Жаңалықтар

Шектеу шаралары сол күйінде қалады

Тікелей эфир

Елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталса да, облыста карантин режимі сақталады. Бұл туралы әлеуметтік желідегі тікелей эфирде облыстық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау  департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтты.

Облыста індет жұқтырғандардың қатарына тағы екі адам қосылды. Екеуі де коронавируспен ауырған науқастардың жақыны. Олар үй карантиніне алынған. Соңғы тексеру нәтижесінде коронавирустың бар екені анықталған. Қазір науқастар ем алып жатыр.

Әсет Қалиевтің айтуынша, облыста індет жұқтырғандардың жалпы саны — 174. Оның ішінде 54  адам емделіп, үйіне шыққан. Ал стационарда 120 науқас жатыр. Індет жұқтырғандардың ішінде екі науқастың жағдайы ауыр. Біреуі жасанды тыныс алу аппаратымен демалса, екіншісі пневмонияға шалдыққан.

Тікелей эфирде тұрғындар карантин шараларына қатысты сұрады. Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, бұған дейін қандай шектеулер қолданылса, яғни блок-бекеттердің жұмысы мен өзге де шектеу шаралары сол күйінде қалады. Аудандардан келетін немесе қаладан сыртқа шығатын тұрғындардың міндетті түрде рұқсат қағазы болуы керек, яғни олардың кіріп-шығу себебі құжатта көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ емдеу мекемелерінің де жұмысы сол күйінде жалғаса береді.

Тікелей эфирде мүгедектік жәрдемақы алатын ата-аналар да алаңдаушылық білдірді. Олар мүгедектік мерзімін ұзарта алмай отыр. Кейбіреулерінің жәрдемақысы тоқтап қалған. Әсет Қалиев карантин режиміне сәйкес құжат мерзімі автоматты түрде ұзартылатынын, егер жәрдемақы түспесе, басқармаға хабарласу керектігін айтты. Мәселенің шешімін табуға көмек беретінін жеткізді.

Басшылар тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button