Жаңалықтар

Карантин талаптарын сақтамаған кәсіпкерлерге ескерту жасалды 

Кеше облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов бастаған арнаулы топ өкілдері Ақтөбе қаласындағы бірнеше кәсіпкерлік нысанын аралады. Рейд барысында сақтық шараларын өз деңгейінде орындамағандарға ескерту жасалды. Оларға төтенше жағдай аяқталғанымен, қауіптің әлі бары баса айтылды.

11-шағын аудандағы халыққа қызмет ету нысандарын тексергендердің қатарында облыстық кәсіпкерлік басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы,сондай-ақтауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары бар.

— Қауіптің әлі сейілмегенін ұмытпау керек. Кейбір шектеу шаралары алынды екен деп босаңсуға болмайды. Оның үстіне дәрігерлер соңғы күндері коронавирус жұқтырып, арнайы есепке алынғандардың бұрынғыдай ешқандай белгісі байқалмайтынын анықтап жатыр. Бұны скринингтік тексерістердің нәтижесінде біліп отырмыз. Яғни науқастар медициналық тексерістен өтпейінше, өздерінің аталған кеселге шалдыққанын білмеуі мүмкін. Аурудың алдын алу үшін ғимараттарда, қоғамдық көліктерде адамдар медициналық маска киіп, барлық гигиеналық талаптарды орындауы тиіс. Кәсіпкерлік нысандары да келушілердің бетпердемен ғана кіруін қадағалап, антисептиктермен, дезинфекциялық заттармен қамтылуы қажет. Өйткені коронавирус — жұқпалы дерт.

Қазіргі таңда сақтық шараларының оңды әсері бар. Мәртөктен басқа аудандарда эпидемиологиялық жағдай көңіл көншітерлік. Қалада да ахуал тұрақты. Бірақ бәрібір тәртіпке бағынып, карантин режиміндегі талаптарды бұлжытпай орындау қажет. Бүгінгі рейд те сол мақсатта ұйымдастырылып отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Арнаулы топ, алдымен, аяқкиім сататын дүкенге барды. Мамандар бірден мұнда келушілердің бетпердесіз жүргенін, кіреберісте дезинфекциялық кілемшенің жоқтығын көріп, сатушыларға ескерту жасады. Адамдардың шектен тыс көптігі және бар. Бұның барлығы ережеге қайшы. Ал нысанның жанында орналасқан дәріханада жағдай керісінше: талаптар толығымен сақталған екен. Кәсіпкерлік нысанының иесіне жұмысты осы қарқында жалғастыра беру тапсырылды. Сол сияқты отбасылық киімдер сататын тағы бір дүкенде азын-аулақ кемшіліктердің бары белгілі болды. Бұларға да тез арада жағдайды дұрыстау жөнінде ескерту жасалды.

Осы орайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалының директоры Анар Даржанованың айтуынша, 11 мамырдан бері облыста бір топ кәсіпкер өз жұмысын қайта жалғастыруға мүмкіндік алған. Бұл бизнестің 5 бағытын қамтиды. Соның ішінде қонақүй, кемпингтер, моншалар бар. Барлығы — 2 мың кәсіпкерлік субъектісі. Егер коронавирус жұқтырғандардың саны артпаса, алдағы уақытта басқа да кәсіпкерлік салалары қызметіне қайта кіріспек. Ол үшін, әрине, қажетті талаптар сақталуы керек.

Рейдке қатысқан тағы бір маман — облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Мейрамгүл Елеуова елде төтенше жағдай аяқталған соң тәртіп бұзған кәсіпкерлерге бірден айыппұлдың салынбайтынын айтады. Бірақ бұл олар жауапкершіліктен құтылады деген сөз емес.

— Төтенше жағдай кезінде карантин талаптарын бұзған 95 кәсіпкерге әкімшілік айыппұл салдық. Бірақ дәл қазір олай бірден жауапқа тартуға құқығымыз жоқ. Себебі елде тек карантин режимі сақталып отыр, жағдай бұрынғыдай емес. Дегенмен бүгінгідей рейд барысында ескерту беріп жатырмыз. Егер келесі келгенде заңбұзушылық тағы анықталса, нысанды жауып тастауға дейін құзыретіміз бар. Мысалы, бүгін 2 кәсіпкерлік субъектісіне, кеше 3-іне ескерту жасалды, — деді М.Елеуова.

Айта кетейік, облыста 59 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Карантин режимінде олардың бетперде кимеген тұрғындарды өздері басшылық ететін нысанға кіргізбеуге құқы бар.

Айбек  СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button