Басты жаңалықтар

«5-10-20» тұрғын үй бағдарламасы биыл іске қосылады

Биыл елімізде «5-10-20» ипотекалық несие беру бағдарламасы іске асырылмақ. Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев 11 мамырда төтенше жағдай қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында айтты.

«Қолжетімді тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы  — экономиканың дамуы, жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдаудың стимулы болуы тиіс. Елбасы ұсынған  «7-20-25» бастамасы ипотекалық несиелендіруге және тұрғын үй құрылысына үлкен серпін берді. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін жаңа «5-10-20» ипотекалық несие беру бағдарламасын іске асыруды тапсырамын. Бұл мақсатқа дағдарысқа қарсы қаражаттан 390 миллиард теңге бөлеміз. Биыл елімізде 15 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Ел азаматтарының тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыру маңызды. Бұл —Үкімет жұмысының стратегиялық бағыттарының бірі. Үкімет жыл соңына дейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде«Отбасы банкін» — тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын толыққанды даму және қолдау институтын құруы керек», — деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке азаматтардың өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалануы мәселесі бойынша 1 шілдеге дейін бір шешімге келуді тапсырды.

Осы күніҮкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй құрылысына бөлінген қосымша қаражаттың қалай бөлінетінін айтты.Primeminister.kz сайтында берілген ақпаратқа сүйенсек, дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру аясында жұмыспен қамтуды және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қолдау үшін Үкімет 5,9 трлн теңге бөлді. Олардың ішінде тұрғын үй құрылысына 390 млрд теңге бағытталды.

Қ. Өскенбаевтың айтуынша, бұл қаражат «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталады. Оның ішінде 180 млрд теңгені Ұлттық банк «Бәйтерек» холдингі арқылы барлық өңірлерге бөлген. Бүгінде бұл қаражат аясында тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқаны, оның жыл соңына дейін аяқталатыны айтылды.

Ұлттық банк «Бәйтерек» холдингіне кезекте тұрғандарға несиелік тұрғын үй салуға қосымша 210 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Аталған қаражат «5-10-20» пилоттық жобасын іске асыруға бағытталады.

«Барлық қаражат қайтарымды. Ұлттық банк «Бәйтерек» холдингіне жылдық 4% мөлшерлемемен береді, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» кезекте тұрғандарға қарыз жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі. Пилоттық жоба биыл іске асырылады», — деді Қ. Өскенбаев.

Республикалық ақпарат құралдарына берген сұхбатында «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жаңа бағдарлама туралы пікірін білдірген. Оның айтуынша, бюджеттен қарастырылған 390 млрд теңгенің 210 млрд теңгесін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» игереді.

«Президент «5-10-20» деп аталатын тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды тапсырды. Біз оны алдағы жартыжылдықта жүзеге асыруға тырысамыз. Бұл бағдарламаға үй кезегінде тұрғандар, мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер және бюджеттік сала мамандары ілігеді. Сондай-ақ толық емес отбасылар, көпбалалы отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған балалар да осы бағдарламаға қатыса алады», — дейді Ләззат Ибрагимова.

Тұрғын үйге несие беру бағдарламасының талаптары мен шарттарын Үкімет алдағы екі аптада бекітуі тиіс. Ең бастысы, аталған бағдарламаға қатысуға ниетті үміткерлердің баспанасы болмауы, баспана кезегінде тұруы тиіс. Сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банк»і депозитінде пәтер құнының 10 пайызы көлемінде жинағы болуы тиіс. Несие 5 пайыз үстемеақымен 20 жылға беріледі.

Ақтөбде қолжетімді тұрғын үй құрылысы аясында былтыр 100 мың шаршы метрден астам пәтер берілді. Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушыЕрлан Рамазанов берген дерекке сүйенсек, өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылыс бағдарламасы аясында жалпы көлемі 101,0 мың  шаршы метр болатын 1806 пәтерден тұратын 6 тоғыз қабатты және 15 аз қабатты тұрғын үй тапсырылған. Оған қоса 1331 пәтер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары арасында және 13 пәтер «7-20-25» бағдарламасы аясында сатылған.

— Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылыс бағдарламасы аясында 402 пәтерден тұратын 10 аз қабатты тұрғын үй тапсырылды.Қазіргі таңда осы пәтерлердің 130-ы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына берілді, тағы 272-сі де салымшыларға беріледі. «7-20-25» бағдарламасысы бойынша 797 пәтер берілді. Былтыр маусым айынан іске қосылған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар 1400-ге жуық отбасы жолдама алып, 485 отбасы пәтерлі болды, — дейді ол.

Е.Рамазановтың айтуынша, биыл жалпы аумағы 100,0 мыңшаршы метр болатын 1999 пәтерлі 4 тоғыз қабатты және 21 аз қабатты тұрғын үй тапсырылады. Олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары арасында және «7-20-25» бағдарламасы аясында сатылады. Сондай-ақ, биыл құрылысы аяқталған №19 және 35 көп қабатты үйлердегі 353 пәтердікезектегі әлеуметтік осал топтарға беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аталған тұрғын үйлердің инженерлік желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Жыл аяғына қарай кезектегі азаматтарға республикалық трансферттер есебінен көпбалалы отбасылар үшін 1 миллиард теңгенің көлемінде 122 пәтер сатып алу және 419 пәтерлі №23 және 27 көп қабатты үйлердің тапсырылуы жоспарланып отыр. Сондай-ақ 12-20 наурыз аралығында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтініштер қабылданған болатын. Барлығы 1701 өтініш қабылданып, үміткерлер тізімі бастапқы тұрғын үй кезегіне тіркелген уақытына сәйкес жасақталды, — деді ол.

Бұл бағдарламаларға қоса, енді Президенттің тапсырмасымен іске қосылатын «5-10-20» бағдарламасы да жүзеге асырылады. Оның нақты шарттары мен әр өңірге бөлінетін лимит алдағы екі аптада белгілі болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button