверлер салуды жоспарлап отырмыз. Осы жоспарға сәйкес, біз қаланың 101-атқыштар бригадасы көшесіне Арбат салуды ойластырдық. Яғни құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін кешкі сағат 20.00-ден ертеңгілік уақытқа дейін 101-атқыштар бригадасы көшесімен көлік қозғалысының жүруі тоқтатылады. Яғни бұл аумақ тұрғындардың кешкілік мезгілде тынығатын мекеніне айналмақ. Қазіргі күні бұл жұмыстар басталды, — деді қала әкімі.

Асхат Шахаровтың айтуынша, жыл сайын нақты белгіленген аудандарда абаттандыру жұмыстары толық көлемде жүргізіледі. Суағарлар салу, көпқабатты тұрғын үйлерді абаттандыру мәселесі де қолға алынып, аулаларға асфальт төселеді, ойын, спорт алаңдары салынады, контейнерлер, орындықтар қойылып, түнгі шамдар орнатылады. Сондай-ақ қала аумағына жасыл желекті көптеп егу де  жоспарда бар.

Қала әкімінің айтуынша, биыл Тұрғындар қалашығында, қаланың ескі  ауданындағы көшелерде де осындай жұмыстарды жүзеге асыру жоспарда бар. Қазіргі күні Тұрғындар қалашығы ауданында жұмысты бастау үшін кәсіпкерлермен келісім жасалған. Шаһардағы осындай ескі көшелерді қалыпқа келтіру үшін  шамамен 13,5 миллиард теңге қарастырылып отыр. Жергілікті билік бұл бағыттағы жұмыстарды 2023 жылға дейін жүзеге асыруды жоспарлапты.

100 аулаға жөндеу жүргізіледі, 30 футбол алаңы салынады

Қазір қала аумағында 1800-ден астам көпқабатты үйдің ауласы бар. А.Шахаровтың айтуынша, аулаларды жөндеу жұмыстары 2010 жылдан басталған. Алайда көптеген ауланы көркейту, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Биыл біз қаланың 11-шағын ауданындағы ең үлкен ауланы жөнге келтіруді жоспарлап отырмыз. Бұл туралы мен облыс әкіміне де таныстырылым жасадым. Аула жолдарын асфальттап, спорт, ойын, воркаут алаңдарын салып, жарықтандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарладық. Сол сияқты, ауладағы автотұрақтарды да асфальттауды көздеп отырмыз. Себебі барлық күл-қоқыс ауладан басталады. Алайда бұл жұмыстардың барлығын біз биыл аяқтаймыз деп айтпаймын, — деді А.Шахаров.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл Ақтөбе қаласында республикалық бюджеттен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында аулалар аумақтарын және аулалардағы жолдарды жөндеуге 590,0 мың теңге бөлінген. Бұл қаржыға Шанхай, Тұрғындар қалашығы, 8-шағын аудан мен қаланың орталық бөлігіндегі көпқабатты үйлердің 100 ауласын жөндеу жоспары бар.

Бұл орайда Ақтөбе қаласында аула аумақтарына жарықтандыру қондырғыларын орнатуға конкурс жарияланған. Аталған жобада 388 LED жарық шам орнату қарастырылған.

Қала әкімінің айтуынша, осы жылы 117 балалар және спорт алаңы, сондай-ақ жасанды шөп төселген 30 футбол алаңы салынбақ. Сонымен қатар қалаға 30 мың шаршы метрден астам тротуар салынады.

6 субұрқаққа күрделі жөндеу жүргізіледі

Ақтөбе қаласындағы 22 субұрқақтың 8-і жақын аралықта іске қосылмақ. Олар —  Тұрғындар қалашығы ауданы мен Абай даңғылы скверіндегі, «Плазма» д/13 мекенжайындағы, №5 емхана(Нан комбинаты), кеден аумақтарындағы, сонымен қатар Арбат пен Өнер орталығы алаңындағы субұрқақтар. А.Шахаров өз сөзінде 14 субұрқақтың қазіргі күні күрделі жөндеуді қажет етіп тұрғанын, ол үшін бюджеттен қаражат бөлінгенін атап өтті. «Жарақсыз күйдегі субұрқақтардың алтауы толық күрделі жөндеуді қажет етеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бұл іске 50 миллион теңге қаражат қарастырылды. Қазір жөндеу жұмыстары басталды. Биыл маусым кезінде қаладағы барлық субұрқақ іске қосылатын болады», — деді қала басшысы.

