Басты жаңалықтарДенсаулық

Медбикелер мерейі

12 мамыр — Халықаралық медбикелер күні

12 мамыр —Халықаралық медбикелер күні.  Аталған мереке  әлемдегі алғаш қайырымдылық қорын құрып, медбике ісінің дамуына зор үлес қосқан әйгілі ағылшын әйелі Флоренс Найтингейлдің құрметіне өткізіледі. Ф.Найтингейл ХІХ ғасырдың басында орын алған Қырым соғысында жараланғандарды күту үшін арнайы қызмет ұйымдастырып, медбике ісінің негізін қалады. Кейін медбике атындағы халықаралық қор оның  құрметіне орай туған күнін Халықаралық медбикелер күні ретінде  атауды ұсынды. Жыл сайын бұл мереке біздің елімізде де кеңінен аталып өтілетін. Биыл індетке байланысты мерекелік шаралар ұйымдастырылған жоқ. Алайда медбикелерге құрмет көрсетіліп жатыр.

ТАЛАП ПЕН ТӘРТІП

Облыста коронавирус жұқтырғандарды емдеуде медбикелердің еңбегі зор. Қазір облыстық инфекциялық аурухананың 43 медбикесі індетке шалдыққандарға көмек көрсетуде. Олар алғашқы науқас түскеннен бері үйлеріне бармай, жұмыс жасап жүр. Аталған аурухананың аға медбикесі Базаргүл Бахитовамен сөйлестік.

Қазір аурухананың дәрігерлері мен медбикелері коронавируспен күресіп жатыр. Науқастардың айығып кетуі үшін медбикелер қолдарынан келген көмектің барлығын көрсетуде. Біздің қазір ең негізгі  мақсатымыз — осы індетті жеңу.Емдеу мекемесінде науқастарды емдеп, жазу үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Оның ішінде медбикелерге қажетті бұйымдардың барлығы бар. Жалпы ілгерімен салыстырғанда медбикелердің де жұмысына  өзгерістер енді. Мәселен, бұрын көп нәрсе тапшы болатын. Медициналық бұйымдарды үнемдеп қолданатынбыз. Шприцтерді қайнатып, оны бірнеше рет пайдаланатын едік. Ал қазір бір реттік инелер қолданылады. Өзге де бұйымдардың қатары көп, — дейді аға медбике.

Базаргүл Бахитова  алғашқы еңбек жолын 1984 жылы Хромтау ауданының бұрынғы Новотроицк ауылынан бастапты. Ауылда медбикеден өзге медицина маманы жоқ. Дәрігердің де, медбикенің де жұмысын қатар алып жүрген Базаргүл өз мамандығын адал атқарды. Жүкті әйелдерді босандыру, ауданға ауыр науқастарды жеткізу секілді жұмыстар мойнында болды. Хромтау ауданының қысы қатты. Боранды күндері аудан орталығына науқастарды жеткізу де оңай болмады. Ол осылайша шыңдалды, тәжірибе жинақтады. Еңбегі еленді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының тарапынан алғысқа бөленді. Ауыл тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса, Базаргүлді іздеді. Кейін ауылда адам саны азайды. Көшіп кетушілер көп болды. Базаргүл де 2016 жылы Ақтөбеге қоныс аударды. Облыстық инфекциялық ауруханаға аға медбике болып жұмысқа орналасты. Қазір осы емдеу мекемесінің балалар бөлімінде жұмыс істейді.

Нақты диагноз қойылып, ем тағайындалғаннан кейінгі жұмыстың барлығын медбике атқарады. Науқастың айығып кетуіне көп күш салады. Сондықтан ауруханаға жұмысқа келген әрбір маманға үлкен талап қойылады. Медбикенің білімі мен біліктілігінен бөлек, оның науқаспен қарым-қатынас жасау қабілетіне де баса назар аударылады. Оның ішінде балаларға қызмет көрсететін мамандардың жауапкершілігі жоғары болуы керек. Қарапайым екпенің өзін дұрыс салуы тиіс. Кейде ата-аналар жас мамандарға күмәнмен қарап, өздері қасында тұрады. Бірақ біздің медбикелердің барлығы оқу-жаттығу сабақтарынан өткендіктен өз қызметін жоғары деңгейде атқарады. Осы уақытқа дейін емделушілерден ешқандай шағым түскен емес, — дейді Базаргүл Бахитова.

Емдеу мекемесінде жұқпалы ауруға шалдыққан науқастар жататын болғандықтан тазалық пен тәртіп мәселесіне ерекше  көңіл бөлінеді. Мамандар науқастардың жүріп-тұруына, оның өзгелермен байланыс жасамауына жауапты болады. Қазір аурухананың арнайы боксталған палатасында коронавирусқа шалдыққан науқастар ем алып жатыр. Бұл жерде мүлтіксіз тазалық сақталуы тиіс. Мамандар барлық қауіпсіздік киімдерін киіп қана көмек көрсетеді.

«БОЙЫМЫЗДЫ ҮРЕЙ БИЛЕДІ…»

Ақтөбеде індетке шалдыққан алғашқы науқас тіркелгеннен кейін карантиндік стационарда жұмыс істеген медбикенің бірі — Асылжан Әжбенова. Медбике бұл жердегі  азаматтарға медициналық көмек көрсетудің қаншалықты қиын, әрі қорқынышты болғанын айтып берді.

Асылжан Әжбенова отбасылық медициналық орталықта учаскелік медбике болып жұмыс істейді. Отызыншы наурыз күні түнде Тургенев көшесінің бойындағы медицина университетінің  жатақханасына, яғни карантинде жатқан азаматтарға көмек көрсету үшін жұмысқа шақырады. Кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жаңа жатақханасындағы азаматтарға медициналық қызмет көрсетеді. Карантиндік стационардағы әр адамға бір бөлме берілген. Ол адамның өзгелермен қарым-қатынас жасауына, сыртқа шығуына мүлде болмайды.

