Жаңалықтар

Құрылыс нысандарын аралады

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин Ақтөбедегі құрылыс нысандарын аралады. Ол алдымен Кен көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын көрді. Ағайынды Жұбановтар көшесінен Сәңкібай батыр даңғылына дейінгі ұзындығы 710 метрді құрайтын жол құрылысы тамыз айында аяқталады.

Бұдан соң облыс әкімі «Астана» саябағында орналасқан «Aktobe trihatlon park» құрылыс жұмыстарымен танысты. Жобалық құны 450 миллион теңге құрайтын ашық аспан астындағы демалыс және спорт алаңының құрылысы мамыр айында басталды. Ол алдағы қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде. Облыс басшысы мердігер мекеменің басшысына жұмысты сапалы әрі заман талабына сай атқаруды тапсырды.

Содан кейін Оңдасын Оразалин 11-шағын аудандағы №19 үйдің ауласын абаттандыру және сол ауладағы мектепке дейінгі мекеме — №7 «Арман» гимназиясында басталатын күрделі жөндеу жұмысының жоспарларын қарады. Абаттандыру жұмысы 15 мамырда басталып, маусым айында аяқталады. Көлемі 18х30 м болатын футбол алаңшасы, көлік тұрағы салынады. Облыс басшысы осындай аулаларға орналастырылған қала келбетін бұзатын әрі заңсыз орналасқан дүңгіршектерден арылу қажеттігін айтты. 280 орынға арналған мектепке дейінгі мекемеге де күрделі жөндеу жұмысы басталуға әзір. Салынғанына 34 жыл болған ғимаратқа соңғы рет 2013 жылы жөндеу жүргізілген. Жалпы Ақтөбе қаласы бойынша білім беру ұйымдарына биыл 21 нысанға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында республикалық бюджеттен 2 160 715,8 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады, оған 300-ге жуық жергілікті азамат жұмысқа тартылады.

Облыс басшысы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында бой көтеріп жатқан 900 орындық орта мектеп пен 3 және 9 қабатты үйлердің құрылысымен танысты. Мектепті салуға 1миллиард 641 миллион теңгеден астам қаржы қаралған. 2019 жылы басталған жұмыс келесі жылы аяқталады. Облыс әкімі мердігер компанияларға 3 қабатты 36 пәтерлі тұрғын үйді шілде айында аяқтап, баспана кезегіндегі азаматтарға тез арада пайдалануға беру керектігін айтты.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровқа жүргізіліп жатқан барлық құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында берілуін қадағалауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button