Жол құрылысына 13,9 млрд теңге қарастырылды

Қала көшелеріндегі жолдың жайы — өте өзекті мәселе. Ақтөбеде автокөлік жолының ұзындығы — 651 шақырым, оның 300 шақырымы ғана асфальтталған. Биыл жалпы саны 97 көшеде жол жөнделеді. Қазіргі таңда 30 көшеде жұмыс  басталып кетті. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы  аясында 171 шақырымды жөндеуге республикалық бюджеттен 13,9 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл өз кезегінде 2170 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

Оның айтуынша, осы жылы қаланың ескі бөлігіндегі көше жолдары толықтай жөнделмек. Қазіргі таңда қаладағы көптен бері жөндеу көрмеген магистральды жолдарға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мұндай іс-шараларды бақылау үшін құрамы қоғамдық бақылаушылардан тұратын арнайы топ құрдық. Жол құрылысына пайдаланылатын материалдар зертханадан өткізілмек. Себебі біз құрылыс жабдықтарының сапасын білуіміз қажет. Ең бастысы, сапалы жол салынуы керек, — деді қала әкімі.

Қазіргі  таңда мемлекеттік сатып алу конкурсынан өткен«Прогресс кз», «АқтөбеКапРемстрой», «АССАНА-ДорСтрой», «ЕрхатЖолдары», «Интехцентр ЛТД»,  «Aqto’be Qurylys Engineering» компаниялары жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Аталған жолдарға тротуар, веложолдар, LED жарықтандыру, көгал төсеу сынды шаралар жасалады.

Қоқыс шығару талабын сақтамаған тұрғындарға 20 мың теңге айыппұл салынып жатыр

Журналистермен кездесу кезінде Асхат Шахаров қаладағы экологиялық мәселе, оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды тазалау, жинау жұмыстарына қатысты да ақпарат берді. Оның айтуынша, биыл наурыздан бастап Ақтөбе қаласында екі компания — «NEO PLUS» және «АҚЖОЛ ЛТД» ЖШС тұрмыстық қоқысжинаумен айналысады. Күн сайын бұл жұмысқа қоқыс тасушы — 29, қоқыс тиеуші 5 көлік және 11 арнайы техника (самосвал) жұмылдырылған.

Тұрғындардың қоқыс шығарғаны үшін төлемақыны уақтылы есептеспейтіні бұл саладағы жұмысқа кедергі келтіріп отыр. Қалалықтардың 40 пайызы ғана төлемді уақытында жүргізеді. Ел аймақтары арасында Ақтөбе қаласында ғана қоқыс шығаруға ең төменгі тариф белгіленген. Мөлшері — 104 теңге. Өкінішке қарай, қатты тұрмыстық қалдықтарды тасып, қызмет көрсету бойынша нарықта бәсекелестік жоқ. Осының салдарынан қалада 2018-2020 жылдары түрлі себептермен тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын бірнеше компания ауысты, — деді А.Шахаров.

Жергілікті билік қоқыс шығару ісіне салғырт қарайтын тұрғындарға жаза қолдануға кіріскен. Бүгінгі таңда күніне 20-дан астам тұрғынға қоқыс шығару талабын сақтамағаны үшін 20 мың теңгеден айыппұл салынып жатыр. Тұрғындар айыппұл сомасын он күн ішінде төлеуі тиіс. «Қазір бұл жұмыс жүйелі жүргізіліп жатыр. Қоқыс шығарушы компаниялар арнайы кестеге сай жұмыс жасайды. Сондықтан тұрғындар қоқыс көліктерінің келетін уақытын болжап, тұрмыстық қалдықтарды шығаруына болады», — деді А.Шахаров.

Қала әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін қала аумағында шамамен 1000 контейнерді жаңарту жоспарда бар. Сонымен қатар қоқыс алаңдары да ретке келтірілмек.

Қазақстан Республикасы Экология министрлігінің геопорталынан алынған мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда Ақтөбе қаласының сыртында, оның шекара аймақтарында 375 стихиялық қоқыс орны анықталған. Соның 230-ы — Алматы, қалғаны Астана аудандарының аумағында орналасқан. А.Шахаровтың айтуынша, мұндай қоқыс орындарында шамамен 200,0 мың текше метр қалдықтың бар екені болжанып отыр. Оны жинау үшін 260,0 миллион теңге бөлініп, қазіргі таңда  конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. Ол бұл аймақтардың тұрғындардың жауапсыздығынан қоқысқа толғанын айтты.

