Пікір

Біз де қолдауға ие болдық

Айгүл ДҮЙСЕНОВА,

«Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталғанын, көптеген саланың қызметі қалпына келтіріле бастағанын айтты.

Елімізде шұғыл құрылған Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды. Президенттің айтуынша, халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылған. Үкіметтік емес ұйымдар мүшелері де мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. Президенттің айтуынша, 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. Бұл қатарға мемлекеттік ұйымдардан басқа, коммерциялық емес ұйымдарға жататын заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлері де енгізілген болатын. Бұл үшінші сектор өкілдері үшін үлкен қолдау болғаны айқын.

Елімізде көптеген саланың қызметі қалпына келтіріле бастады. Олардың қатарында біздің «Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің «Азаматтық бастамалар орталығы» да бар. Бұған дейін еліміздегі төтенше жағдайға, өңіріміздегі карантинге байланысты біздің орталық өз жұмысын қашықтан ұйымдастырған болатын. Кеше орталығымыз өз есігін қайта ашты.

Біздің орталыққа үкіметтік емес ұйым мүшелерікоммерциялық емес ұйым құру, оның жұмысын жүргізуге қатысты кеңестер алу, білім-біліктілікті арттыру, басқа да қызметтер бойынша жүгіне алады. Сондай-ақ мәліметтер базасын жинақтау, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, мемлекеттік гранттар мен сыйақылар, қоғамдық кеңестер секілді үкіметтік емес ұйымдарға мол мүмкіндік беретін жобалар туралы мағлұматтар алуға болады. Қашықтан жұмыс істеу кезінде үкіметтік емес ұйымдар тарапынан бірқатар онлайн семинарлар, вебинарлар өткізілді, қазіргі уақытта да өткізіліп жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады. Президент өз сөзінде экономика мен қоғамды цифрландыруды жаңа сапаға көтеру қажеттігін тапсырды. Азаматтық сектор да үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бағытында цифрландыруға мән беретін болады.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button