Ауыл

 Құрылысшы Еркебұлан

Қазір қай жерде де құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе үй, тойхана салдыра­тындар, жөндеу жасатқызатындар көп. Ау­дандағы тұрақты жұмысы жоқ жігіттердің бір кәсібі – осы, яғни құрылыс.

Қарауылкелдіде тұратын Еркебұлан Әбдікәрімовті қазір байғаниндіктер жақсы таниды. Бірі үйін жөндетсе, бірі тойханасын әрлетеді. Әрине, құрылыс жұмыстарын жүр­гізу оңай шаруа емес. Ол үшін іске икемің­нен бөлек қажетті бұйымдарың болу керек. Ал құрылысқа керек құрылғылардың құ­ны қымбат. Осы мәселені ойлана келе, Ер­кебұлан былтыр «Атамекен» кәсіпкерлік па­латасына хабарласады. Сондағы маман­дардың кеңесімен «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқиды. Кәсіпті қалай бастау ке­рек, іс қағаздарын қалай жүргізген жөн, биз­нес-жоспар қалай құрылады, яғни осының барлығын меңгеріп шығады. Сөйтіп, грантқа өтініш береді. Нәтижесінде 500 мың теңге қайтарымсыз грантты ұтады. Қаржыны алған соң құрылысқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады.

— Бұрын қажетті құралдар болмай, қиындық көретін едім. Жаңа бұйымдар қолыма тигеннен кейін жұмысқа бірден кірістім. Тапсырыстар көбірек түсе баста­ды. Менің негізгі жұмысым — салынған үй­дің, ғимараттың ішкі құрылысын жүргізу, яғни сылау, әктеу, түрлі химиялық құрылыс материалдарымен жұмыс жасау, кафель жапсыру. Мәселен, үйді салып болғаннан кейін ішкі жұмысы үшін иесі маған хабар­ласады. Мен шаршы метрін өлшеп, баға­сын айтамын. Келіссе, кілтін береді. Мен белгіленген уақыт ішінде жұмысты толық аяқтаймын. Ғимараттың көлемі үлкен бол­са, қасыма жігіттер аламын. Ал шағын үй­лерді ағам екеуіміз жасаймыз. Тек сырлап, әктеп қана қоймаймыз, үйдің ішіне қазақы нақышта ою салу, өзге де өрнектермен безендіру жұмыстарымен айналысамыз. Қазір осы шаруаны қолға алғаныма алты жылдан асты. Тапсырыс берушінің сенімі­нен шығуға тырысамын. Осы уақытқа дейін жасаған жұмысымның сапасына шағым ай­тқандар болған жоқ. Менің ісімді білмейтін адамдар сенімсіздік танытады. Бұндай кез­де келісімшарт жасаймын. Егер құрылыс-тан олқылық табылса, қайта жөндеп бе­ретінімді айтамын. Осыдан кейін тапсы­рыс берушінің көңілі бірленеді. Ал сенім бар жерде жұмыс та сапалы шығады, — дейді Еркебұлан.

Іскер жігіт отбасын осы кәсібімен асырап отыр. Әйелі жұмыс жасамайды. Қазір каран­тин болғандықтан ауданда құрылыс жұмыс-тары тоқтап тұр. Жалпы тапсырыс көп. Тіпті Ақтөбе мен Ақтаудан хабарласып, шақыра­тындар да бар екен.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button