Қазіргі таңда қала көшелеріндегі аялдамаларды ретке келтіру үшін конкурс жарияланған. «Біз аялдамаларды талапқа сай тұрғызатын боламыз. Яғни конкурстан ұтқан компания қоғамдық көліктерді күтуші тұрғындарға қолайлы аялдама тұрғызуы тиіс. Жалпы біз болашақта автобустардың бәрін цифрландыру жүйесіне көшірмекпіз. Яғни жолаушы аялдамаға автобус келетін уақыттан бұрын келмей, оның жүрісін мобильді қосымша арқылы үйде отырып бақылайтын болады. Қазіргі күні осындай жұмыстар қолға алынды», — дейді шаһар басшысы.

Баламасы жоқ жоба

Елімізде Ақтөбеде бірінші болып жүзеге асырылған геопортал пилоттық жобаның ақтөбеліктер үшін пайдасы қандай? Бұл сауалға Асхат Шахаров:

Бұл — пилоттық жоба. Республикада бұл жобаның баламасы жоқ. Қазір жобамен әлі жұмыстанып жатырмыз. Биыл 20 мамырдан бастап іске қосылады. Яғни жер кезегіне тұру үшін тұрғындардың әкімдікке, болмаса жер қатынастары бөліміне баруының қажеті жоқ. Өздеріне қажетті қызметті мемлекеттік қызметкердің көмегінсіз-ақ, барлық мәселені геопартал жобасы бойынша онлайн түрде жүргізуіне болады, — деп жауап берді.

Баспасөз мәслихаты кезінде пилоттық жобаның таныстырылымы да жасалды. Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстарын жоспарлап, ол үшін рұқсат беру құжаттарын үйден шықпай-ақ алудың мүмкіндігі бар. Енді мұндай қызметті https://geoportal.akt.kz/ сайтындағы сәулет және қала құрылысы бөліміне кіріп, сондағы талаптарды орындау арқылы алуға болады. Ол үшін сандық қолтаңба қажет. Жеке кабинетіңде барлық шарттарды орындағаннан соң құрылысқа рұқсат беру құжатын алып, іске кірісе беруге болады. Сайт арқылы алынған мұндай құжат толық заңды күшіне ие болады. Әзірге бұл пилоттық жоба арқылы сәулет және жер қатынастары саласына қатысты 11 негізгі мемлекеттік қызмет түрін алуға мүмкіндік бар.

71 жоба іске асырылып, 2,6 мың жұмыс орны ашылады

Жергілікті билік жұмысының негізгі бағыттарының бірі — инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру. Асхат Шахаровтың айтуынша, ағымдағы жылы инвестиция тарту жұмыстары барынша жандандырылатын болады. Жыл соңына дейін 2,6 мың жұмыс орнын құруға бағытталған жалпы сомасы 78,2 миллиард теңгеге 71 жобаны іске асыру жоспарланған.Оның ішінде жалпы инвестициясы 49,5 млрдтеңгені құрайтын 12 ірі индустриялық-инновациялық жоба бар, онда

1198 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Биыл іске асырылатын жобалар арасында «Зерде-КерамикаАқтөбе» керамогранит және керамикалық плитка өндірісі (9,2 млрдтеңге), «Көктас-Ақтөбе» құрылыс материалдарын өндіру (15 млрдтеңге), «Green Capital Kazakhstan» бесінші буын жылыжайының екінші кезеңі (8,5 млрдтеңге), «Aktobe Smart Tech» деректерді өңдеу орталығы (10,8 млрд теңге, қуаты 5 петабайт, 15 жұмыс орны көлемінде деректерді сақтау және өңдеу) компаниялары сияқты жобалар бар. Асхат Шахаров өз сөзінде мұндай жаңа жобалар бизнесті қолдаудың қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалары аясында тиімді жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, кәсіпкерлер арасында танымалдыққа ие «қарапайым заттар экономикасы» жобасы дамытылмақ.

Осы бағдарлама аясында 30,4 млрд теңге қаржыға 51 жобаны іске асыру жоспарда бар.

Бүгінде бизнесті тұрақты дамыту үшін маңызды шарт — инфрақұрылымды қамтамасыз ету. Осы мақсатта қалада көлемі 200 гектар болатын «Ақтөбе» индустриялық аймағы жұмыс жасайды. Онда 300 жұмыс орнын құрайтын 4,9 миллиард теңгеге 7 жаңа өндіріс іске қосылды. Қазіргі уақытта 91,5 миллиард теңгеге тағы 18 жобаны сүйемелдеу жүргізілуде. Оның ішінде осы жылы 23,5 миллиард теңгеге 8 нысан іске қосылып, нәтижесінде 427 жұмыс орны ашылмақ, — деді қала әкімі.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік: аудандар жарықтандырылады

Бүгінгі таңда облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы Ақтөбе қаласының аумағында мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында көше шамдарының бағандарын орнату бойынша келіссөздер жүргізуде. Жоспарда 270 шақырымға созылған 9000 жарық нүктесін орнату бар. Бұл жобаға Қарғалы тұрғындар массиві мен Құрмыш, Сүт зауыты, Мәскеу, Сазды, 8-шағын аудандармен қатар Оңтүстік-батыс ауданының бірінші, екінші бөліктері, Тұрғындар қалашығы, шаһардың орталық бөлігі мен Рауан тұрғын алабы, сондай-ақ Заречный-1,2,3,4, Кірпішті, Жаңақоныс, Ясный, Ясный-2, 41-разъезд енгізілген.

