Басты жаңалықтарЖеңісМереке

Құрметті ардагерлер және Отан қорғаушылар!

Баршаңызды қатар келген 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр — Жеңіс күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Зер салып қарасақ, осы мерекелердің мағынасымен қатар мазмұнының ұқсастығын, ұрпақтар сабақтастығының бірізділігін байқауға болады.

Міне, біз 75 жыл болды, соғыс деген зұлматтың не екенін көрмей, бейбіт ғұмыр кешудеміз. Ол — біздің майдангер аталарымыздың қалдырған мұрасы. Әрбір майдангердің қосқан үлесін ескеріп, құрметтеу —біздің азаматтық борышымыз.
Күн өткен сайын арамыздан саны азайып бара жатқан ардагерлерімізге айтарымыз, сіздерге болашаққа алаң болуға негіз жоқ. Елдің бейбіт өміріне кепіл болатын жас ұрпақ анттарына адал. Сіздер аманаттаған елдің тұтастығы мен бірлігіне нұқсан келтірмей, қорғап қалатын ізбасарларыңыз әрдайым қырағы күзетте. Қандай болмасын сынға төтеп беруге әзір. Қанатымен күн арқалаған қыран бейнелі қастерлі тудың түбінде тұрып берген анттарына адал.
Қазіргі бүкіл әлемді дүрбелеңге салып, көзге көрінбес майдан ашқан індетпен күресуде де біздің әскер қатарында жүрген азаматтарымыз жан аямай күресуде. Залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетіндер де солар. Мұқтаждық туып, запастағы жауынгерлерге шақыру жарияланғанда өз еріктерімен әскери қызметке келген азаматтарымыздың қатарының саны басым
болды. Жастарымыздың осы әрекеті ертеңгі күнге деген сенім және Отанымызға деген сүйіспеншілігіміздің шынайы белгісі іспетті. Сондықтан осы сын сағаттанда сүрінбей, індетпен күрестегі жетістіктерімізді арттыра берейік.
Елдің тыныштығы мен амандығы жолындағы еңбектеріміз еселене бергей! Жеңісті күндеріміздің жемісін көрейік. Баршамызға ортақ осындай мерекелеріміз
құтты болсын!

Ізгі тілекпен, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН

Басқа жаңалықтар

Back to top button