Білім

Гранттан құр қалмайтын мектеп

Оқушылардың түрлі жарыстардан жеңімпаз немесе жүлдегер болып келіп жатқанын естіп, қуанып жатамыз. Жерлестерімізді сондай қуаныштарға бөлеп жүрген мектептердің бірі – облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернаты.

1996 жылы физика-математика мектебі болып ашылған оқу орны облыстың дарынды балаларына арналған. Атына заты сай мектептің оқушылары қай жылдары да өздерінің білімдарлығымен көрініп келеді. Оны біз мектеп ұжымының басшыларымен әңгіме кезінде толығырақ біліп, таныстық.

Біз мектепке барған шақта мектептің басшылық қызметі оқушыларға тапсырылыпты. Мектеп директорының орындығында отырған «Оқушы-директор» Данат Нұрғалиев жылы қарсы алды.

– Мектептің тарихымен танысқыңыз келсе, айтып берейін, – деді Данат. – Мектепке 2004 жылы республикалық дарынды балалар физика-мектеп интернаты деген мәртебе берілді. Қазіргі кезде 220 оқушы білім алуда. Интернатта 96 бала жатады. Биылғы оқу жылының екінші тоқсанының қорытындысы бойынша 35 оқу үздігі, 136 оқу екпіндісі болды. Оқушылардың білім сапасы 78 пайызды құрайды.

Мектеп «директорының» айтуынша, оқушылар білім саласындағы жетістіктерін үзбей келеді екен. Мәселен, биылғы жылы Мұрат Сәрсенбаев пен Сейдақ Әділжан Мәскеу қаласының түбіндегі Протвино қаласында өткен халықаралық турнирде Монте-Карло әдісін қолдану тақырыбында ІІ орынды иеленген. Асылбек Исатаев пен Батыр Аленов Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың физика-математика факультетінің негізінде өтетін математикалық ХХІ Азия-Тынық мұхиты аралығындағы елдердің олимпиадасына қатысуға кеткен.

Бұл мектепте «ғылымдардың падишасы – математикамен» қатар өнерді де бірге алып жүрген өрендер бар екен. Мәселен, Мөлдір Ержанова IV халықаралық «Астана-мерей» жас орындаушылар байқауында «Фортепиано» номинациясы бойынша орта топ жүлдегері атанып, өнерден де топ жаратындығын көрсеткен.

«Жас директордан» кейін бас директор Рақым Шамғоновты әңгімеге тарттық.

– 1998 жылы мектептің алғашқы түлектері жаңа өмірге жолдама алды, – дейді Рақым Шамғонов. – Біздің мектеп негізінен ауылдан шығатын дарынды балаларға арналған. Дегенмен қазір қаланың балалары да білім алуда. Мектепке 6-сыныптан бастап оқушылар қабылданады. Олар арнайы тест тапсырады және психологиялық сынақтан өтеді. Мектептің тыныс-тіршілігі облыстың алдыңғы қатарлы мектептерінің санатында саналады. Бір өкінетініміз – орналасқан ғимаратымыз бұрынғы балабақшаның орны. Мектепке сәйкестендірілген. Алайда типтік жүйеде емес. Оқушылардың өз білімдерін жетілдіруі, ұстаздардың мүмкіндіктерін арттыруы үшін жақсы типтік жобадағы мектеп үйі керек. Дегенмен ұстаздар ұжымы әуелден қалыптасқан, ауызбіршілігі мол мектеп деп айта аламыз. Мұғалімдердің жеке жетістіктері бір төбе. Мәселен, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Үміт Есенаманова өткен жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы белгінің иегері атанды, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі. Ал бұл кісінің жеке жұмыс істеуі арқылы табыстарға жеткен шәкірттері қаншама. Лидия Ешмұратова Қазақ КСР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Облыс, республика көлемінде жұмыс істеп жүрген Ұштап Таңатарова Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері белгісін омырауына тақты. Ал Орынбасар Саржанов Халық ағарту ісінің үздігі. Ол – сонымен қатар республикалық ұлттық бірыңғай тестілеу комиссиясының тұрақты мүшесі. Химия пәні бойынша Райса Аяуованың шәкірттері де өздерін үздік қырынан көрсетуде. Географ жас ұстаз Лаура Мәндібаева, орыс тілінің маманы Ләззат Пангереева, физиктер Сара Қалжан, Алтыншаш Қожакенова секілді ұстаздар шәкірт тәрбиелеуде жетістіктерге жетіп келеді.

Мектептің ғимараты бұрынғы балабақша болғанымен, материалдық-техникалық базасы салыстырмалы түрде жаман емес. Заман ағымына қарай 5 интерактивті тақта орнатылған. Әрбір 9 оқушыға бір компьютерден келеді. Шағын болса да оқу залы, кітапхана оқушылардың игілігіне жарап жатыр. Мектеп ұстаздары өздерінің озық іс-тәжірибелерін облыстық, республикалық басылымдарда жариялап тұрады.

