Жаңалықтар

Індет екпіні бәсеңдемей тұр әлі…

Жергіліктітелеарна бағдарламасында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев әдеттегідей облыс тұрғындарының сауалдарына тікелей эфирде жауап берді. Сондай-ақ әлеуметтік желіде қойылған сұрақтар да оқылды. 

Әуелі Нұрсұлу Беркімбаева облыстағы эпидемиологиялық ахуалға қатысты ақпарат берді.

— 17 мамырдағы мәліметке сүйенсек, облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 222 науқас тіркеліп отыр. Өткен аптада аурудың таралуы 7 пайыздан жоғарылап кетті. Соған байланысты 18 мамырдан бастап жұмыс істеуге дайындалған кейбір мекемелер әлі де болса, жұқпалы аурудың екпінінің бәсеңдеуін күте тұруға тура келіп отыр. Әзірге тек балаларға арналған түзету кабинеттері мен оқыту орталықтарына сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс жасауға рұқсат етіледі. Онда да келушілер саны он адамнан аспауға тиіс. Сондай-ақ санитарлық талаптар қатаң сақталуы шарт. Фильтр кабинеті болуы керек. Егер баланың дене қызуы көтеріліп тұрса, қабылдамауға тиіс. 18-інен бастап мәдениет қызметкерлері де жұмыстарына қосыла алады. Алайда концерт немесе үлкен жиындар өткізуге рұқсат жоқ. Сондай-ақ кафелер мен мейрамханалар сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істей алады, онда да келушілер саны 30 адамнан аспауы қатаң сақталуға тиіс. 11 мамырдан бастап шаштараздар мен сұлулық салондарына алдын ала жазылу бойынша жұмыс істеуге рұқсат бердік. Олар да санитарлық-дезинфекциялық талаптарды орындаулары керек. Ақтөбе қаласында карантин режимі әлі сақталып тұр. Сондықтан да тұрғындар алдын алу шараларын сақтауларын сұраймыз, маска тағып, медициналық қолғап киіп, әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтағандары абзал. Бұл ең әуелі өз денсаулықтарыңыз үшін, сосын жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін керек, — деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Н.Беркімбаева. Сондай-ақ қала тұрғыны қойған сауалға: «Халық арасында коронавирус ауруын жоқ деп ойлайтындар бар. Ауру болмаса, әлемді жайлаған пандемия болмайтын еді. Індетпен бүкіл әлем боп күресіп жатыр қазір. Немқұрайлылық танытпай, керісінше, ауруды жұқтырып алмауды ойлап, алдын алу шараларын сақтағандары жөн деп есептеймін», — деп жауап берді.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев шетелде коронавирус инфекциясы жануарлардан да шығып жатқанын интернет арқылы біліп отырғанын, біздің елімізде ондай дерек тіркелмегенін айтып берді. Одан әрі Кеңес Қанатбаев:

— Қазіргі таңда облыста 13 ветеринарлық станса, 137 ветеринарлық пункт жұмыс істеп тұр. Пункттерде малдың санына байланысты 3-5 маманға дейін жұмыс жасайды. Мамандар жоспарлы жұмыстар атқарады. Қазірде облыста 11 аса қауіпті ауруға қатыстыекпе жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақбруцуллез сияқты 27 ауруға қатысты диагностикалық іс-шаралар жүргізілуде. Қаңғыбас иттерді аулау да осы ветеринарлық станса мамандарының жұмысы,  — деді облыстағы ветеринария саласының қазіргі тынысы туралы айтып.

Тұрғындардың бірі «Дина» гипермаркетінде адам қарасы көп екенін айтса, тағы бірі Қалдаяқов көшесіндегі шағын базардың қашан ашылатынын сұрады. Сауал қойғандарға «Дина» басшылығына ескерту жасалатыны, ал шағын базардың ашылуы үшін жұқпалы ауру екпінінің бәсеңдеуін күту қажет екені айтылды.

Басқарма басшылары әлі де болса өңірде індет қаупі сейілмей тұрғанын ескертіп, тұрғындарды сабырға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button