Жаңалықтар

Кәсіпкерлік, жол және үшінші кезең жөнінде

«Aqtòbe» телеарнасындағы «Індет пен міндет» хабарында төтенше жағдай кезіндегі кәсіпкерлік саласы жұмысының қалпына келтірілуі, қала жолдарының жайы, басқа да мәселелер туралы айтылды. Бұл хабарға кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ержан Мұздыбаев және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашевтар қатысты.

Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, карантин режимін жеңілдетудің үшінші кезеңі, яғни 11 мамырдан бастап кәсіпкерлік саласы бойынша қонақүйлер, хостелдер (тамақты бөлмеге жеткізу қызметімен), жол бойындағы кемпингтер (тамақты бөлмеге жеткізу қызметімен) мен моншалар, сауналардың  (сағат 10.00-18.00 аралығында) қызмет етуіне рұқсат беріледі. Сондай-ақ санитарлық талаптарды орындау міндетімен белгілі бір қызмет түрлеріне де жұмысты қалпына келтіруге рұқсат етіледі. Сондай-ақ басқарма басшысы төртінші кезең бойынша қосымша ақпарат өңірдегі эпидемологиялық жағдайға қатысты жарияланатынын да тілге тиек етті.

Бағдарлама барысында қаладағы жолдарды жөндеу, ескі үйлерді терможаңғыртудан өткізу жайы да талқыланды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашевтыңайтуынша, үйлерді терможаңғырту бойынша мәселе былтыр бюджетке енгізілген. Өткен жылы  Қандыағаш қаласында екі үйді терможаңғыртуға қатысты  жалпы құны 95 млн теңгеге екі жоба мақұлданған. Биыл Ақтөбе қаласы бойынша 45 үй терможаңғыртудан өткізілмек.

–«Жол картасына» сәйкес, жол жөндеуге қатысты көлемді жұмыс жоспарланып отыр. Қаладағы 651 шақырымға созылған жолдың 300 шақырымына бетон жамылғысы төселген. Биыл «Жол картасына» сәйкес, республикалық қазынадан қаладағы жол жөндеу, жол құрылысын жүргізу жұмыстарына 13,9 миллиард теңге қарастырылып отыр. Қазіргі уақытта осыған қатысты бас мердігер мекемелер анықталып, жұмыс жүргізе бастадық: қайта жаңғыртуға қатысты Арынов көшесі, Сәңкібай батыр, Мәңгілік ел даңғылдарында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге құны 4,3 миллиард теңге болатын үш шақырымдық жолдың құрылысы басталды. Күрделі жөндеуге қатысты 19 жоба бар. Оның құны–2 миллиард 300 миллион теңге, күрделі жөндеу жүргізілетін жолдың ұзындығы – 30 шақырым. 68 жоба бойынша 80 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілмек, ол үшін 9 миллиард теңгеден астам қаражат қаралып отыр.

Бүгінгі күні «Жол картасы» бойынша Заречный-3,4 елді мекендеріндегі жолдарда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Гарнизонная, Жанқожа батыр көшелері мен Бөкенбай батыр даңғылында қайта жаңғырту жұмыстары басталды, Заводской, Зинченко көшелерінде жолды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Келесі аптада жол жөндеуге қатысты тағы да мердігер компаниялар анықталып, жұмысты жалғастыратын боламыз, –деді ол.

Балабақшалардың жұмысының қайта қалпына келтірілуі, құрылыс дүкендерінің, соның ішінде «Мерей» сауда орталығының жұмысына қатысты да сұрақтар қойылды. Н.Тілеумұратовтың айтуынша, балабақшалардың жұмысы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты соңғы кезеңде ғана іске қосылуы мүмкін.

«Азық-түлік емес сипаттағы сауда орындарының аумағы 500 шаршы метрден аспайтын нысандарға ғана жұмыстарын қалпына келтіруге рұқсат етілді. Ал «Мерей» сауда үйінің аумағы, әлбетте, одан асып кетеді, мұндай ірі нысандар төртінші кезеңде, яғни 15 мамырдан кейін ғана іске қосылады», –деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы.

Тұрғындар коммуналдық төлем үшін мұқтаж адамдарға берілетін 15 мың теңгеге қатысты да сұрақтар қойды. Пәтерде тұратын ақтөбеліктер, егер өз атында үйі болмаса, пәтерде тұратын үйі үшін 15000 теңге алуға болатыны-болмайтындығын сұрады. Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, 18 сәуірде Индустрия министрлігі коммуналдық қызмет көрсетушілерге шығындарды өтеу ережесін бекітті. Бұл ережеге сәйкес, жеті санатқа жататын азаматтар –1, 2, 3-топтағы мүгедектер,  мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау, әскери қызмет атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары, ең төменгі және одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, соның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер коммуналдық төлем үшін 15 000 теңге көлемінде көмекке ие болады.

–Ережеге сәйкес, осы санатқа жататын азаматтардың жеке үйі, яғни коммуналдық мекемелерде жеке шоты болуы керек. Сондай-ақ министрлік бекіткен жеті санатқа кіретін азаматтармен бірге тұратын адамдар да өтініш бере алады, –деді ол.

Тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына, көпір құрылыстары мен кейбір көшелерді кеңейтуге, аулаларда салынатын балаларға арналған спорт алаңдарына, жол құрылысы сапасына, азық-түлік бағасына, қаланың кейбір аудандарында жарықтандыруды ретке келтіріп, жол белгілерін орнатуға, абаттандыруға да қатысты сұрақтар қойды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button