Басты жаңалықтар

Облыс әкімі Әйтеке би, Хромтау аудандарында болды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ең алдымен, Әйтеке би ауданы Жамбыл ауылдық округіндегі «Жамбыл-С» және «Ай-Ауылым» шаруашылықтарының көктемгі егіс жұмыстарымен танысты.

Арпа, бидай өсірумен айналысатын қос қожалық та биыл егіс көлемін арттырған. «Жамбыл-С» ЖШС 3423 гектар жердің 3048 гектарына бидай, 375 гектарына арпа еккен. Егіншілер  жоғары агротехнологиялық талаптарға сай, жоғары сапалы тұқым пайдалануда. Өсімдік зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізген. Серіктестікте 24 трактор, 11 комбайн, 5 жүк автокөлігі  және машина-трактор шеберханасы, механикаландырылған астық тазалау қондырғылары, астық қоймалары бар. Онымен қоса ауыл тұрғындарының жеке малдарын ұстауға жемшөптен жәрдем береді. 25 азамат жұмыс жасайды.

«Ай-Ауылым» ЖШС 8439 гектарға бидай, 500 гектарға арпа егуде. Серіктестік ауыл шаруашылығы техникаларын  жаңартқан. 8 трактор, 6 комбайн, 3 егіс кешені, 3 жүк автокөліктері және ауыл шаруашылығы техникалары ауласымен қамтылған. Мұнда 16 ауыл тұрғыны жұмыс істейді.

Көктемгі далалық жұмыстарға қолдау көрсету мақсатында 15 кәсіпкерге 631 миллион теңге несие берілген. Бұдан соң облыс басшысы Сарықопа, Құмқұдық ауылдық округтерінде болды.

Сарықопадағы жылқы өсірумен  және қымыз өндірумен айналысатын «Томирис» агроөнеркәсіп кешені жұмысымен танысты. 2016  жылы ашылған қожалықта  550 жылқы бар. Қазіргі күнде 35 бие сауылуда. Жер көлемі 39626 гектар болса, жайылымды жері 39532 гектар. «Томирис» агроөнеркәсіп кешенінде қымыз өндіру цехы жұмыс жасауда, сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 50 сүтті бағыттағы  ірі қара малын несиеге алып, сүт өнімдерін өңдеу цехын іске қосуды жоспарлап отыр.

Құмқұдық ауылдық округіндегі егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысатын «Құмқұдық» ЖШС-ның  жалпы жер көлемі — 73084 гектар. Егіс алқабы 25183 гектар құрайды. Жайылым жер көлемі — 38653 гектар. Шаруашылық  биыл 14612 га бидай, 542 га арпа, 611 га сұлы, 1209 га құмай (жүгері) отырғызған.

Шаруашылықта 666 асылтұқымды ірі қара мал және 360 жылқы бар.

Серіктестікте 32 трактор, 20 комбайн және 6 егіс кешені, 15 жүк және жеңіл автокөліктері, сондай-ақ машина-трактор шеберханасы жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда 1000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысы жүріп жатыр.

Облыс басшысы аудандағы шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті. Кездесу барысында аудан әкімі Дархан Ермағанбетовке ауылшаруашылық саласын дамыту  мақсатында шаруа қожалықтарына жан-жақты қолдау көрсетіп, өнім көлемін арттыру қажеттігін тапсырды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан  ел экономикасының келешектегі құрылымына жаңа көзқарас қажет екенін айтып, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету сияқты басты салаларының рөлін айқындау керектігін міндеттеді. Облыста ауыл шаруашылығын дамыту әрі өнім көлемін арттыру мақсатында тиісті шаралар қолға алынуда», — деді Оңдасын Оразалин.

Әйтеке би ауданында ауылшаруашылық саласынан өзге экономикалық көрсеткіштер де дамып келеді. Биыл Ақкөл, Сарат, Сұлукөл, Аралтоғай, Ақтасты елді мекендерінде жылу желілерінің құрылысы басталады. «Таза ауызсу» жобасы аясында  2,2 миллиард теңгеге жұмыстар жүргізіліп, тұрғындардың 90 пайызы таза ауызсумен қамтылады.

Облыс басшысы сондай-ақ  Хромтау ауданы Дөң ауылдық округінде мал өсірумен, егіншілікпен айналысатын «Данияр» шаруа қожалығының көктемгі-далалық жұмыстарының барысымен танысты. Қожалық алғаш 2018 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 1000 қой сатып алған. 2019 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 27 миллион теңгеге 700 қой алған. Биыл 2500 гектар жерге арпа, бидай егуде.

Облыс әкімі бұдан соң Хромтау қаласының әлеуметтік-экономикалық даму барысын қарады. Аудан әкімі Нағымжан Алдияров жол жөндеу, құрылыс жұмыстарымен таныстырды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы- 2020» аясында №2 Хромтау гимназиясына ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ осы бағдарлама аясында М.Әуезов көшесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Хромтау қаласында жалпы ұзындығы 62,8 км құрайтын 88 көше бар, соның ішінде 80 көшеге асфальт жабындысы төселген. Биыл қалада «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 20 көшенің автомобиль жолдары қайта жаңартудан өткізіледі, жалпы ұзындығы 7,5 км және жаңа шағын аудан —  22-кварталдың  6 көшесіне жалпы ұзындығы 2,9 км автомобиль жолдары құрылысы жүргізіледі.

Әуезов көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлердің қасбетіне әрлендіру жұмыстары жүргізіліп, балкондары жаңартылуда. Қаланың көшелеріне жаңа үлгідегі 400қоқыс жәшігі, 30 дана евроконтейнер орналастырылған. Ресей Федерациясынан жеткізілген қоқыс жәшіктерінің құны 38 миллион теңге құрады. Ал жер астына орнатылған қоқыс жәшіктерінің  құны — 12 миллион 348 мың теңге. Аталған игі бастама облыс әкімдігі мен ERG компаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асты. Меморандум шеңберінде қоқыс шығаруға арналған 2 арнайы техника алу көзделген. Хромтау қаласында қоқыс жәшіктерінен өзге, көше бойларына заман талабына сай жасалған аялдамалар бой көтеруде. Қала келбетіне көрік беретін жаңа аялдамалар 4 жерге орнатылмақшы.

Облыс басшысы Самара-Шымкент халықаралық тасжолы бойындағы кемпинг жұмысымен танысты. «Шерхан» ЖШС кемпингі карантинге байланысты жолаушыларды қабылдауды уақытша  тоқтатқан.  Жолаушыларға  қызмет көрсету кешені «В» категориялы 150 орындық кафе және 84 орындық қонақүй, 100 орындық моншадан тұрады. 100 жүк көлігіне арналған автотұрағы бар.

Облыс әкімі ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, Нағымжан Алдияровқа әлеуметтік-экономикалық бағыттарды одан әрі дамыта беру қажеттігін тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button