Басты жаңалықтар

Әскерилерді марапаттады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Құрашасай әскери базасында болып, төтенше жағдай кезінде әскер қатарында болған азаматтармен кездесті.

Аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, подполковник Әбдірахман Сәукенов облыс басшысына әскер қатарына шақырылған 162әскери міндеттінің атқарған жұмысын баяндады. Әскери бөлім базасының жеке құрамы патрульдеу және дезинфекциялау топтарына бөлініп, қоғамдық орындарда адамдардың жиналмауын қадағалау, қала көшелерін, аулаларды, балалар ойын алаңдарын дезинфекциялаумен айналысқан. Сонымен қатар еріктілерден құралған үшінші топ инфекция ошақтары анықталған үйлерді залалсыздандырған.

Кездесу барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин №99235, №30238 әскери бөлімдерінің, Әуе қорғаныс күштері әскери институты, Ақтөбе гарнизонының әскери полиция бөлімінің қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ 5 адамғасержант әскери шенін тапсырды.

— Сіздер отандастарыңыздың, жерлестеріңіздің алдындағы борыштарыңызға адал болдыңыздар. Араларыңызда өзіне қол салмақ болған жандарды құтқарып қалған ержүрек жігіттер де, індет ошағын залалсыздандыру жұмысында батылдық көрсетіп,ортадан суырылып шыққан азаматтар да бар. Міне, осындай азаматтар — бүгінгі күннің шынайы батырлары, кең-байтақ жерімізді жанқиярлықпен қорғап қалған батыр бабаларымыздың ұрпағы, — деді О.Оразалин.

Сөзінің соңында облыс әкімі жауапты тұлғаларға әскерилердің еңбекақысын ыждағаттап берілуін тапсырды.

Айта кету керек, әскери бөлімнің жеке құрамы жұмыстарын аяқтаған соң, медициналық тексеруден өтті. Олар COVID-19 коронавирус инфекциясына сараптау-тестілерін тапсырған. Нәтижесінде барлық тест сынақтары теріс нәтиже көрсетті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button