Экономика

Кәсіпкерлік нысандары қалай жұмыс істейді?

Елімізде 11 мамырдан бастап төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда кей аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отырғанына байланысты Президент Қ.Тоқаев карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын айтты. Ақтөбе облысында 11 мамырдан бастап карантин режимін жеңілдетудің үшінші кезеңі басталған болатын. Дүйсенбіден бастап бірқатар кәсіпкерлік субъектілеріне жұмыстарын қайта қалпына келтіруге рұқсат етілді.

Үшінші кезеңде ашылған нысандар

Облыс әкімдігі жанындағы жедел штаб карантин режимін жеңілдетудің үшінші кезеңі 11 мамырдан бастап енгізілетінін хабарлап, осы күні қонақүйлер, хостелдер, жол бойындағы кемпингтер мен моншалар, сауналардың қызмет етуіне рұқсат берді. Соған сәйкес облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Н.Беркімбаева арнайы қаулы шығарып, ашылатын нысандар үшін коронавирустық инфекция бойынша алдын алу шараларының алгоритмін жариялады. Бұл алгоритмге сәйкес, 11 мамырда ашылған нысандар барлық санитарлық талаптарды сақтауға тиіс. Ол дегеніміз — күніне кемінде бір рет дезинфекциялық құралдармен өңдеу, бетперде режимін сақтау, күн сайын қызметкерлердің дене температурасын өлшеуді қамтамасыз ету, жедел респираторлық вирустық инфекциялары байқалған қызметкерлерді, келушілерді кіргізбеу, тамақ өнімдерін қонақүйлердің, хостелдердің және жол бойындағы кемпингтердің нөмірлеріне жеткізуді жүзеге асыру, өз қызметкерлеріне қолғаптар мен бетперделер, антисептиктер беру, санитайзерлер орнату сынды талаптар. Егер бұл талаптар толық сақталмаса, кәсіпкерлік нысандары заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айтылған.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанованың айтуынша, карантин режимін жеңілдетудің үшінші кезеңінде2 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі іске қосылады. Оларда 5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар — қонақүйлер, хостелдер, моншалар, сауналар және жол бойы кемпингтері. — Бұл нысандар 10.00-ден 18.00-ге дейін ғана жұмыс істейді, оларға тамақты номерге дейін жеткізіп беру талабы қойылып отыр. 11 мамырға дейін кәсіпкерлерге барлық санитарлық нормалар, талаптар түсіндірілді. Мониторинг жүргізілді. Кәсіпкерлер жұмыстарын қайта жандандыруға қатысты, жаңа талаптарға сай жұмыс істеу нұсқауын алу үшін fsminform.kz платформасы арқылы онлайн өтініш беріп жатыр. Бұдан былай барлық кәсіпкерлік субъектілері жаңа алгоритм бойынша жұмыс істейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан кәсіпкерлер уақыт жоғалтпас үшін арнайы онлайн платформа жұмыс істей бастады. Кәсіпкерлер барлық санитарлық талаптарды орындауға міндетті. Олар қажетті құрал-жабдықтарды — антисептиктерді, дезинфекциялық заттарды, бетперделерді алып жатыр. Бұл заттардың барлығы біздің өңірде шығарылады. Тек шығарылып қана жатқан жоқ, еліміздің басқа облыстарына жеткізіліп, көршілес Ресей өңірлеріне экспортталып жатқанын айта кету керек, — дейді А.Даржанова.

11 мамыр күні іске қосылған нысандардың бірі«Nice hostel» хостелі. Айта кетейік, еуропалық стандарттағы бұл хостел 2017 жылы франшиза бойынша осындай бағыттағы тұңғыш рет ашылған нысан болатын. Хостел директоры Жанна Алтынбаеваның айтуынша, ашылмас бұрын хостелдің іші-сыртына түгелдей дезинфекциялық тазалық жүргізілген.

