Экономика

Кәсіпкерлерге қаржы бөлінді

Кеше жергілікті телеарнаға берген сұхбатында өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Анар Даржанова мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан көмек пен жеңілдіктер, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы айтты.

— «Еңбек» бағдарламасы бойынша қазіргі таңда облысқа 3 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл қаржы 12 аудандағы кәсіпкерлерді қаржыландыру үшін жұмсалып жатыр. Маусым айында тағы кемінде 5 миллион теңге қаражат түседі деп жоспарлап отырмыз. Ол Ақтөбе, Хромтау аудандарындағы кәсіпкерлерге беріледі. Яғни, жалпы алғанда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 3,5 миллиард теңге көлемінде несие беріледі деген жоспар бар, — деді ол.

Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы 6 млрд 700 млн теңге көлемінде қаражат қаралмақ.

  • Жыл сайын мемлекеттен берілетін қаржы көлемі артып келеді. Мәселен, 2018 жылы біздің қор арқылы қаржыландырылатын жобаларға 4 миллиард 400 миллион теңге жұмсалса, былтыр 5 миллиард 700 миллион теңге берілді. Ал биыл 6 миллиард 700 миллион теңге көлемінде несие берілмек. Қазіргі таңда берілген 253 өтініштің 216-сы мақұлданды. Мақұлданған жобалардың жалпы құны 972 миллион теңге, — деді Гүлжанат Ерғазина.

Қор филиалы басшысы төтенше жағдай кезінде кездескен қиындықтарға қатысты кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан жеңілдіктер туралы да айтты. Оның айтуынша, қазіргі кезде несие ала алмай, алған несиесін жаба алмай жүрген кәсіпкерлер бар.

  • Еліміздегі жағдайға байланысты шаруасы тұралап, тоқтап қалған кәсіпкерлер де бар. Бүгінде несиені кейінге шегеруге қатысты өтініштер қабылданып жатыр. Қазірге дейін 196 адамнан өтініш түсті, оның 187-сі мақұлданды. Қалғаны қаралып жатыр. Кәсіпкерлерге айтарымыз: егер несиені төлеу мүмкін болмаса, өтініш жазу қажет, әйтпесе, несие тарихы бұзылады. Өтінішті онлайн режимде беруге болады, — деді ол.

Қор филиалы басшысы «Еңбек» бағдарламасының шарттары, аталған бағдарламаға енгізілген соңғы өзгерістер туралы да айтты.

Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету мәселелеріне Анар Даржанова да тоқталды:

  • Қазіргі уақытта қай салаға көбірек ауыртпашылық түсті, қай сала көбірек зардап шекті, осыған қатысты сараптама жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерлер онлайн режимде анкета толтырып, қандай қиындықтар болғанын, оны шешудің жолдары туралы ұсыныстарын айтып хабарласып жатыр. Осы сауалнамалар қорытындыланып, үкіметке тиісті ұсыныстар жолданатын болады, — деді өңірлік палата басшысы.

Сондай-ақ Анар Даржанова бүгінгі күні ірі сауда орталықтарының басшыларымен кәсіпкерлердің жалға алу төлеміне байланысты жеңілдіктер жасауға қатысты келіссөздер жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. «Бастау Бизнес» жобасы, «Қарапайым заттар экономикасы» сынды мемлекеттік бағдарламалар туралы да толық мағлұматтар берілді.

Айта кетейік, алдағы айда қаржы институттары өкілдері елді мекендерге барып, тұрғындармен кездеседі. Сол кезде мемлекеттік бағдарламаларға, жалпы кәсіпкерлік саласына қатысты барлық сұрақтарға жауап алуға болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button