Басты жаңалықтар

Өзге өңірлермен шектесіп жатқан блок-бекеттер әзірге ашылмайды

Тікелей эфир

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов пен Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров тікелей эфирде облыс тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

Тікелей эфирде алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов облыстағы эпидемиологиялық ахуал мен жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

— Бүгінгі күні облыстағы эпидемиологиялық ахуал бақылауда. 9 мамырға дейін 34 адам емделіп шықса, 138 адам стационарларда ем алып жатыр. Алдағы жұмыс күндерінде тағы да 20 шақты адам емделіп шықпақ. Жалпы ем алып жатқан науқастардың жағдайы қалыпты. Қазіргі таңда облыс басшысының тапсырмасына сәйкес,  коронавирусқа қарсы тексеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін 38 мыңнан астам адам инфекцияны анықтау үшін экспресс-тест тапсырып, тексеруден өтті. Оның ішінде дәрігерлер, полиция қызметкерлері, коронавирусқа қарсы күресіп жүрген азаматтар, сондай-ақ облыс территориясына кіріп-шығып жатқан тұрғындар бар. Қазір облыс бойынша 4 зертхана жұмыс жасауда.

Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде шектеу шараларын жеңілдетудің бірінші және екінші кезеңі басталғаны белгілі. Қазір бірқатар нысандар жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олардың санитарлық талаптарды сақтауын, жұмыс жүргізу тәртібін мониторингтік топтар бақылап отыр. Ал шектеу шараларын жеңілдетудің үшінші кезеңі жоспар бойынша 11 мамырда басталады. Бұл кезеңде қонақүйлер мен хостелдер, жол бойындағы кемпингтер өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ монша мен сауналар таңертеңгі 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін ғана жұмыс жасайтын болады, — деді ол.

Нұржауған Қалауовтың айтуынша, тұрғындардың көп шағымдануына байланысты 11 мамырдан бастап Ақтөбе қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімшелері мен аудандардағы төлқұжат беретін мекемелер жұмысын жалғастырады.

Сонымен қатар Ақтөбе-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша әуе қатынасы да өз жұмысын бастамақ. Қазіргі таңда билеттер онлайн түрде сатылуда. Жолаушыларға қойылатын басты талап — коронавирус инфекциясына экспресс-тест тапсыруға тиіс.

Бұдан кейін тікелей эфирде Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров ақтөбеліктерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, биылғы мерекеде 24 соғыс ардагеріне құрмет көрсетілгенін жеткізді.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өту шаралары Ақтөбе қаласындағы бірқатар орындарда өткізілді. Тұрғындардың көп жиналмауы үшін тиісті талаптар қойылып, сақтық шаралары да жүргізілді. Мереке күндері бірқатар мекеме басшылары Ақтөбе қаласында тұратын соғыс және тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, қарияларға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады, — деді ол.

Тікелей эфир барысында тұрғындардың бірі шектеу шараларын жеңілдетудің бірінші және екінші кезеңінде ашылған кейбір кәсіпкерлік нысандары неге жабылып қалғанын сұрады. Бұл сауалға Нұржауған Қалауов жауап берді.

Шектеу шараларын жеңілдетудің бірінші және екінші кезеңінде Ақтөбе қаласында бірқатар нысандар жұмысын жалғастырғаны белгілі. Жұмыс берушілерге біз нысандарда бір адамды ішкі тәртіпті қадағалауға бекітіп, тұрғындардың сол жерге бетпердемен, санитарлық талаптарды сақтап келуін, екі сағат сайын мекемелерде ылғалды тазалау жұмыстары жүргізілуі қажет екенін, сондай-ақ адамдардың кезек сақтауын тапсырған болатынбыз. Алайда облыс әкімінің бес орынбасары бастаған мониторингтік топтардың жүргізген тексерулері кезінде бірқатар кәсіпкерлердің санитарлық талаптарды сақтамағандығын анықтадық. Осылайша олардың жұмыс орындары уақытша жабылды. Егер алдағы уақытта олар өз кемшіліктерін дұрыстап, барлық талапты орындайтын болса, жедел штабтың шешімімен ашылатын болады, — деді ол.

Соңғы кезде тұрғындардың денін қала аумағындағы блок-бекеттердің қашан ашылатындығы көп мазалауда. Бұл сауалға жауап берген Нұржауған Қалауов 11 мамырда Мемлекет басшысының  кезекті Үндеуі шығатынын, соған сәйкес облыс әкімдігі жанындағы жедел штаб шешім шығаратынын жеткізді.

— Облыстық жедел штаб блок-бекеттерді ашу немесе қалдыру бойынша шешім шығару үшін алдымен өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға қарайды. Қазіргі таңда еліміздегі әр өңірде ахуал күн сайын өзгеріп отыр. Осыған байланысты барлық жерде тексерулер жүргізіліп жатыр. Тіпті індеттің белгілері жоқ адамдардан инфекция табылуда. Сол үшін біз бұл мәселені жан-жақты қарауымыз керек. Жалпы бүгінгі күні қала аумағында 28 блок-бекет болса, оның алтауы бес облыспен және Ресеймен шектесіп жатыр. Ал 7 блок-бекет қалаға кіретін жерлерде орналасқан. Сондықтан шектеу шараларын жеңілдеткен жағдайда да біз өзге өңірлермен шектесіп жатқан блок-бекеттерді қалдыратын боламыз. Себебі барлық блок-бекетті ашсақ, қалаға кіріп-шығушылардың саны күрт өседі. Ал бұл өз кезегінде науқастардың санының көбеюіне әкелуі мүмкін, — деді ол.

Тікелей эфир кезінде тұрғындардың бірі Ақтөбе теміржол вокзалы қашан ашылатындығын сұраса, Мәскеу ауданының тұрғыны Чехов көшесінің жолы 30 жылдан бері жөнделмегендігін айтып, шаһар басшысына шағымын жеткізді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов қазіргі таңда Ақтөбе теміржол вокзалында барлық санитарлық талаптарды сақтау бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын, теміржол қатынасын ашу туралы шешімді мемлекеттік комиссия шығаратынын жеткізді. Оның айтуынша, Ақтөбе теміржол вокзалы шамамен 1 маусымға жақын ашылуы мүмкін.

Ал қала жолдарын жөндеу бойынша жұмыстарға кеңінен тоқталған қала әкімі Асхат Шахаров биыл Мәскеу ауданында 9,8 шақырым көше жолы жөнделетінін, оның ішінде Арынов, Пугачев, Жаманқұлов, Озерная, Білтабанов, Мясоедов, Иманов, Рысқұлбеков, Пушкин, Екпінді көшелері бар екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол биыл Ақтөбе қаласында төтенше жағдайға байланысты мектеп бітіру кештері болмайтынын, індеттен сақтану үшін адамдар көп шоғырланатын жерлер, атап айтсақ, мейрамханалар, үлкен сауда орындары, АХАТ бөлімі, т.б. орындар әзір жұмысын жалғастырмайтынын жеткізді.

                                                                                                                 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button