Жаңалықтар

Шектеу шаралары жалғаса береді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін созылғаны белгілі.

Ал осы күні төтенше жағдай режимі аяқталғанның өзінде де облыста COVID-19 дертінің одан әрі таралуының алдын алу мақсатындағы шаралар жалғаса береді.

Бұл туралы 7 мамырда «Aqtòbe» телеарнасының тікелей эфирінде өткен «Ақпараттық сағат» хабарында айтылды. Хабарға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев қатысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының пікірінше, біздің аймақта коронавирус індетінің бірінші толқыны өзінің шырқау шегінен өтті.

— Індеттің бірінші толқынының шырқау шегі сәуірдің аяғы мен мамырдың бастапқы күндеріне сәйкес келді. Індет ошақтары тез анықталып, жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін, оқшаулау шараларының қолға алынуы нәтижесінде, соңғы үш күнде дерттің таралу қарқыны бәсеңдеді, — деді ол.

Облыста тіркелген 172 науқастың 34-і бүгінде жазылып шықты, емделіп шыққандардың үшеуі — балалар. Тағы 10 бала қазіргі күні ем алып жатыр. Барлық науқастардың 53-і — басқа аймақтардың тұрғындары, яғни коронавирус дертіне шалдыққаны Ақтөбе арқылы сапарлап жүрген кезінде анықталған жандар. Бір жақсысы, науқастардың арасында дерті қатты асқынған адам жоқ.

— Екі адамның жағдайы орташа ауыр деңгейде, өзге науқастардың халі жақсы, яғни қанағаттанарлық деңгейде, — деді Әсет Қалиев.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев төтенше жағдай режимі аяқталған күнде де әзірге блок-бекеттер жұмысының жалғаса беретінін айтты.

— Мұндағы мақсат — азаматтарды жаппай тексеру емес, індеттің кең таралуын болдырмау, соның алдын алу. Өздеріңіз білесіздер, біздің облыс тоғыз жолдың торабында орналасқан. Еліміздің бір өңірінен — бір өңіріне, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан секілді көрші елдерге қатынас біздің облыстың аумағы арқылы жүзеге асырылады, сондықтан әзірге шектеу шараларынан бас тартуға болмайды, — деді Қанат Әлиев.

Бұл сөзді Әсет Қалиев те қуаттады, ол солтүстіктегі көршіміз — Ресей елінде бүгінгі күні коронавирус індетінің өршіп тұрғанын, жалпы әлемде пандемияның әлі де жалғасып жатқанын, соған байланысты қоғамдық орындардағы сақтық шараларына, азаматтардың медициналық бетпердемен жүру, жеке бас гигиенасына қатысты талаптарды тіпті де босаңсытуға болмайтынын баса айтты.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button