Экономика

Шаруашылық, кәсіпкерлік һәм мемлекеттік бағдарламалар

Облыстық телеарнаның бағдарламасында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Ақтөбе филиалының директоры Берік Нұрғалиевтер сұхбат берді. Бағдарламада қаладағы шаруашылық жайы мен карантин талаптарының жеңілдетуіне байланысты кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын қалпына келтіру, мемлекеттік бағдарламалар туралы айтылды.

Анар Даржанованың айтуынша,карантин режимін жеңілдетудің үшінші кезеңі — 11 мамырдан бастап қонақүйлер, хостелдер, жол бойындағы кемпингтер, моншалар, сауналардың қызмет етуіне рұқсат берді.

— 11 мамырдан бастап 2 мыңнан астам кәсіпкердің жұмысы жанданды. Осыған байланысты үшінші кезең басталмас бұрын кәсіпкерлер арасында тиісті жұмыстар жүргізілді, санитарлық талаптарға сай-сай еместігін анықтау үшін мониторинг жүргізілді. Егер облыс бойынша коронавирусқа шалдығу қарқыны 5 пайыздан аспайтын болса, келесі кезең 18 мамырдан басталады. Егер бұған дейін шаштараздар мен сұлулық салондарында тек шаш қию қызметіне ғана рұқсат етілсе, келесі кезеңде салондардағы барлық қызметтерге рұқсат берілетін болады. Сондай-ақ балаларды дамыту орталықтары да жұмыстарын бастап, ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін өткізуге мүмкіндік беріледі. Келесі кезеңде сонымен бірге аумағы 2 мың шаршы метрден аспайтын азық-түлік бағыттағы емес сауда орындары да жұмысын жалғастыруы мүмкін. Барлық кәсіпкерлік нысандары белгіленген алгоритм бойынша санитарлық талаптарды сақтауға міндетті, — деді А.Даржанова.

Бағдарлама барысында палата басшысына тұрғындар тарапынан да бірқатар сұрақ қойылды. Телефон шалған кәсіпкерлердің бірі мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие алғанын, қазіргі кезде еш кіріс жоқтығын, несиені өтеуге қатысты мемлекеттен қандай көмек берілетінін сұрады.

—  Төтенше жағдай кезінде көптеген кәсіпкерлердің жұмысы тұрып қалды. Соған байланысты ұлттық кәсіпкерлер палатасы тиісті министрлікпен келіссөздер жүргізіп, мәселе Үкімет деңгейінде қаралды. Қабылданған шешімге сәйкес, табысынан айырылған кәсіпкерлерге несиелерін үш айға кейін шегеруге мүмкіндік берілді. Ақтөбе облысы бойынша 902 кәсіпкер өтініш білдірді, олардың 93 пайызының өтініші қанағаттандырылды. Өтініш берген кәсіпкерлердің 47 пайызы — мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алғандар. Сондықтан өзіңіз несие алған банкпен хабарласып, осындай мүмкіндікті пайдалануыңызға болады, — деді А.Даржанова.

Сондай-ақ тұрғындар А.Даржановаға «Бастау Бизнес» оқу курсының өткізілу мерзімі мен талаптары, «Анвар» мен «Дина» супермаркеттеріндегі азық-түлік бағасы, отандық өнімдер, базарлардың жұмысын қалпына келтіру сынды сұрақтар қойды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Ақтөбе филиалының директоры Берік Нұрғалиев мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген өзгерістер туралы айтты.

Айта кетейік, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттардың экономикасы» және «Еңбек» мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетеді.

—  Төтенше жағдай кезінде ел экономикасында орын алған жағдайға байланысты Үкіметтің 20 сәуірдегі қаулысымен «Бизнестің жол картасына» және «Қарапайым заттардың экономикасына» кәсіпкерлер үшін өте тиімді өзгерістер енгізілді.

Соған сәйкес, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатысу үшін кәсіптің түріне байланысты шектеулер алынып тасталды. Бұдан былай саудадан бөлек кезкелген саладағы кәсіпкер бағдарламаға қатыса алады. Ақтөбе қаласында кәсіпкерлер саудаға тек айналым қаражатына 100 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады, саудаға инвестициялық мақсатта көмек қарастырылмаған. Аудандар мен моноқалаларда мұндай шектеулер жоқ, — деді Б.Нұрғалиев.

Тұрғындар «Даму» қорының өкіліне кепілге қоятын мүлікке қатысты сұрақ қойды. — Кәсіпкерлердің, оның ішінде аудандық және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің басты мәселелерінің бірі – кепілге қоятын мүліктің арзан бағалануы немесе жеткіліксіздігі. Осы орайда «Бизнестің жол картасы» бойынша жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлерге несиенің 50 пайызына дейін «Даму» қорының кепілдігі тегін беріледі, несиенің сомасы 1 миллиард теңгеден аспауы қажет. Аудандардағы кәсіпкерлер үшін бұл сома 360 миллион теңгеге дейін. Ал ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер несиенің 85 пайызына дейін кепілдік алуға мүмкіндіктері бар. Бұл ретте несиенің сомасы Ақтөбе қаласында 360 миллионтеңгеден, аудандық жерлерде 180 миллион теңгеден аспауы қажет.Несие құрылысты жүргізуге, құрал-жабдықтар сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға да беріледі, — деді Б.Нұрғалиев.

Бағдарлама барысында басқа да мемлекеттік бағдарламалар турасында айтылды. Экономиканың басым салаларындағы, оның ішінде ауыл шаруашылығы, өңдеуші өнеркәсіп және ел экономикасы үшін басқа да маңызды жобаларды қолдауға бағытталған «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге екі түрлі көмек көрсетіледі: сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдік беру. Оның шарттары кәсіпкерлер үшін тиімді.

Б.Нұрғалиев жобаларды қарау механизмі, электронды қызмет көрсету мәселелері туралы да айтты.

Сондай-ақ бағдарлама барысында тұрғындар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашевқа қала жолдарының жөнделуі, коммуналдық төлем үшін мұқтаж отбасыларға берілетін 15 мың теңге көлеміндегі көмек, қаланы гүлдендіру, абаттандыру, жарықтандыру мәселелеріне қатысты да сұрақтарын қойды. Б.Нұрашевтың айтуынша, биыл қала бойынша барлығы 171 шақырымға созылған 97 көше жөнделеді. Ол үшін 14 миллиард теңге көлемінде қаржы қаралып отыр.

— Азаматтардың 7 санаты бойынша берілетін 15 мың теңге көлеміндегі көмекті алу үшін электронды түрде өтініш беруге болады. Ол үшін 12мамырдан бастап

қалалық әкімдік белгіленген санаттағы азаматтардан өтініштер қабылдау мақсатында call-орталық құрды. Сонымен бірге қаладағы №67 мектепте де арнайы штаб құрылды, өтінішті сол жерге барып та беруге болады, — деді ол.

Бағдарлама барысында басқа мәселелер де айтылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button