— Алғашқы уақытта карантиндегі азаматтарға да, медицина қызметкерлеріне де психологиялық жағынан өте қиын болды. Барлығымыздың бойымызды қорқыныш пен үрей биледі. Карантиндегі адам он төрт күн бойы  бір бөлмеден шықпайды. Олардың ауызы мен мұрын қуысынан сұйықтық алынып, сараптамаға жіберіледі. Әр сараптама  алған сайын қорқып отырады.Қайта-қайта нәтижесін сұрайды. Коронавирус табылған адамдар ес-түсінен айырылған адам тәрізді үнсіз қалады. Біреулері «сараптама алмасып кеткен жоқ па» немесе «қайта тексеріңізші, мүмкін емес» дейді. Арнайы костюм киген адамдар келгенде, тіпті қорқып, уайымдағанын көргенде аяп кетесің. Өзімізде іштей вирус жұқтырып алудан қорқып жүреміз. Қауіпсіздік  шараларының барлығын мүлтіксіз орындадық. Ең бірінші кезекте отбасымызды ойладық. Үйде үш жастағы кішкентай қызым бар. Келінімнің аяғы ауыр. «Індет жұқтырып алсам, олардың жағдайы қалай болады» деген ой маза бермеді. Отбасылық медициналық орталықтың бас дәрігері Самат Данияров осының барлығын ескеріп, бізге қолдау көрсетті. Он қыз бөлек пәтер жалдап тұрдық. Әр адамға «Актеп» серіктестігі берген еттен берді. Ет жеп, сорпа  ішіп, әлденіп жүруімізді ескертті. Қазір айтуға оңай, ал ол уақытта психологиялық жағынан өте қиын кезеңді бастан өткердік. Бір күнде 100-120  адамды алып келеді. Олардың барлығына төрт мезгіл тамақ тасып, сараптама алу біздің мойнымызда. Кейде тіпті түскі асты ішуді ұмытып кетеміз. Жұмыста обаға қарсы киетін арнайы киіммен жүреміз. Ал ол киімді киіп-шешу оңай емес. Өте ұқыптылық қажет. Кешкілік арнайы бетпердені шешкен кезде, бет сүйектеріміз солқылдап ауырады. Бөлмелерді санитар мамандар күніне төрт мезгіл жуып шығады. Олардың жұмысы тіпті ауыр, — дейді Асылжан Әжбенова.

Медбике  қазір үй карантинінде. Бір ай карантиндік стационарда жұмыс жасап, отбасымен қауышқан. Үш рет сараптама жасатыпты. Он төрт күннен кейін ғана  жұмысқа шығады.

Әр сараптама алған сайын қорқып жүремін. Қорытындысын қолыма алғанша тағат таппаймын. Себебі соңғы кезде адам бойында  ауру белгісі білінбесе де коронавирус анықталып жатыр. Жалпы тұрғындар арасында коронавирустың бар екеніне күмән келтіретіндер көп. Әрине, олар өз көздерімен көрмейінше, ештеңеге сенбейді. Тіпті бізді «үстемеақы алу үшін жұмыс жасап жатырсыңдар» деп кінәлайтындар бар. Шындығын айтсам, бұл жерге ешкім ақша алу үшін келген жоқ. Әркім өзінің қызметтік міндетін атқару үшін барды. Қауіпті жерде жұмыс жасап жатқанымызды ескеріп, үстемеақы төленетінін кейін естідік. Індетпен күресіп жүрген мамандардың барлығы осы жағдайдың тезірек аяқталғанын тілеп жүр. Олар да коронавирус жұқтырып алудан қорқады. Шет мемлекеттердегі жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Аллаға шүкір, ауру біздің елде жеңіл өтіп жатыр. Кейде мамандар бұны біздің қанымыздың тазалығымен байланыстырады. Себебі қазақтар кез келген тамақты жемейді. Содан болар деп те ойлап қоямыз, — дейді Асылжан Әжбенова.

Медбикенің айтуынша, дәрігерлер аурудың асқынып, науқастың тыныс алу аппаратына таңылмауы үшін барлық мүмкіндіктерді жасап жатқанын айтады. Егер індет асқынса, өкпе зақымданып, пневмонияға ұласып кетеді екен. Ал бұндай кезде науқасты құтқару қиынға соғатын көрінеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

Тұрғындарды сапалы және қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету — санитарлық- эпидемиологиялық саланың негізгі мақсатының бірі.

Бұл ретте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мониторинг өткізіп тұрады. Биылғы төрт айдың ішінде облыстың сауда желілерінен барлығы 936 өнім сынамасыналды. Оның ішінде 105 сынама техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеген. Ал  тағам өнімдерінен 703 сынама алынып зерттелсе, оның 76-сы талапқа  сай емес. Анықталған кемшіліктерді жою үшін кәсіпкерлік субъектілеріне  23 ұйғарым, 5 нұсқаулық хаттар жіберілген. Сәйкестілік декларациясы  бойынша 12 іс-құжат облыстық техникалық реттеу және метрология департаментіне жолданыпты. Тағам өндіруші кәсіпорындарға — 8 және еліміздегі өнімдер бойынша наразылықтар қабылдайтын 5 мекемеге тиісті шаралар жүргізу үшін хаттар жіберілген.

Бизнес субъектілерінде техникалық регламенттерге қатысты 12 семинар және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының облыстық  филиалында 1 дөңгелек үстел, Ақтөбе қаласының әкімдігінде 1 жиналыс өткізілген.

Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті хабарлады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button