Жаңалықтар

22 мыңға жуық жұмыс орны құрылуға тиіс

Сейсенбі күні облыстық телеарнаның бағдарламасында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай тікелей эфирге шығып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Әуелі өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталған Мейрамбек Шермағамбет төтенше жағдай кезінде халыққа көрсетілген әлеуметтік қолдаулар тұрғысында да айтып өтті.

— Бүгінгі күні 100 мыңнан астам облыс тұрғынына 15 санат бойынша 2 миллиард теңгеге жуық әлеуметтік көмек қарастырылды. Атап айтар болсақ, республикалық бюджеттен бөлінген 287 миллион теңге көлеміндегі қаражат 7 санат бойынша 5567 мың теңгеден 43 мыңнан астам адамға берілсе, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жергілікті бюджеттен 900 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, 39 мыңдай адам 20 мың теңгеден алды. Сонымен қатар Nur Otan партиясы тарапынан «Бізбіргеміз» қоры арқылы 922 миллион теңге бөлініп, 19 мыңға тарта ақтөбелікке 50 мың теңгеденберілді. Сондай-ақ #Bizbirgemiz акциясы аясында әлеуметтік осал топтағы отбасыларға демеушілер тарапынан қолдаулар көрсетіліп жатыр, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Тікелей эфир барысында өзінің жұмыссыз екендігін айтып хабарласқан тұрғындар мен бүгінгі таңда коммуналдық төлем ретінде беріліп жатқан 15 мың теңгенің кімге тиесілі екендігін сұрап қоңырау шалғандарға Бұлбұл Елеусінова жауап берді. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша 22 мыңға тарта жұмыс орнын құру туралы тапсырма тұр. Оған мемлекет тарапынан қаражат бөлінген. Басқарма басшысының айтуынша, қаланы абаттандыру, қала көшелерін тазарту бойынша жұмысшылар қажет-ақ. Ал оларға төленетін ай сайынғы еңбекақы 85 мың теңгеге дейін көтеріліпті.

Коммуналдық төлемдер бойынша сұрақ қойғандарға:

— Республикалық бюджеттен бұл қаражат бөлінді. 7 санат бойынша төленетін болады. Атап айтсақ, олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған теңестірілгендер, 1,2,3-топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар,көпбалалы, сонымен қатар атаулы көмек алатын отбасылар мен ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер және мемлекеттік қызмет бабын орындау барысында апатқа ұшыраған азаматтардың отбасылары алады, — деді басқарма басшысы.

Ал тікелей эфирде азық-түлік пен еттің бағасының өсуіне қатысты қойылған сұрақтарға:

— Біздің басқарма облыстағы барлық азық-түлік тауарларының мониторингін жасап отырмыз. Өнім көлемі жеткілікті. Жалпы бізде 32 түрлі азық-түлік болатын болса, соның 26-сын өзімізде өндіреміз. Ал қалған алтауын сырттан әкелеміз. Сүт, шұжық, жұмыртқа өнімдері күнделікті өндірілуде. 11 мамырға дейін 9 түрлі өнімге бағаларды шектеу қойылған болатын. Алайда қазір ол бұйрық күшін жойды. Бірақ арнайы құрылған мониторингтік топ күн сайын бақылап отыр. Қала бойынша ет сататын 63 дүкен бар. Біз барынша бақылауда ұстап отырмыз. Еттің бағасы тұрақты, — деп жауап берді Құсайын Сәрсембай.

Бағдарлама барысында басқа да мәселелер жөнінде айтылды. Облыс әкімінің орынбасары мен басқарма басшылары тұрғындар тарапынан қойылған әрбір сұраққа нақты жауап берді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button