Ауыл

Жомарт азамат жылқы сойып, тұрғындарға таратты

Орынбай Жолмұрат — «Шыңғыс» шаруа қожалығының басшысы.

Әйтеке би ауданының Ақтасты ауылында тұрады. Сол жерде жылқы шаруашылығын жандандырып отыр. Бие сауады, қымызын сатады. Орынбайдың қымызын облыс орта­лығына алдыратындар бар. Қожалық бас­шысы ауылдың жиырмаға жуық адамын жұ­мыспен қамтып отыр.

Аудан тұрғындары бұл азаматтың жомарт­тығына тәнті. Кәсіпкер өзі тұратын Ақтасты ауылының мектебі мен өзге де шаруаларға көмектеседі. Балалардың оқуы мен денешы­нықтыруына қажетті құрал-жабдықтарды алып береді. Жақында құны 500 мың теңге тұратын күреске арналған кілемді сыйға тарт­ты.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы­ларға азық-түлік жеткізеді. Тіпті малы жоқ от­басылардың соғымын сойып береді.

Ақтастыдан бөлек аудан орталығы мен Талдысай және өзге де ауыл тұрғында­рынан көмегін аямайды. Аудан орталығында өтетін түрлі жарыстарға демеушілік жасайды. Жылқысын сояды, қымызын тегін таратады. Өзге де іс-шараларға қаржы береді.

Кәсіпкер жасаған қайырымдылығын бұл­дап, оны жариялаған емес. Елімізде төтен­ше жағдай жарияланғанда әсіресе ауыл тұрғындары қиналды. Осы кезде Орынбай Жолмұрат ауданда алғашқы болып қайы­рымдылық ісін бастады. Ақтасты ауылының тұрғындарына бір жылқы сойып берді. Ком­сомол мен Талдысайда тұратын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арнап бір жылқы сойды. Ерікті студенттер етті мұқтаж жандарға таратып берді.

Орынбай Жолмұраттың бұндай қайырым­дылық істері туралы Комсомол ауылдық окру­гінің әкімі Раушангүл Смағұловадан білдік.

— Төтенше жағдай жарияланғаннан бері кәсіпкерлер көмек көрсетіп жатыр. Соның ішінде Орынбай Жолмұраттың жомарт­тығын ерекше айтуға болады. Кәсіпкер бұн­дай қайырымдылық шараларын жыл сайын жасайды. Індет басталған кезде алғашқы болып көмек қолын созды. Аудандағы осын­дай іскер азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, — дейді округ басшысы.

Қазір қожалық иесі айт мерекесіне арнап екі ірі қараны бордақылап отыр. Жалпы бұн­дай игі істі жыл сайын жасайды. Ал індет та­рап, ел қиындыққа тап болғанда бір адамның көмегі аз болары анық. Сондықтан Орынбай Жолмұрат өзі секілді мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарды, серіктестік бас­шыларын елге көмектесуге шақырды. Бұл туралы шаруашылық иесінің өзінен сұрадық.

— Жасаған қайырымдылығымды жария­лап, мақтанып айтудан аулақпын. Айтқан емеспін. Берген көмегімді халық біледі. Бірақ осы жолы үндемей отыра алмадым. Себебі бір адамның көмегі барлық мұтаж отбасы­на жетпейді. Ауданда серіктестіктер мен қожалықтар көп. Солар аз қамтылған отба­сыларға көмек берсе, қиындықты жеңеміз. Біздің жанашырлығымыз, біртұтастығы­мыз осындай кезде сыналады. Сондықтан өзім секілді азаматтарды Рамазан айында қайырымдылық жасауға шақырамын, — деді Орынбай Жолмұрат.

«Шыңғыс» шаруа қожалығы 2002 жылы құрылыпты. Қазір қожалық жұмысы бір ізге түскен. Бар істің басы-қасында Орынбайдың өзі жүреді. Жомарт азаматтың ісіне ел риза.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button