Мереке

Ардагерлер естеліктерімен бөлісті

Әуе қорғаныс күштері әскери институтының қызметкерлері соғыс ардагерлерін Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.

Нина Галкина Орталық майданда зеңбірекші болған, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Бүгінгі күнге дейінардагердің снарядтың сынығынан жарақат алған аяғы әлі ауырады, әрең жүреді, бірақ ол оптимистік рухын жоғалтпаған.

Мерекемен құттықтап барған институт қызметкерлеріне ардагерәскерилер үшін Отанды қорғау және жер бетінде бейбітшілікті сақтау басты мақсат екенін атап өтті.

Ал бүгінде жасы 94-ке келген Михаил Диденко әскерилерге 17 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылып, 3-Беларусь майданының құрамында Пухович, Вильнюс, Каунас, Кенигсберг, Пиллау қалаларын қалай азат еткені туралы айтып берді.

— Соғыс — адамзатқа қайғы-қасірет әкелген,талай адам құрбан болған алапат қанды шайқас. Әлі күнге дейін қалай тірі қалып, Ұлы Жеңісті тойлағанымыз есімде, — деді ардагер.

Анастасия Прихно 1943 жылдың тамызынан 1945 жылдың желтоқсанына дейін бірінші жылжымалы госпитальда, 1-Беларусь майданында медбике болған. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Белоруссияны азат еткені үшін» медалімен марапатталған.

Әскери қызметкерлерге соғыс туралы, соғыс жылдарында басынан өткерген қиындықтарды айтып берген Анастасия Прихно көзіне жас алып,госпитальда сарбаздар мен офицерлерге қалай қарағанын, олардың отбасыларына хат жазғанын, мүгедек сарбаздардың қалай өмір сүріп, қайтіп майданға оралғысы келгенін еске алды.

Осылайша мерекеде әскери институт қызметкерлері ардагерлердің айтқан естеліктерін тыңдап, оларды мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.

 Ә.ҚОРҒАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button