Мереке

Соғыс ардагерін құттықтады

Облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов пен департаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Диденконы үйіне барып, мерекемен құттықтады.

Атығай Арыстанов 94 жастағы ардагерді мерекемен құттықтап, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың құттықтау хатын және Құрмет грамотасын табыстады.

— Бұл мереке— кеңес әскері жауынгерлерінің батылдығы мен ерлігінің символы. Мерекеде сізге ұзақ өмір, зор денсаулық тілейміз. Ұрпағыңыз сізді қуанта берсін!

Енді соғыс болмасын, бейбітшілік заман болсын! Біз сіздерді мақтан тұтамыз, —деді департамент бастығы.

Ардагер департамент бастығына алғысын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.

Полиция департаменті мен ардагерлер кеңесінің атынан Михаил Диденкоға тәттілер жиынтығы мен 75 мыңтеңге ақшалай төлем табыс етілді.

Сондай-ақ департамент қызметкерлері 2 соғыс және 18 тыл ардагерін Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады. Оларға 20 мың теңге ақшалай төлем берілді.

Айта кету керек, Михаил Диденко 1926 жылы Қостанай облысында туған. 1943 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылады. 1943 жылдың қарашасынан 1944 жылдың мамырына дейін оқу батальонының курсанты, ал 1944 жылдың мамырынан 1945 жылдың қарашасына дейін 3-Беларусь майданының 31-пулемет батальонының бөлімше командирі болған.Жас жауынгер соғыстың ауыр жылдары Вильнюс, Каунас, Пиллау, Пуховичи қалалары үшін 3-Беларусь майданының құрамында соғысқан.Кенингсбергті алу үшін де шайқасқа қатысқан. Ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

О.ПАЛЫМБЕТОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button