Жаңалықтар

Балабақшалар қашан ашылады?

Тікелей эфир

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев және облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов тікелей эфирде облыс тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

Тікелей эфирде алдымен облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева облыстағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталып өтті.

Бүгін өңірімізде коронавирус инфекциясы бойынша тағы екі жағдай тіркелді. Қазіргі таңда облыста індет жұқтырғандардың саны 174 адамға жетіп отыр. Соңғы тіркелген екі адам бұрын ауырған науқастармен жақын қарым-қатынаста болған. Жалпы облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өздеріңізге белгілі, бүгін елімізде төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Дегенмен облыстың бассанитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес өңірде шектеу шаралары сақталады. Облыс тұрғындарына айтарымыз, тәртіп сақтап, сақтық шараларын қатаң ұстаныңыздар, көпшілік орындарға бармаңыздар, денсаулыққа мән беріңіздер, — деді Н.Беркімбаева.

Оның айтуынша, облыста алдағы уақытта да шектеу шаралары жалғасады, блок-бекеттер жұмысын жалғастырады, тұрғындардың себепсіз қалаға кіріп-шығуына рұқсат етілмейді. Ірі сауда орындары, мейрамханалар әзірге ашылмайды.

11 мамырдан бастап өңірде шектеу шараларын жеңілдетудің үшінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде қонақүйлер мен хостелдер, жол бойындағы кемпингтер, моншалар мен сауналар жұмысын жалғастырады. Ал адамдар көп шоғырланатын орындарды, ғимараттарды ашу жоспарда жоқ, — деді департамент басшысы.

Облыс орталығында шектеу шараларын жеңілдетудің бірінші және екінші кезеңінде 130 мыңнан астам адам жұмысқа шыққан. Осыған орай тікелей эфирде ата-аналар балабақшалардың қашан ашылатынын сұрады. Бұл сауалға Нұрсұлу Беркімбаева:

Ақтөбе қаласындашектеу шараларын жеңілдетудің келесі кезеңі 18 мамырға жоспарланып отыр. Қазір біз бұл мәселені алдағы жоспарға қойып отырмыз. Егер коронавирус инфекциясы бойынша өңірде алдағы уақытта өсім болмаса, балабақшалар мен мектепке дейінгі мекемелер ашылуы мүмкін. Біз бұл туралы алдағы уақытта міндетті түрде хабарлайтын боламыз, — деді.

Тікелей эфирде облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев карантин кезінде тұрғындар өз шағымдарын телефонмен және ғаламтор арқылы жеткізіп жатқанын, тұтынушылар өз құқығы бұзылған жағдайда 54-81-20, 54-81-26 байланыс телефондарына хабарласуларына болатынын жеткізді.

— Жалпы тұтынушылар Заңына сәйкес дәрі-дәрмектер, іш киімдер, шұлық, зоодүкендерден сатып алынған өсімдіктер немесе жануарлар, метрлеп сатылатын тауарлар кері қайтарылмайды. Ал басқатауарларды белгілі себептермен өндірушілерге немесе сауда орындарына қайтара аласыздар, — деді ол.

Тікелей эфир барысында департамент басшысы тұрғындар қойған сауалдарға жауап беріп, билеттерді қайтару ережесіне де кеңінен тоқталып өтті.

Ал облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, елімізде төтенше жағдай режимінің тоқтатылуына байланысты бұған дейін шекті баға қойылған 9 түрлі әлеуметтік азық-түліктің бағасы үшін бірлескен бұйрықтың күші жойылған. Сондай-ақ облыстағы әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің бағасына алдағы уақытта мониторинг жүргізіледі. Өндірушілер мен сауда орталықтарына қойылатын талап — бағаны 10-15 пайыздан асырмауы керек.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button