Басты жаңалықтарМереке

Майдангерді құттықтады

Мереке күндері Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров Ұлы Отан соғысының ардагерлерін үйлеріне барып құттықтады. Қарт жауынгерлерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Құттықтау хаттары мен  сәлемдемелерін жеткізді, сый-сияпат ұсынды. 

Қазір Ақтөбе қаласында 24 соғыс ардагері тұрады. Солардың бірі — Онисий Харенко. Ардагер биыл желтоқсанда 95 жасқа толады. Қарт жауынгер 1943 жылдың қаңтарында 17 жасында әскер қатарына алынған. Соғыстың аяқталғанына 75 жыл уақыт өтсе де, сұм жылдар оның есінде күні кешегідей жаңғырып тұр.

Ардагер Минск, Орел қалаларын жаудан азат етуге атсалысты. Соғыстағы ерлігі үшін бірнеше мәрте медальмен марапатталды. Ол Жеңісті шығыс Пруссияда қарсы алды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құрметіне ардагерді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров құттықтап, оған облыс басшысының атынан Алғыс хатпен бірге қол сағат, тәтті сыйлықтар тарту етті.

Бұл күні Асхат Шахаров қарт жауынгер Алмат Ермағамбетовке де сәлем бере барды. А.Ермағамбетов 1925 жылы Хромтау ауданында туған. 1943 жылы сәуірде Уфа қаласына әскери курсқа түсіп, қарашада майданға алынады. 4-Украин майданының құрамында Львов қаласын, Батыс Украинаны, Польшаны, Кенигсбергті, Краковты жаудан азат етуге және Освенцим азап лагерінен тұтқындарды құтқару операцияларына қатысты.

Қала әкімі ардагерді Жеңіс күнімен құттықтап, алғысын білдірді. «Аға ұрпақ алдындағы парызды кейінгі буын біледі, ел жадында ерліктеріңіз мәңгілік жатталды», — деді қала басшысы. А.Шахаров Алмат атайға да ұзақ ғұмыр тілеп, сый-сияпат табыс етті.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button