Мектеп директорының бағдарлы пәндер жөніндегі орынбасары Орынбасар Саржановтың айтуынша, оқушылардың ғылым-білімге деген талпыныстары жоғары. Республикалық ғылыми-практикалық орталықтың өңірлік орталығы біршама бағыт-бағдар беретін көрінеді. Сонымен қатар Кіші ғылыми академияның ұйымдастыруымен өткен сайыстарға биылғы жылы наурызда 22 баяндамамен 30-дан астам оқушы қатысты. Өткен оқу жылында 10 баяндама тапсырылып, 6 оқушы орын алған. Бұл байқау бірнеше сатыдан тұрады. Ақпанда өткен сайыста төрт оқушы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ грантын жеңіп алды. Физика-математиканың жаратылыстануға қатысты бағытында дарындыларды анықтау сынағында республикалық байқауларға бірнеше бала қатысты. Математика, қолданбалы математика, экономика, физика, астрология, техника, химия, экология ғылымдары бойынша оқушылардың жетістіктері баршылық. Сондай-ақ, республикалық деңгейде интеллектуалдық марафондарға қатысады. Ал Австралияның «Кенгуру» марафоны таза математика мен ағылшын тілі бойынша өтеді. Сосын «Орыс қонжығы» сайысы орыс тілі пәнінен өтеді. Бұл байқаулардан біздің оқушылар жыл сайын 7-8 жүлде алады екен.

Мектептің тарихы тереңде жатпаса да, 13 жыл ішінде 43 «Алтын белгі» иесі шыққан. Олардың қай-қайсысы да әр түрлі мамандықта білім алып, елімізге қызмет етуде. Бұрын мектеп түлектері Қазақстанда оқыса, қазір алыс-жақын шетелдерде білім алуда. Пекиннің мұнай университетінде, Ұлыбританияда, АҚШ-та, Ресейде білімін жалғастырып жатқан жерлестеріміз аз емес. Мәселен, Азамат Шотанов Мәскеудің құрыш балқыту және қорыту институтын үздік тәмәмдап, сол оқу орнында қалды. Кезінде Мәскеудің «Жыл студенті» атанған. Қазіргі кезде ол әрі жұмыс істеп, әрі магистратурада оқуын жалғастыруда. Оның ғылыми қарымдылығын аңғарған институт басшылығы оған институт ішінен шағын лаборатория ашуға мүмкіндік берді. Азамат студент кезінде жоғары оқу орнынан екі рет мектепке Алғыс хат келген. Осы мектепті бітірген Асылан Шаңғұтов АҚШ-та білім алып, қазір Қазақстан экономикасы үшін қызмет жасауда. Еркебұлан Нәбиев, Саят Оспанов, Нұрбек Саржанов сияқты түлектер «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да табысты жұмыс істеуде. Асқар Қалқаманов Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың физика факультетін ағылшын тілінде аяқтап, қазір ғылыми жұмыспен айналысуда. Өткен жылы мектеп бітірген 22 бала түгелдей жоғары оқу орындарының гранттарына ие болды.

Жақсы жетістіктерге жетуде мектептің жұмыс процесінің, ұстаздар мен тәрбиешілер қауымының орны бөлек. Оқушылардың жақсы болуы – солардың еңбегі. Мектептің жемісі тәрбиешілерге де көп байланысты. Мектеп-интернат ашылғалы еңбек етіп келе жатқан Тыныштық Алмағамбетова, Гүлшара Саржанова секілді тәрбиешілер оқушылардың анасындай болуда. Жас болса да, өз ісінің білгірі Гүлжан Романова интернаттың меңгерушісі ретінде оқушылардың тілін таба біледі.

Соңғы жылдары үлкен-үлкен сайыстарда жүлде алып жүрген оқушылардың бірқатарымен сұқбаттасудың сәті түсті.

Соның бірі – Мұрат Сәрсенбаев. Мұрат Ырғыз ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте оқыған. 7-сыныптан кейін осы мектеп-интернатқа келіп бақ сынап, бағы жанған.

– Облыстық физика-математика мектебінде оқығалы мақтау қағаздарынан құр қалған емеспін, – дейді Мұрат. Химия, физика, компьютерлік физика салалары бойынша облыстық, республикалық байқауларда жүлде алдым. Мәскеу қаласы төңірегіндегі Протвино қаласында болған «Компьютерлік физика-2009» байқауында алған жүлдем әзірге үлкен олжа болып саналады. Мұнда мен Монте-Карло әдісі бойынша сынға түстім. Оны қысқаша түсіндіріп өтейін. Ол – шектелген ауданды табудағы ықтималдық, яғни бүкіл ықтималдық сандарды қамту.

Бұл байқауға мектептің 11-сынып оқушысы Сидақ Әділжан да қатысып, сыныптасы секілді ІІІ орынды иеленген. Мұрат пен Сидақ Кіші ғылым академиясының облыстық, республикалық байқауларында, республикалық «Дарын» сайыстарында бірнеше рет жүлделерді жеңіп алған.

Мамандандырылған мектеп-интернатта білім алып жатқан оқушылардың негізгі мақсаты – ұстаздарынан білім алып, елімізге қызмет ету.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button