Жаңалықтар

11 мамырда қонақүйлер, хостель, кемпинг, монша, сауна ашылады

11 мамырдан  бастап облыс аумағында күшейтілген режимді босатудың үшінші кезеңі басталады. Осы күні қонақүйлер, хостельдер, кемпинг, сауна, моншалар жұмыс істей бастайды. Бірақ  қонақүйлер, кемпингтерде тамақты  бөлмеге жеткізу қызметі жұмыс істейді.

Жаңа жағдайдағы жұмыс ережелері туралы «Ақтөбе» телекомпаниясының тікелей эфирінде облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық жергілікті полиция қызметі  басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетов  баяндады.

— Өткен аптамен салыстырғанда эпидемиологиялық жағдай қалыпты. 10 мамырда коронавирус жұқтырған 172  жағдай тіркелсе, оның 56-сы сырттан келген азаматтардан шықты. Қалғандары вирус таратушымен байланыста болғандар. Олардың бәрі де карантинде жатыр, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Осыған дейін 1 және 4 мамырда Ақтөбеде бірқатар кәсіпкерлік нысандар жұмыс істей бастады. Олардың қатарында көкөніс тұқымдарын және көшеттерін, бау-бақша құралдарын, автокөлік бөлшектерін сататын дүкендер,  шаштараздар, көлік жөндейтін орындар бар.

— Қатаң шектеу шараларын жеңілдету режимінің арқасында 131 мың ақтөбелік  жұмысқа шықты, — дей отырып Қайрат Бекенов  төтенше жағдай режимін сақтап, жағдайға түсіністікпен қараған кәсіпкерлік нысандарында еңбек ететін азаматтарға  рақметін айтты.

Індет жұқтырғандар саны көбеймей, осы қалпында тұрса, кәсіпкерлік нысандары біртіндеп іске қосыла береді. Алайда көршілес облыстарда эпидемиологиялық жағдай күрделі болғандықтан, індетті жеңдік деп айту ертерек. Сондықтан да блок-бекеттерде күшейтілген талап бұрынғысынша қала береді. Жаңажолдан вахтадан Ақтөбеге үйлеріне келетін азаматтар блок-бекеттерден өту үшін коронавирусқа  экспресс-тест тапсырады. Ақтөбеге келген соң 14 күн үй карантинінде болады.

Ардана Саймағамбетовтың хабарлауынша, бүгінде Ақтөбе қаласы мен облыс аумағындағы 28 блок-бекетте 2 мыңнан астам полицей, әскери қызметші, еріктілер жұмыс істеп жатыр. Бұрынғысынша аудандарға жол жабық. Тек шаруа қожалықтары қызметкерлері, егіс жұмыстарына баратындар, сондай-ақ тауар таситын кәсіпкерлердің көліктері ғана өте алады.

Облыста Мәртөк ауданында ғана коронавирус жұқтырған бір дерек тіркелді. Басқа аудан тұрғындары бұл індеттен таза. Сондай-ақ 11 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан қаласына әуе рейсі ашылады. Ал облысаралық автокөлік, теміржол қатынасы  эпидемиологиялық жағдай әбден тұрақтанғаннан кейін барып қана ашылады.

Төтенше жағдай жөніндегі штаб жұмысының қорытындысына сәйкес, Орталық базар, «Шығыс», «Мерей», «Табыс» базарлары ең соңынан ашылатын нысандардың қатарына енгізілген. «Ашылар алдында бұл нысандардағы санитарлық-эпидемилогиялық  ережелердің қатаң сақталатынын мамандар тексеріп барып қана  рұқсат беріледі», — деді Н. Беркімбаева.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button