Басты жаңалықтар

Қадір түнінің қасиеті

Мұхамбет пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) Қадір түнін рамазанның соңғы онкүндігінен іздеу керектігін айтқан.

Ал ислам ғалымдары рамазанның 27-түнін Қадір түні ретінде атап өтуді ұсынған. Биыл бұл түн мамыр айының 19-ынан 20-сына қараған түнге сәйкес келіп отыр. Бұдан бұрын да жазғанымыздай, COVID-19 індетіне байланысты биыл Қадір түні мешіттерде атап өтілмейді, еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы жұртшылықты бұл түнді үйде қарсы алуға шақырды. Мешітте ме, үйде ме, мұсылман үшін ең бастысы — оның сауабынан құр қалмауды мақсат ету екені белгілі.

«Қадір түні» деген сөздің мағынасы «үкім түні» немесе «тағдыр түні» дегенді білдіреді. Құранда: «Осы кеште барлық хикметті істер айырылады», — деген. Яғни бұл кеште адамның алдағы тағдыры айқындалмақ, сондықтан да Алла елшісі оған үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырған. Оның өсиетінде: «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады», — деген.

Бұл түні Алланың бұйрығымен Жебірейіл мен барлық періштелер жерге түсіп, адамдардың жасаған дұғасына: «Әмин!» десіп тұрады. Қадір түніндегі дұғалар, ең алдымен, Алладан кешірім сұраудан басталады. Пайғамбарымыз өзінің сүйікті жары Айшаға бұл түнде: «Алла Тағала, сен өте кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің де күнәларымды кешіре гөр!» деп дұға етуге кеңес берген.

Бұл түні Құран оқу, хадистер оқу, құлшылық ету, әсіресе намаз оқу сауапты іс саналады. Алланың елшісі: «Кімде-кім Қадір түнінің қасиетіне сеніп, сауапқа кенелемін деген үмітпен түнін құлшылықпен өткізсе, онда оның өткен күнәлары кешіріледі», — деген.

Баршаңызға Қадір түнінің сауабын тілейміз!

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің материалдары бойынша әзірленді.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button