Қала әкімі өз сөзінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында «Нұр Ақтөбе» ауданында 320 орындық 10 топқа арналған балабақша құрылысысалынып жатқанын да атап өтті. Балабақшаның ашылуы биыл қараша-желтоқсан айларына жоспарланыпты.

Ақтөбеде триатлон саябағы ашылады

Ақтөбе қаласының Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Астана» саябағы елорданың 20 жылдығы құрметіне салынған болатын. Айта кету керек, бұл саябақ демеушілердің қаражатына жүзеге асырылған. Алайда аталған саябақтың жұмысы толық аяқталған жоқ. «Астана» саябағының маңынан триатлон саябағын ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі күні бұл шаруаны атқаратын мердігер компания да анықталды, қаражат бөлінді, жұмыстар да басталды. Бұл туралы мен облыс әкіміне баяндадым. Триатлон саябағын күзге жақын ашуды жоспарлап отырмыз», — деді қала әкімі.

Ол өз сөзінде саябақ аумағын көгалдандыру жұмыстары қатар жүзеге асырылатынын да айтты.

Дендрокарта немесе жасыл желектің есебі

Баспасөз мәслихатында Ақтөбе қаласының экологиялық мәселесі де сөз болды. Тал егіп, қураған ағаштарды кесумен қатар, өзен арналарын кеңейту ісіне қатысты туындаған кемшіліктерді қалпына келтіру проблемасы да қозғалды.

Ақтөбе қаласы аумағындағы өзен арналарына қатысты мәселе — ашық проблема. Жобаға өзгерістер енгізуде біз қосымша ұсыныстар айтуды қалаймыз. Ол үшін жұртшылықпен кеңескеніміз жөн. Содан кейін ғана жұмысты жүзеге асыруымыз керек. Бұл бағытта республикалық бюджеттен қаражат қарастырылды. Мен қоғам белсенділерімен бірге қала ішіндегі ғана емес, барлық өзендердің жағдайын өз көзіммен көріп шықтым. Расында да, кемшіліктер бар. Бұл мәселеге қатысты сол кездегі барлық ұсынысты жобалаушыларға жеткіздік. Жобалаушы өзге қалада болғаннан кейін қалыптасқан жағдайға байланысты Ақтөбеге келе алмай отыр. Алайда біз скайп арқылы барлық проблеманы талқылап, жобалаушымен байланыста отырмыз. Егер жұртшылықпен бірге қандай да бір ұсыныстар технологиялық жағынан бізге тиімді болса, онда біз жобаны әрі қарай жүзеге асыратын боламыз, — деді А.Шахаров.

Қала әкімінің айтуынша, қазіргі күні облыс орталығында жасыл желектің нақты санын білу үшін дендрокарта әзірленуі керек. Осыған байланысты жасыл желек қорының жағдайы туралы алынған мәліметтердің көмегімен талдарды күтіп ұстау және қорғау ережелері бекітілмек.

Біз «жасыл белдеуді» дұрыс қалыптастыруымыз керек. Қазіргі күні құзырлы органдармен бірлескен іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе өте өзекті. Сондықтан нақты жұмыстар жүргізуіміз қажет, — деді қала басшысы.

Оның айтуынша, облыс орталығындағы талдарды түгендеу мен паспорттау жұмыстары күзге қарай аяқталады. Қала аумағын көгалдандыратын ұйыммен үш жылдық келісімшарт жасалды. Қала әкімі мұндай мекемемен көп жылға келісімшарт жасалса, істің тиімді жүзеге асырылатынын айтты. Ең бастысы, мердігер ұйымның питомникпен және жасыл желектермен жұмыс жасау тәжірибесі болуы қажет. Сондай-ақ ол өз сөзінде талдарды автоматтандыру жүйесі арқылы суаруды іске асыруға ниетті екенін  айтты. Бұл — алдағы уақытта су тапшылығы мәселесіне тап болмас үшін қолға алынатын шара.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button