Жаңалықтар

Көмек пен қолдау

Облыста қазіргі қиын жағдайға байланысты халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету, шағын және орта бизнесті қолдау секілді мәселелерге бірінші кезекте көңіл бөлінуде. Жергілікті телеарнада өткен тікелей эфирде облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров, ҚР Ұлттық Банктің облыстық филиалының директоры Перизат Әсімбетова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Ақтөбе қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Жанар Айтбай осы және өзге де мәселелер бойынша тұрғындардың сауалдарына жауап берді.  

Елде төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілгеннен кейін шағын және орта кәсіпкерліктердің жұмысы уақытша тоқтады. Алдағы уақытта олар қиындықтарды бастан өткеруі мүмкін. Сондықтан мемлекет тарапынан шағын кәсіпкерліктерге қолдау көрсетіледі. Руслан Хамбаров қазіргі күні облыста дағдарыстың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына 46 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы нақты жобаларға жұмсалады.

Ұлттық Банктің облыстық филиалының директоры Перизат Әсімбетованың айтуынша, өңірде екінші деңгейдегі 17 банк жұмыс жасайды. Олардың 74 бөлімшесі бар. Оның ішінде 15 бөлімше аудандарда халыққа қызмет көрсетеді. Төтенше жағдай кезінде банктердің жұмыс кестесі өзгерді. Онлайн қызмет көрсетті. 11 мамырдан бастап қана бірқатары бұрынғыша іске кіріскен. Банк қызметкерлерінің барлығы санитарлық талапқа сай қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ Ұлттық Банк 25 наурызда Жеңістің 75 жылдығына байланысты күміс және мелхер монета шығарған. Төтенше жағдайға байланысты әлі сатылымға шықпаған. Сатуға рұқсат берілген кезде көпшілікке хабарланады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Ақтөбе қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Жанар Айтбай да басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның ішінде облыс «7-20-25» бағдарламасы негізінде тұрғындарды баспанамен қамтуда республикада үшінші орын алады. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша да пәтерге қол жеткізгендер көп. Қазіргі күні осы бағдарламалар арқылы баспана алу үшін жеңілдіктер қарастырылған.

Тікелей эфирде тұрғындар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Басшылар барлық сұраққа жауап берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button