Жаңалықтар

Ақтөбеде 100 мың адам тұратын жаңа аудан пайда болады

Ақтөбе қаласының Бас жоспарына сәйкес, шаһардың оңтүстік-батыс аумағында Батыс-3 көпқабатты тұрғын үй массиві бой көтереді. Жалпы ауданы 863 гектар аумақты қамтитын жаңа ауданның жоспары әзірленген. Бұл туралы кеше Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе қаласының дамуы, мәселелер және оны шешу жолдары» тақырыбында журналистерге өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

2015 жылы Үкіметтің қаулысы бойынша Ақтөбе қаласының Бас жоспары бекітілген болатын. Қаланың орталық, ескі бөліктерімен қоса, Батыс-1, Батыс-2, оның алдында «Нұр Ақтөбе» сияқты жаңадан пайда болған аудандарымыз бар. Осындай жаңа тұрғын үй массивтерінде 100 мыңнан астам халық тұрады. Қазіргі күні біз жаңа ауданның жоспарын дайындадық. Бұл — Батыс-3 ауданы. Жобалық аумақтың жалпы ауданы — 863 гектар. Бүгінгі таңда бұл аумаққа коммуналдық желілер жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді. Енді «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Батыс-3 ауданынан коммуникациялық желі тарту үшін кәсіпорындардан тапсырыс қабылданатын болады, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

Оның айтуынша, Батыс-3 ауданында көпшілік мәдени іс-шаралар өткізетін нысандар бой көтермек. Сонымен қатар жобада ірі қоғамдық орталықтардың құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, ойын-сауық, сауда орталықтарымен қоса, әкімшілік-іскерлік орталық, конгресс-холл, қонақүй кешендері, орталық музей, шығыс коммерциялық нысандарымен бірге шығармашылық орталықтар бой көтермек. Ең бастысы, жаңа ауданда 2470 мың шаршы метрлік тұрғын үй салынады.

Батыс-3 ауданындағы жобалардың жалпы құны — 295 миллиард теңге. Жоспарға сәйкес, бұл ауданда 100 мың адам тұратын тұрғын үй құрылысы бой көтермек. Осындай жобаларды біз алдағы он жылдың шамасында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Тұрғын үйлерден бөлек, бұл жерде емханалар, мектептер, балабақшалар, кітапханалар, спорт кешендері сияқты 41 әлеуметтік нысан тұрғызылады, — деді А.Шахаров.

Баспасөз мәслихаты кезінде Асхат Шахаров Ақтөбе қаласын көркейту, абаттандыру, көгалдандыру, жол құрылысы, сондай-ақ экологиялық мәселені оңтайлы шешу ісіне қатысты атқарылып жатқан, болашақта қолға алынатын шаруалар турасында да баяндады.

Ол үлкен экраннан қаланың орталық және ескі бөліктерімен қатар, Тұрғындар қалашығы аудандарында, сондай-ақ 101-атқыштар бигадасы көшесін абаттандыруға қатысты жобаның таныстырылымын жасады. Бүгінгі күні 101-атқыштар бригадасы көшесін жаңғырту бойынша жұмыстар басталған.Қала әкімінің айтуынша, жоба аясында көпқабатты үйлерге жапсарлас салынған кәсіпкерлік нысандарына ерекше мән беріледі. Бұл жоба толық жүзеге асқанда 101-атқыштар бригадасы көшесінің бірыңғай көркемдік сәулет стилі қаланың дамуына оң әсер бермек. Яғни бұл көшеде Арбат құрылысы басталады. А.Шахаровтың айтуынша, алдағы уақытта кешкі сағат 20.00-ден бастап 101-атқыштар бригадасы көшесімен көлік қозғалысының жүруі тоқтатылып, бұл аумақ тұрғындардың кешкілік мезгілде тынығатын мекеніне айналмақ.

Жыл сайын нақты белгіленген аудандарда абаттандыру жұмыстары толық көлемде жүргізіліп жатыр. Суағарлар салу, көпқабатты тұрғын үйлерді абаттандыру мәселесі де қолға алынады, яғни аулаларға асфальт төселеді, ойын, спорт алаңдары салынады, контейнерлер, орындықтар қойылып, түнгі шамдар орнатылады және жасыл желекті көптеп егу жоспары бар, — деді шаhар басшысы.

Баспасөз мәслихаты кезінде Асхат Шахаров қаланың дамуымен қатар, мұндағы проблемаларды шешу бағытында атқарылып жатқан мәселелерге де тоқталды.

(Материалдың толық нұсқасын газетіміздің

алдағы санынан оқи аласыздар).

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button