Басты жаңалықтар

Мекемеңіз санитарлық талаптарға сай жұмыс жасап тұр ма?

Сәрсенбі күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов бастаған мониторингтік топ «Нұр Ақтөбе» ауданындағы «Анвар», «Дина» супермаркеттерімен үйлердің ауласында орналасқан дүңгіршектер мен шаштараздардың санитарлық жағдайын бақылады. Сондай-ақ Алматы ауданы әкімдігі ғимаратында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Нұрақтөбеліктерге сағат 10.00 мен 20.00 аралығындақызмет көрсетіп тұрған«Анвар», «Дина» супермаркеттері жұмысын арнайы тәртіп бойынша жүргізіп жатыр. Екі сауда желісінің де алдына арнайы залалсыздандыру құрылғысы орнатылып, кіреберісіне антисептиктер қойылған. Түгелдей бетперде режиміне көшкен супермаркеттерде тазалық, залалсыздандыру жұмыстары күнделікті белгіленген уақыт бойынша жүргізіліп тұрады.Супермакерттердегі  тәртіпті бақылаған Нұржауған Қалауов сауда желілерінің директорларына кассадағы кезекті бақылап, тұтынушылардың арақашықтығын сақтауын және келушілердің барлығынан бетпердемен келулерін талап ету қажеттігін айтты.

Бұдан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған топ «Нұр Ақтөбедегі» көпқабатты үйлердің алаңына қойылған дүңгіршектердің санитарлық жағдайын көрді.

Алдымен қасбетінде «Шағын маркет 21» деп жазылған шағын маркеттің ішіне кірді. Кассада тұрған сатушы бетпердесін иегіне түсіріп қойыпты. Ал маркетке кезексіз кіріп жатқандардың дені — бетпердесіз. Ал шағын маркеттің жанында орналасқан донер, пицца әзірлейтін дүңгіршек те ешқандай талапты сақтамаған. Санитарлық талаптар мен тәртіпті түсіндірген мониторингтік топ өкілдеріне: «Мен бұл жердің иесі емеспін, ештеңеге жауап бере алмаймын», — деп жауап қайырды кассада тұрған келіншек. Ешқандай санитарлық талаптар сақталмаған орынды топ өкілдері тіркеп алды. Суреттер мен бейнежазбасын қосып тиісті мекемеге жолдайтын болады. Сонымен қатар топ өкілдері «Әйгерім» шаштаразында болды. Қызмет алушыларды алдын ала жазып алып, қабылдап жатқан шаштаразда барлық талаптар сақталған. Ешқандай адам нөпірі жоқ.

Мониторингтік топ Алматы ауданы әкімдігі ғимаратында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты.12 мамырдан бастап іске қосылған орталық тұрғындарды электронды кезек бойынша қабылдап жатыр. Кешеден бері күніне 200-ден астам адамға қызмет көрсеткен орталықта барлық санитарлық талаптар сақталған. Тұрғындарды қызметтің барлық түрі бойынша қабылдап жатыр. Сонымен қатар «Нұр Ақтөбедегі» №60 мектеп ғимараты мен «Геолог» мәдениет үйінде, «Дина» супермаркетінде өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ашылған.

— Облыс әкімдігі жанынан карантин режимін сақтау жөніндегі топ құрылған болатын. Әр топты облыс әкімінің  орынбасарлары басқарады. Олар күн сайын кезең-кезеңімен рұқсат етілген нысандардың жұмысындағы тәртіптің орындалуын қадағалайды. Қызметтерін қайта жалғастырып, ашуға рұқсат алған мекемелер өзіне міндеттемелер алған болатын. Біздің топ сол міндеттемелердің орындалуын қадағалайды.Егер орындалмаған жағдайда оларды жабуға дейін шаралар қабылданатын болады.Мониторинг жұмысы бір аптадан бері жүріп жатыр. Бастапқы кезде олқылықтар анықталып, санитарлық талаптар бұзылған мекемелерге ескерту түрінде шара қолданып жатырмыз. Көпшілік мекемелер ескертуден соң, талаптарды орындап жатыр. Бастысы, талаптарды дер кезінде орындаса үлкен шаралар қолданылмайды, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button