Жаңалықтар

Блок-бекеттер қашан ашылады?

Тікелей эфир

Елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталды, бірақ Ақтөбеде карантин режимі әлі де сақталады. Сол себепті облыс аумағындағы шектеу шаралары да өз жалғасын табады. Ал жекелеген қызмет түрлеріне шектеулерді алып тастау кезең-кезең бойынша жүзеге асырыла бермек. Бұл туралы дүйсенбі күні «Aqtòbe» телеарнасының «Ақпараттық сағат» бағдарламасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов мәлімдеді.

Тікелей эфирде өткен бағдарламаға облыс әкімінің бірінші орынбасары мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев қатысып, тұрғындар сауалына жауап берді.

Алдымен облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтып кеткен Нұржауған Қалауов 12 мамырдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қайта жанданатынын және Алматы-Ақтөбе-Алматы бағыты бойынша тағы бір рейс ашылатынын мәлімдеді.

— 11 мамырдағы жағдай бойынша облыста індет жұқтырған 175 адам тіркеліп отыр. Оның 54-і жазылып шықса, стационарларда 121 науқас ем алуда.

Бүгін еліміз бойынша төтенше жағдай режимі тоқтатылғанымен, бірнеше өңірде дерттің қаупі болуына байланысты босаңсыту жұмыстары біртіндеп, кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Бүгін жұмсартудың үшінші кезеңі басталды. Ал 12 мамырдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке куәлік, паспорт беру жұмыстары басталады. Бұл — тұрғындардың көптен көтеріп жүрген сұрақтарының бірі. Аталған жұмыстар Ақтөбе қаласы бойынша Алматы ауданы әкімдігіндегі ғимаратта орналасқан бөлімшеде және Тургенев көшесіндегі бөлімшеде, сондай-ақ барлық аудандық бөлімшелерде жүргізілетін болады. Бірақ қызмет көрсету барысында санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Ал қалған қызметтің барлығы онлайн түрде көрсетіледі. Бүгінгі күнге дейін қызметтің 80 пайызы онлайн түрде көрсетіліп келген болатын. Ал үйінде қызмет алуға мүмкіндігі жоқ тұрғындар үшін қала және аудан әкімдіктерінде, ірі сауда орындарында өзі-өзіне қызмет көрсету бұрышын ашуға тапсырмалар берілді.

Тағы бір айта кететін жаңалық, 11 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан-Ақтөбе-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша әуе рейстері ашылды. Ал 12 мамырдан бастап Алматы-Ақтөбе-Алматы бағытындағы рейстер өз жұмысын бастайды, — деген облыс әкімінің орынбасары теміржол вокзалының да 90 пайыз дайын екендігін, бірақ шамамен вокзал жұмысы 25 мамырдан кейін басталуы мүмкін екендігін айтты.

Ал «Біз облыс орталығында қалып қойып, ауылымызға қайта алмай отырмыз, блок-бекеттер қашан ашылады?» деген сұраққа:

— Бүгінгі таңда облыс аумағында 28 блок-бекет қойылған. Оның алтауы 5 облыспен шектесетін шекарада болса, екеуі Ресеймен шекарада тұр. Ал жетеуі қала аумағында болса, қалғаны аудандар арасында. Барлық бекеттер 15 мамырға дейін тұрақты түрде жұмысын жалғастырады. Ашылмайды. Ал 15 мамырдан кейін эпидемиологиялық жағдайға қарай кейбір аудандар арасындағы блок-бекеттерді ашу жоспарда бар. Шекара мен қала маңындағы бекеттер солай қала береді.

Ал карантинге дейін Ақтөбеге келіп осында қалып қойған немесе аудан орталығына барып қалаға жете алмай қалған тұрғындар өте көп. Біз бұл мәселені облыстың бас санитар дәрігерімен бірлесіп қарап, бір шешімге келдік. Қаладан ауданға кете алмай жүрген тұрғындар экпресс-тест тапсырып немесе лабораториялық тексеруден өтіп, соның қағазымен үйлеріне қайта алады. Біз оларды міндетті түрде «Сергекке» тіркейміз. Бірақ ауданға барғаннан кейін де санитарлық нормаларды сақтап, екі аптаға дейін үй-жайында болғаны дұрыс. Ал ауданнан келе алмай жүрген тұрғындарды да бір бағытта орталықтандырылған ұйымдастыру арқылы қалаға жеткізуге мүмкіндік береміз. Бұл бойынша әкімдерге тапсырма берілді, — деп жауап берді.

Сондай-ақ тікелей эфир барысында той күнін белгілеп қойғанын айтып, мейрамханалардың жұмысы қашан басталатынын сұрағандар да болды.

Мейрамхана — көпшілік орынға жатады. Сондықтан олардың жұмысын жандандыру төртінші және бесінші кезеңде қарастырылған. Төртінші кезеңде аурушаңдықтың деңгейі соңғы аптада тіркелгендерден 5 пайыздан аспаған жағдайда 50 орынға дейінгі адамдарды қабылдайтын тамақтану орындарына рұқсат беру қаралған. Ал аурушаңдық деңгейі соңғы аптада тіркелгендерден 2 пайыздан аспайтын болса, онда қалған мейрамханалардың жұмысына рұқсат беріледі, — деген Қалауов барлығының  эпидемиологиялық жағдайға байланысты екендігін айтты.

Тікелей эфир барысында індет анықталған 1 жасар баланың ауруды қайдан жұқтырғанын сұрағандар да болды.

— Облыста індет жұқтырған 175 адам болса, оның 13-і — бала. Он үшінші жағдай 11 мамырда тіркелді. Анализ нәтижелерінен 1 жастағы баланың індет жұқтырғаны анықталды. Бүгінгі таңда инфекциялық госпитальге жатқызылды. Бала 9 мамырдан бастап ауырған. Үйінде ата-анасымен, әжесімен бірге тұрады. Нақты қайдан жұқтырғаны белгісіз. Отбасы мүшелері вирус жұқтырған азаматтармен байланыста болмаған. Өздерінің де сынама нәтижесі ойдағыдай. Қазіргі таңда эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мүмкін үйіндегілер вирустық инфекциясы бар нәрсені үйге әкелген болуы да мүмкін. Барлығын алдағы уақытта анықтайтын боламыз, — деді Әсет Қалиев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы бүгінгі таңда 21 мыңнан астам адамның вирусқа қарсы тексерістен өткенін айтты. Бірнеше лабораторияда күніне 1200-ге дейін анализ алынып, тексеріледі. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштің 1700-ге дейін жету мүмкіндігі бар. Сондай-ақ ол жергілікті бюджет есебінен облысқа тағы да 7200 дана экпресс-тест әкелінгенін және 12 мамырдан бастап вирусқа қарсы жұмылдырылған қызметкерлерді тексеру жұмыстары басталатынын айтты.

Ал балабақша тәрбиешілерінің  вирусқа қарсы тест тапсыруы міндетті ме деп сұраған тұрғындар сауалына:

— Міндетті түрде тексеріліп, жұмысқа қосылуы тиіс деген міндет те, талап та  жоқ. Бірақ өз денсаулығын тексерем деушілер болса, әркімнің өз еркінде, — деп жауап берді.

Тікелей эфир барысында жеке мәселелері бойынша хабарласқан тұрғындар да болды. Көрермен тарапынан қойылған әрбір сұраққа нақты жауаптар берілді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button