—  Келушілер бетпердесіз кірмейді, егер жоқ болса, оны өзіміз береміз. Сонымен бірге күн сайын қызметкерлердің де, келушілердің де температурасы өлшенеді. Біз адамдардың арақашықтығын сақтау үшін еденге арнайы сызықтар сызып қойдық, хостелге адамдар сол сызықтар бойынша арақашықтықты сақтап, тек екі-екіден ғана кіргізіледі. Бізде жалпы штатта он қызметкер бар, әзірге соның тек үшеуі ғана жұмыс істеп жатыр. Келушілер санына байланысты қалған жұмысшыларды да рет-ретімен жұмысқа шығаратын боламыз, — дейді ол.

Іске қосылған нысандардың тағы бірі — «Батыс Жер» жол бойы кемпингі. Аталған кемпинг —қонақүй, кафе, кір жуатын орны, жуынатын кабиналары, жанар-жағармай стансасы, техникалық қызмет көрсету станциясы, автотұрағы бар «А» санатына жататын ірі кешен. Автотұрақтың өзіне 200-дей үлкен жүк көлігі еркін сыяды.

Бұл нысан «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» транзиттік дәлізінің бір бөлігі болып есептелетін халықаралық деңгейдегі Самара-Шымкент жолының бойында орналасқан. Аталған кемпинг құрылтайшысы Владимир Гринбергтің айтуынша, төтенше жағдай кезінде аталған қонақүй мен кафе жабылып, тамақ тапсырыс арқылы жеткізіліп тұрған.

— Наурыз айының басында бетперде тағып жүру режимін енгіздік. Адамның қолы тиетін жерлердің барлығы тұрақты түрде хлормен дезинфекцияланып тұрғанын да айта кету керек. Қонақүй мен кафені жауып, тамақты апарып беруді жолға қойдық. Ол үшін арнайы терезе жұмыс істеді, шақыру тетігін іске қостық, тамақ салатын бір реттік 5 мың ыдыс сатып алдық. Барлығы санитарлық талапқа сай жүргізілді. Жанар-жағармай стансасы күні-түні жұмыс істеді. Қазіргі уақытта кафедегі столдардың арасы 2,5-3 метр қашықтықта қойылды. Барлық жерде санитайзерлер орналастырылған, тепловизор да бар, — дейді ол.

Мейрамханалар мен кафелер қашан ашылады?

ҚР Үкіметінде өткен брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанда алдағы 2 айға жуық уақыт бойы төтенше жағдай және карантиндік шектеу режимі сақталатынын айтты.

Е.Тоғжановкәсіпкерлер мен тұрғындардан сауда, ойын-сауық орталықтарының, мейрамханалар мен қонақүйлердің жұмысын қайта бастауға қатысты көптеген сұрақтар келіп жатқанын, бұл кезеңде олардың жұмысқа кіріспейтінін ерекше атап айтты. «Бұл мәселе өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ескерумен сәл кейін қарастырылатын болады», — деді ол.

Ақтөбеде де мейрамханалар мен сауда, ойын-сауық орталықтарының, қонақүйлердің жұмысын қайта бастауға әзірге рұқсат етілген жоқ. Бұл мәселе кейінгі кезеңдерде өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қарастырылуы мүмкін. Дегенмен аталған нысан иелері жұмысты қайта бастауға дайын екендіктерін айтады.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының мейрамхана және қонақүй бизнесі қауымдастығы қаладағы мейрамханаларға 60 дана тепловизор сатып алған.

— Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде ең бірінші мейрамханалар мен қонақүйлердің, ойын-сауық орталықтарының жұмысы тоқтатылған болатын. Олардың жұмысы ең соңынан қалпына келтірілетіні де белгілі. Әрине, мұның барлығы елімізде қауіпті індеттің таралмауы үшін, қауіпсіздік үшін жасалып жатқандығын біз жақсы түсінеміз. Дегенмен санитарлық талаптардың барлығын сақтай отыра, жұмысты бастауға толық дайын отырмыз. Себебі Ақтөбеде бұл салада орта есеппен 8 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың барлығы қазір жұмыссыз отыр, қызметкерлерімізге барынша қолдау көрсетуге, азық-түлік пакеттерін беру арқылы көмектесуге тырыстық. «Атамекен» палатасы арқылы үш ай мерзімге коммуналдық төлемдерді кейінге шегеру бойынша қолдауға ие болдық. Дегенмен осы салада қанша адамның жұмыссыз отырғанын ескеріп, басшыларға бізге жұмыс бастауға рұқсат етуін өтінеміз. Қандай талапты да орындауға дайынбыз. Жұмыс тәртібін бұзбаймыз, санитарлық талаптардың барлығы да орындалады, — дейді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының мейрамхана және қонақүй бизнесі қауымдастығы басшысы Бану Тілегенова. Оның айтуынша, бүгінде қалада 59 мейрамхана, 200-ден астам кафе бар.

— Егер эпидемиологиялық жағдай түзелсе, төртінші кезеңде 50 орыннан аспайтын шағын кафелердің жұмысына рұқсат етілуі мүмкін. Одан кейін ғана, мүмкін, ірі мейрамханалар мен кафелерге де рұқсат етіп қалар. Сондықтан жұмысқа дайын отырайық деп мейрамханалар үшін 60 дана тепловизор сатып алдық. Соны таратып жатырмыз, — дейді ол.

Келесі екі кезеңнің жариялануы эпидемиологиялық жағдайға тәуелді

Облыс әкімдігі жанындағы жедел штаб кейбір қызмет түрлері үшін карантин тәртібін жұмсарту және олардың қызметін іске қосудың бес кезеңін белгілеп, міндетті талаптар бекіткен болатын. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, 1 мамырдан басталған бірінші кезеңде өндірістік кәсіпорындар, құрылыс және жол-құрылысы, көлік компаниялары, банктер және қаржы ұйымдары, халыққа және автокөліктерге қызмет көрсету орталықтарына, бағбандық ұжымдардың қызметі мен сауда және қызмет көрсету салаларының жұмысына рұқсат етілді.

— Оның ішінде азық-түлік дүкендері, дәріханалар, оптика, ательелер, ломбардтар, айырбастау пункттері, нотариалдық қызметтер, сақтандыру қызметтері, фотосалондар, киім жуу және химиялық тазалау орындары, кілем тазарту, аяқкиім жөндеу, кеңсе техникаларын жөндеу шеберханалары, техникалық бақылау стансалары, дөңгелек жөндеу, көлік жуу нысандары, гүл сату, құрылыс дүкендері, көшеттер сату, автосалондар мен тұрмыстық техника дүкендеріне сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді, — дейді ол.

Екінші кезең 4 мамырда басталды. Бұл кезеңде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары, сұлулық салондары және шаштараздар (алдын ала тапсырыспен), аумағы 500 шаршы метрден аспайтын азық-түлік емес дүкендер,  медициналық мекемелер (жазба бойынша, стационарларды қоспағанда), стоматологиялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, жобалау ұйымдарының жұмыстарына (сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін) рұқсат етілді.

Үшінші кезең туралы жоғарыда айттық.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, төртінші және бесінші кезеңдердің қашан және қалай жүзеге асырылатынын эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыс әкімдігі жанындағы жедел штаб шешеді.

P.S.Кәсіпкерлік нысандары жұмыстарын қалпына келтіруге қатысты және жұмыс ережелері туралы толық нұсқаулықты алуы үшін fsminform.kz платформасы арқылы өтініш бере алады. А.Даржанованың айтуынша, әр кәсіпкер өтініш үлгісі бойынша өз қызметі мен санитарлық талаптар туралы барлық мәліметті беруі тиіс. «Барлық ақпарат сарапталып, бір тәулік ішінде жұмысқа дайын екендігі туралы акт беріледі. Бұл кәсіпкердің де, комиссияның да уақытын үнемдейді», — дейді ол.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button