Жаңалықтар

Қауіп әлі сейілген жоқ

Облыста COVID-19 індетіне шалдыққан 172 науқас бар. Олардың 66-сы ауруды сырттан жұқтырып келсе, өзгелері — науқастардың жақындары немесе көрші тұрған және тағы басқалай байланыста болған жандар.

Науқастардың басым бөлігі — Ақтөбе қаласының тұрғындары, аудандар арасынан коронавирус індеті тек Мәртөк ауданында тіркеліп отыр. Мұнда 8 науқас бар, олардың алтауы — індетті сырттан жұқтырып келгендер.

Бұл жөнінде 7 мамырда «Aqtòbe»телеарнасында өткен тікелей эфирде облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева айтты.

Нұрсұлу Беркімбаева індеттің таралу қаупінің әлі де сейілмеуіне байланысты тұрғындарды сақтық шараларына мұқият болуға, тек зәру жағдайлар (жұмысқа бару, азық-түлік, дәрі алу) үшін ғана болмаса, қала ішінде әрлі-берлі жүрісті барынша шектеуге, өзінің және жақындарының денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

— Қазір күн жылынды, үйде отыру қиын, әсіресе балалар далада ойнағылары келеді. Бұл бәрімізге түсінікті. Дегенмен бас амандығы, денсаулық мәселесі бірінші кезекте тұратынын ұмытпағайсыздар. Коронавирус індеті — бүкіл әлемді алаңдатып отырған дерт, әлі оның нақты емі табылған жоқ, сондықтан бұған жеңіл-желпі қарауға болмайды, — деді ол.

Тікелей эфир барысындағы көрермендер сауалдары, негізінен, облыс орталығындағы індетке байланысты жабылған подъездер тұрғындарының жағдайы, қалалар арасындағы байланыстың қашан қалпына келетіні төңірегінде болды.

Елімізде төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін созылғаны белгілі. Нұрсұлу Беркімбаева індеттің таралу қаупінің бәсеңдемеуіне байланысты қалалар арасындағы көлік қатынасының қашан жанданатыны әзірге белгісіз екенін жеткізді.

Ал 29-30 сәуір күндері Ақтөбеде жаңа науқастардың анықталуына байланысты,олар тұратын подъездер 14 күнге жабылды. Қала бойынша барлығы 51 подъезд жабылған. Осы мерзім ішінде бұл подъездердің тұрғындары ешқайда шыға алмайды. Нұрсұлу Беркімбаева мұндай қатаң шектеулердің дерттің таралып кетпеуі үшін керек екенін түсіндіріп, тұрғындарды аз күнге сабырлылыққа шақырды.

Тікелей эфирге облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова мен Еуразиялық қайта құру және даму банкінің қызметкері Айбек Оразбаев та қатысып, төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлергеҮкімет, сондай-ақ банк секторы тарапынан қарастырылған қолдау шаралары жөнінде айтты.

— 11 мамырдан бастап моншалар, кемпингтер мен қонақүйлер қызметі қайта жанданады. Әрине, қайта ашылған нысандар санитарлық талаптарды қатаң сақтап, індеттің таралуына жол бермеу үшін тиісті зарарсыздандыру жұмыстарына ден қоятын болады. Төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлерге салық, несиені кейінге шегеру және басқа мәселелер бойынша жеңілдіктер қарастырылды. Енді алдағы уақытта кәсіпкерлерге қандай нақты көмектер қажет деген мәселе төңірегінде зерттеу жүргізіліп жатыр, осыған байланысты ұсыныстарымызды Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереміз, ал одан әрі сарапталып, іріктеліп, тиісті министрліктерге жолданады, — деді Анар Даржанова.

Сонымен бірге ол жұмыспен қамту мақсатындағы жобалардың да,шектеулерге қарамастан жалғасып жатқанын жеткізді. Мысалы, өз кәсібін ашуға талпынып жүрген жандарды «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн режимінде жүргізіледі. Бұған өтініштер қабылдау мамыр айының соңына дейін жалғасады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button