Басты жаңалықтарӘлеумет

Садақа — береке көзі

Садақа берудің пайдасы қандай? Садақа кімдерге беріледі? Садақаның қандай түрлері бар? Ең абзалы қайсы?

Осы орайда облысымыздың бас имамы Төлеби Оспан былай дейді:

— Садақа — ең алдымен, адамды Аллаға жақындататын, оның Аллаға деген сенімінің, шүкіршілігінің шынайылығын дәлелдейтін іс. Барша мұсылман қауымы садақаны —табысыңды берекелендірудің, сауапқа кенелудің, басқаға көмектесе отырып, өзіңе де жақсылық жасаудың жолы деп білген. Садақа адамның жанын тазартады, жүрегін жұмсартады, қиямет күні Алланың ашуынан құтқарады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) өзінің өсиетінде: «Жасырын берілген садақа Алланың ашуынан сақтайды, қияметте көлеңке болады», — деген, яғни бұл дүниедегі барлық амалдарың үшін есеп-қисап жүргізіліп, жауап алар сәт келгенде, садақа берген адам өзінің солсадақасының саясында тұрады екен. Сондай-ақ пайғамбарымыздың:«Науқастарыңды садақа беру арқылы емдеңдер», — деген де өсиеті бар. Табиғин Абдолла ибн Мүбарактың заманында бір кісінің аяғына, бетіне жара қаптап, қанша ізденіп, неше түрлі ем-дом істесе де, кетпей қойыпты. Күндердің күнінде ол Абдолла ибн Мүбарактың алдына жетіп, көмек сұрайды. Табиғиноған: «Суға зәру боп отырған бір жұртқа барып, құдық қазып бер. Халық суға қол жеткізеді, ал сен, бәлкім, дертіңе шипа табарсың», — дейді. Әлгі кісі бұл ақылды жөн көріп, оның айтқанын орындайды. Ақыры, расында, дертіне шипа тауыпты. Әрине, ауырған адам алдымен дәрігерге көрінуі, оның тағайындаған ем-домын міндетті түрдеқабылдауы керек. Соған қоса, дертіне шипа тілеп, садақа беру де — игі амалдардың бірі.

Садақа беру адамның жүрегін жұмсартады дегенде, мына оқиға есімізге түседі: бір кісі пайғамбарымызға жүрегінің қаттылығына шағымданып келген екен. Сонда Алла елшісі оған: «Жүрегіңнің жұмсақ болғанын қалайсың ба? Онда мұқтажды тамақтандыр, жетімнің басынан сипа», — депті. Мұның астарында қайырымдылық істерді әдетке айналдыру меңзелген.

Мұқтаж адам садақаны, әрине, беруге, жұртты жарылқауға шамасы жететін ауқатты жандардан күтеді. Бірақ шамасы жете тұра, садақа таратса, кедейленіп қалатындай көретін, содан қорқатын адамдар да бар. Садақа беру ешкімнің дүниесін кемітпейді, керісінше, ол қолдағы дәулетке береке әкеледі, оны арттырады. Халқымыз садақа беруді — молшылықтың кілті, береке бастауы деп білген. Онымен қоса ақырет күнгі пайдасын да сезінген.Ал пайғамбарымыз: «Кімде-кім садақа берушілерден болса, ол жәннатқа садақа қақпасынан шақырылады», — деген.

Садақаға тек алушы ғана мұқтаж деп білсек, бұл біржақты түсінік болар еді. Садақа беруге оны беруші де мұқтаж, өйткені оған да Алланың разылығы керек, Алла алдындағы парызын, міндеттерін өтеу керек. Яғни біреуге зекет парыз болса, біреуге пітір беру уәжіп етілген. Сондықтан ол садақа арқылы бір мұқтаж жанды жарылқаудан да бұрын, ең алдымен, өзінің парызын өтейтінін ойлауы тиіс. Басқаша айтсақ, садақаның  пайдасы екі жаққа да — алушыға да, берушіге де — тиеді. Алушы жағынан ең мұқтаждар кімдер десек, бұл жөнінде Құранның «Тәубе» сүресінің 59-аятында айтылған: түгі жоқ міскіндер, қолы қысқа кедейлер, борыштылар, жолда қалғандар, сондай-ақ осы аятта садақаның құлды азат етуге және Алла жолына берілетіні де көрсетілген.

Алла елшісі әсіресе рамазан айындағы садақаны қайырлы санаған. «Садақаның абзалы — рамазан айында берілген садақа», — деген. Оның көзін көргендерден қалған: «Алла елшісінің өзі былайғы уақытта да адамдардың ең жомарты болатын, бірақ рамазан айында пайғамбарымыздың жомарттығы желдің ескенінен де жылдам еді» — деген сөз бар. Мұсылман үмбеті осы айда Алланың кеңшілігіне, шапағатына бөленуді ерекше қуаныш көреді. Сондай-ақ бұл айда әр қайырлы іске ондаған, тіпті жүздеген есе сауап жазылатыны белгілі.

Біздің халқымыздың ең жақсы қасиеті — жақыны қиналса, ешқашан жалғыз қалдырмайды. Халқымызда «асар» деген ұғым бар. Мысалы, кешегі күні Өзбекстандағы су тасқыны салдарынан зардап шеккен оңтүстіктегі ағайынға бүкіл қазақ елі бір кісідей жұмылып, жәрдем көрсетіп жатыр. Жалпы қиналып тұрған адамның қажетін өтеуден асқан садақа жоқ.

Мынаған ой жүгіртіңіз: бүгінде елдің бәрі әлеуметтік желіде отырады. Желіде жариялаған пікіріне біреу жылы сөз арнаса, құптап, тілеулестігін сездірсе, көңілі өсіп, марқайып қалады. Ал енді садақа берген адамға әр таңда періштелер тілеулес болып, береке тілеп, Алла Тағалаға: «Оның садақасының қайырын бере гөр, мал-дүниесіне береке бере гөр», — деп жалбарынады екен. Керісінше,тағы бір топ періштелер сараңның дүниесін зиянға ұшырат деп тілек етеді екен.

Садақа тек материалдық көмекпен өлшенбейді. Садақаның сауабына кенелудің жолы көп.

Қаржылай, заттай берілетін немесе құдық қазып, көпір салып беру деген секілді күнделікті тұрмысқа қажетті көмектен басқа, мағынауи садақалар да болады. Пайғамбарымыздың айтуынша, Алланы ұлықтап, мадақ ету де — садақа. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю да — садақа. Көшеде кетіп бара жатқанда, бір жаман іс, ұятсыз әрекетке куә болсаңыз, оны дереу телефонға түсіріп алып, ютубқа жүктеуге асықпай, керісінше, сол кемшілікті жұртқа жария етпей жөндеуге тырыссаңыз, ол да — садақа. Ғалымның садақасы — білім беру, ақсақалдың садақасы — дұрыс жөн сілтеп айтқан ақылы. Туысқандық байланыстарды үзбеуге тырысу да — садақа. Мешітке қарай асыққан әр қадамыңыз — садақа. Адамгершілік атаулының бәрі — садақа.

 Жазып алған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button