Жаңалықтар

Жоспарлы жұмыстар жалғасып жатыр  

Жергілікті телеарна бағдарламасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетов әдеттегідей облыс тұрғындарының сауалдарына тікелей эфирде жауап берді. Сондай-ақ әлеуметтік желіде қойылған сұрақтар да оқылды. 

Әсет Қалиевтің айтуынша, облыста 222 адам коронавируспен ауырды, оның 15-і — бала. Емдеу нәтижесінде 147-сі жазылып, үйлеріне шықты. Стационарда ем алып жатқан 75 науқастың екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Сырттан келген адамдар саны — 56.

  • Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша біртіндеп шектеулерді жеңілдетулер көзделген болатын. Алайда аурудың өсу қарқыны 7 пайыздан жоғары болғандықтан, әзірге жеңілдетулер аясы да тарылып тұр. Індет одан әрі кеңінен таралып кетпеу үшін бақылауда ұстаймыз. Қазіргі таңда облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы уақытта короноавирусқа қарсы күресте алғы шепте жүрген қызметкерлердің жұқтырып алу оқиғалары скрининг нәтижесінде анықталып отыр. Соның есебінен науқастар саны да күрт өсті. Аурудың алдын алу үшін мұндай скринингтер алдағы уақытта да өткізілетін болады, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Ал Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, облыс көлемінде 28 жол тосқауылының қазір тек 19-ы жұмыс істеп тұр.  Ал Ақтөбе қаласында қазір 6 жол тосқауылы бар. «Бұл жердегілер кезекшілікпен жұмыс істейді. Мамандар, әсіресе, аудандардан облыс орталығына қарай жол жүретін жолаушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Себебі, әлі Ақтөбе қаласында шектеулер толық алынып тасталған жоқ. Ауыл тұрғындарына себепсіз жолға шығуға болмайтынын ескертеміз. Біріншіден, тұрғындардың өздері  зардап шегеді, жол шығыны бар әрі уақыттары босқа кетеді.

Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сүйене отырып, рұқсатсыз жолда жүруге болмайтынын тағы да еске саламын», — деді А.Саймағамбетов.

Бағдарлама барысында Әсет Қалиев өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы  биылғы жоспар туралы да айтып өтті.

  • Иә, соңғы үш айда бүкіл ресурс коронавируспен күресуге жұмылдырылды. Әрине, бұл салада басқа да жұмыстар жүріп жатыр. Былтыр «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аяқталған болатын. Биыл 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама басталды. Ақтөбе — төртінші агломерациялық орталық. Жаңа бағдарлама бойынша 2025 жылға дейін Батыс-3 аймағында 350 кереуеттік көпсалалы қалалық аурухана салынатын болады. Үкіметтің  бағдарламасына енгіздік. Республикалық бюджеттен арнайы қаражат бөлінеді. Жер телімі анықталды, — деді облыстың бас дәрігері.

Әсет Қалиевтің айтуынша, сонымен қатар екі үлкен медициналық орталықты ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Екі орталықтың бірі — Оңтүстік- Батыс аймағында облыс әкімінің қаулысымен құрылған «Ана мен бала» орталығы.  Оның құрамына 220 орындық облыстық балалар ауруханасы және құрылысы жүріп жатқан облыстық перинаталдық орталық кіреді.«Биыл жыл соңына дейін перинаталдық орталықтың құрылысы аяқталып, ескі қаладағы Алтынсарин көшесі бойында орналасқан перзентхана осы жерге көшірілетін болады. Облыстық балалар ауруханасының артында онкогематологиялық орталықтың құрылысын бастап қойған болатынбыз. Келесі жылдың бірінші тоқсанында іске қосамыз деген жоспарымыз бар. Балалар ауруханасының жанында қосымша 100 кереуеттік инфекциялық корпус салу үшін мәслихаттан депутаттардың қолдауымен 35 миллион теңге алдық. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Келесі жылы құрылыс басталады. Жалпы 640 кереуеттік «Ана мен бала» орталығы 2022 жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз», — деді Әсет Қалиев.

Облыстың бас дәрігері одан әрі екінші үлкен орталық — Қобдаға шығаберістегі ересектерге арналған Ақтөбе медициналық орталығы туралы айтты.

  • Соңғы жылдары жаңартылып, қосымша жапсырма салу арқылы 350-ді 400 кереуетке көбейтіп алдық. Қосымша диагностикалық орталық құрылысы жүріп жатыр. Сеул ұлттық университетімен бірге жұмыс жасаймыз деген келісімшартымыз жоба ретінде жүзеге асырылып жатыр. Бірге жұмыс жасаймыз деп отырмыз. Сондай-ақ, медициналық кластерді дамыту мақсатында әрі қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында позитрондық-эмиссиондық томографиямен онкологиялық ауруларды клеткалық деңгейде бастапқы сатыда анықтауға мүмкіндік алатын боламыз. Бұл жұмыстарды түріктермен бірлесіп жасағымыз келіп отыр. Бұдан басқа да бірқатар шаруалар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта қосымша санитарлық көліктер сатып алынып, көлік мәселесі де біртіндеп шешілетін болады. Сондай-ақ перинаталдық реанимобиль де алатын боламыз. Үкімет деңгейінен, облыстық әкімдіктен, депутаттар тарапынан қолдау бар, қаражат бөлініп жатыр. Мұның бәрі облыстағы медицина саласының тағы бір сатыға көтерілуіне, одан әрі дамуына мүмкіндік деп ойлаймын, — деді Әсет Әскерұлы.

Тұрғындардың кейбірі туыстарының денсаулықтарына қатысты жеке сұрақтармен хабарласты. Тағы бірі ауданнан облыс орталығына, қаладан ауданға барғысы келетіндерін айтты. Бәріне де себепсіз, арнайы рұқсатсыз жол жүруге болмайтыны тағы да қатаң ескертілді.

Басшылар тұрғындарды індеттің екіпіні басылуын тағы да біраз сабырмен күтуге шақырды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button