Жаңалықтар

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жандана түседі

Мәслихат

Облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Оған облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалардың басшылары қатысты.

Отырыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жергілікті жобалары, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды уақтылы өткізу бойынша облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасының жұмысы туралы мәселелер қаралды.

Бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева хабарлама жасады. 

Ол бүгінгі күні жеке капиталды ортақ іске тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің барлық түрлері мен формаларын пайдалану маңызды екеніне тоқталды. Сонымен бірге өңірдің әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешуде аталған механизмді енгізу және жеке инвестициялар тарту бойынша тұрақты негізде белсенді жұмыстар жүргізіліп отырғанын атап көрсетті.

Облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жұмыстары қолға алынған 2016 жылдан бергі уақытта барлығы 18,5 миллиард теңгенің 20 келісімшарты жасалды. Бұл ретте денсаулық сақтау, спорт, білім беру салаларын дамытуға басымдық берілді. Мәселен, осы ауқымда қалалық жедел жәрдем станциясы, қалалық балалар стоматологиялық емханасы, «Ақтөбе медициналық орталығы» қосымша құрылысы, Мұз айдыны сарайы, теннис корты, бірнеше балабақшалар іске қосылды. «DaruZharygy» офтальмологиялық орталығын салуға жергілікті «Көз жарығы» компаниясының инвестициясы 3,1 миллиард теңге құрады. Орталықта әр ауысымда 500 адамға дейін қабылдау мүмкіндігі бар, сонымен бірге 60 кереуеттік аурухана жұмыс істейді.

Жүзеге асырылған жобалар нәтижесінде 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды, сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге үлес қосылды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында биылғы жылы Ақтөбедегі үш колледждің оқушылары үшін жатақханалар салынбақшы. Аталған жоба құны 2,7 миллиард теңге деп бағаланды. Бұл құрылыстар мемлекеттің қаржы қатысынсыз жүзеге асырылады.

Сондай-ақ Ақтөбе медицина орталығы балалар стационары ғимаратына қосымша корпус салу жоспарлануда.

Ақтөбе қаласы көшелерін жарықтандыру желілері де аталған жоба ауқымында іске асырылады. Сонымен қатар алдағы уақытта «Ақылды қала» платформасына біріктірілуді көздейтін көшелерді жарықтандыруды басқарудың тиімді әрі үнемді автоматтандырылған жүйесі енгізілетін болады.

Облыстық  мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы Әділ Қайырмеков  мемлекеттік сатып алуды уақтылы өткізу туралы хабарлама жасады.

Ол елімізде орын алған дағдарысты жағдайды тұрақтандыру үшін тез арада іс-шаралар қолданылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілуі тиіс екендігін және экономиканы одан әрі тұрақтандыру жөніндегі шаралар қабылдануы қажеттігін атап көрсетті.

Еліміздегі пандемияға байланысты жағдайды ескере отырып, мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібімен қарастырылған тауарлар, қызметтер, жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алулар рәсімдері қысқартылған және  жеңілдетілген.

Баяндамашының айтуынша, «2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы» барлық инфрақұрылымдық жобалары дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде арнайы конкурс тәсілімен жүргізілген.

2020 жылдың басында бекітілген бюджет аясында басқарма тарапынан жалпы құны 43,3 миллиард теңге болатын 228 жоба бойынша мемлекеттік сатып алулар жарияланды. Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.

Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында депутаттар сауалдарын қойып, ескертулер мен ұсыныстарын білдірді. Тұрақты комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button