Жаңалықтар

134 мың адам әлеуметтік көмек алған, жұмысшылар талдау тапсыруда

Тікелей эфир

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мәди Елеусізов, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаев және Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова тікелей эфирде облыс тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

— Бүгінгі күні облыс әкімдігі жанындағы жедел штабта өңірдің өндірісіне қатысты бірқатар мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылуда. Солардың бірі — Атырау қаласындағы «Теңізшевройл» компаниясында жұмыс жасайтын 1500 жұмысшының өңірге келуі. Бұл мәселе бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп, қазіргі таңда жұмысшылардың барлығы үйлеріне оралды. Ал осындай вахталық әдіспен Мұғалжар, Темір, Байғанин аудандарында еңбек ететін азаматтар 30 сәуірден бастап үйлеріне оралып, бірқатары ауысым бойынша жұмыс орындарына жеткізілуде. Жалпы мұнай-газ, тау-кен өндірісінде карантиндік-санитарлық талаптар тиісті дәрежеде орындалып, барлық нормалар сақталуда. Қадағалау топтары барып, тексеріп тұрады. Мекеме басшыларымен тиісті байланыс орнатылған. Қазір бұл мәселеде ешқандай алаңдаушылық жоқ, — деді Мәди Елеусізов.

Тікелей эфирде тұрғындардың дені мамыр айына берілетін 42 500 теңге әлеуметтік төлем туралы сауал қойды. Тұрғындардың бірі 1414 call-орталығына хабарласып, ақпарат ала алмағанын жеткізсе, енді бірі жеке кәсіпкер ретінде жұмысын тоқтатқанын, төлем алу үшін не істеу керектігін сұрады.

42 500 теңге әлеуметтік төлемнің кімдерге тиесілі екенін айтқан Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы  Мақпал Тұрмағамбетова бұл сауал төңірегінде 1414немесе 70-44-05, 70-44-00 телефон нөмірлері арқылы толық ақпарат алуға болатынын жеткізді.

Қазіргі таңда барлық байланыс телефондары жұмыс жасап тұр. Ақпарат алғыңыз келсе, жұмыс күндері хабарласуларыңызға болады. Жалпы, төтенше жағдай жарияланғаннан бері Ақтөбе қаласы бойынша әлеуметтік төлем алуға 300 мыңнан астам адам өтініш жіберген. Бүгінгі күні 134 мың адам әлеуметтік көмекті алып отыр. Ал жеке кәсіпкер өзінің табыс көзін тоқтатып, осы төлемді алуға өтініш берсе, оның өтініші заң аясында қаралатын болады, — деді ол.

Тікелей эфирде облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаев өңірдің әлеуметтік-еңбек саласында ахуал тұрақты екенін, дегенмен кейбір жұмыс берушілер төтенше жағдайға байланысты жұмысшылардың жалақысын уақтылы төлемей, осы мәселеге қатысты басқармаға шағым түскенін айтты.

Бұл мәселе бойынша еңбек инспекциясы қызметкерлері сол мекеме басшыларын шақырып, жұмысшыларға көмектесіп жатыр. Өздеріңізге белгілі, биыл 1 қаңтардан бастап Президенттің Жарлығына сәйкес, бұл салада тексерулер тоқтатылды. Дегенмен еңбек инспекциясы жұмыстан шығару, жалақы төлемеу мәселелеріне байланысты жұмысшыларға көмектесуге дайын, — деді Саламат Аманбаев.

Сондай-ақ тікелей эфирде Бисенкөл кен орнының жұмысшылары тарапынан коронавирус инфекциясына талдау тапсыруға қатысты түскен сауалға Мәди Елеусізов былай деп жауап берді:

Бұл мәселе облыс әкімдігі жанындағы жедел штабта қаралды. Бүгінгі күні облыста вахталық әдіспен жұмыс жасайтындардың саны 14 мыңнан асады. Қазір олардың жартысы — жұмыс орындарында. Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданы карантинге жабылған соң, індеттен сақтану мақсатында кен орындарында вахталық әдіспен еңбек ететіндер міндетті түрде инфекцияға талдау тапсырып, оның қорытындысы дұрыс шыққан кезде ғана ұйымдасқан түрде жұмысына не үйлеріне жеткізілуде. Бұл мақсатта қазір барлықмекемелер, дәрігерлер жұмыс жүргізіп жатыр.

Тікелей эфир барысында басқарма басшылары тұрғындар тарапынан зейнетақыға үстемеақы қосу, өндірістегі оқыс оқиғаға байланысты төлем төлеу, жұмысшылардың уақтылы жалақы алуы, әлеуметтік көмек көрсету, коммуналдық төлем үшін берілетін 15 мың теңге, т.б. сауалдарға жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button