Экономика

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жүйелі жүргізілуде

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысты.

Жиында облыстағы құрылыс, жолдар және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының  жүргізілуіне қатысты екі мәселе талқыланды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың мәлімдеуінше, аймақта «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына 46 миллиард теңге бөлінген. Ол қаражаттың 38,3 миллиард теңгесіне 210 жоба іске асырылып, 9 мың 348 жұмыс орны құрылды. Бұл жобалар құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жол саласына қатысты. Құрылыс саласындағы 39 жобаның 38-нің конкурстық рәсімдері аяқталып, 24 жобаның жұмысы басталып кеткен. Ал жолдар бойынша облыстық, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын, көше желілерін жөндеу жұмыстарына 20,6 миллиард теңге бөлінген. 128 жобаны жүзеге асыру жоспарда тұр.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарының құрылысы, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта құру және елді мекендерді абаттандыру бойынша бөлінген 7 миллиард 401,4 миллион теңгеге 43 жоба іске асырылады. 1 623 жұмыс орны құрылады.

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин бірінші орынбасарына аталған жобаларды уақытында жүзеге асыруды және құрылыс материалдарын пайдалануда отандық өнімдерге басымдық беру қажеттігін айтты. Сондай-ақ Нұржауған Қалауовқа  осы мәселелердің жүзеге асырылуын үнемі қадағалап отыруды тапсырды.

Өңірде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының  жүргізілуіне тоқталған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет облыстағы атқарылған жұмыстарды  халыққа жеткізу ресми тіркелген 55 БАҚ пен республикалық ақпарат құралдарының меншікті тілшілері, негізгі әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылып жатқандығын айтты.

Төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері 110 тікелей эфир мен 67 брифинг ұйымдастырылған. Карантин режимі аяқталғанмен, ақпараттандыру жұмыстары жалғасады.

Мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған сәуір айындағы  материалдардың мониторинг нәтижесінде QR код, рұқсатнама алу мәселесі – 19,5%, қоғамдық көлік қызметтері – 13%, әлеуметтік көмек мәселесі – 12,5%, бау-бақша – 9,5%, азық-түлік, тауарлар сапасы – 8%, құқықбұзушылықтар 7,8% құрады. Денсаулық сақтау саласы, эпидемиологиялық жағдай – 7,1%, қоқыс шығару мәселесі, санитарлық тазалық – 5%, басқа да тұрмыстық мәселелер 14,6%көрсеткен.

Облыс басшысы орынбасарлары мен облыстық басқармалар, департаменттер басшыларына, Ақтөбе қаласы және аудандардың әкімдеріне халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырды. Тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарды топтастырып, инфографикалық кестелер арқылы үнемі жауап беруді, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирлерді ұйымдастыруды тапсырды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button