Жеңіс

«Әкем майданда фельдшер болған…»

Жеңіс-75

Жыл сайын Жеңіс күні жақындағанда Темір ауданы Алтықарасу ауылының тұрғыны Закария Рахметовәкесін сағына еске алады. Қазір өзі де ұлын ұяға, қызын  қияға қондырып,  жетпіске жақындаған ақсақал  майдангер әкесі туралы немере-шөберелеріне әңгімелеп отырады.

— Әкем Забық Рахметов 1914 жылы Ойыл ауданындағы Үшбұлақ ауылында дүниеге келген. Алтықарасудағы жеті жылдық мектепті бітірген соң, Ақтөбе қаласында тұратын ағасы Бисембай Қабиевтің үйінде жатып, онжылдық мектепті аяқтайды. Соғысқа дейін, яғни 1939 жылы Қостанай қаласындағы медициналық училищені бітірген. Алғашқы еңбек жолын Байғанин ауданының Доңызтау ауылында бастапты. Мынадай бір қызық әңгімені өзі айтып отырушы еді. Жолдамамен Доңызтауға  қызметке барады ғой. Содан басқарма бір үйге әкеліп, «осы үйге орналасасың» деп үй иелерімен таныстырып, кетіп қалады. Үйге кіріп, заттарын орналастырып жатқанда «Қойлы ауылда бір әйел босана алмай жатыр» деген хабар келеді де, түн ішінде атқа мініп, 50 шақырым жүріп, шақырған үйге ертеңіне сәскеге таман жеткен екен. Әлгі үйдің қасына келіп, аттан түсіп жатса, бір жігіт келіп: «Сүйінші, дәрігер! Әйелім үш күн толғатып, босана алмай, қатты қиналды. Бүгін тіпті шыбын жаны көзіне көрініп еді. «Дәрігер келді» дегенді естіген соң, оңай босана қойды. Сізге көп рақмет, дәрігер!», деп мұны құшақтап, бетінен сүйіп, мәз болыпты. Бір қызығы, әкем басқарма көрсеткен үйге сол шығып кеткеннен қайтып баруға қолы тимепті. Ол кезде ел ішінде ауру-сырқау да көп, қазіргідей зыр еткізіп жеткізетін көлік те жоқ. Содан науқастарды емдеу үшін екі жыл Доңызтау, Матай, Жарқамыс, Оймауыт секілді ауылдарды аралап жүрген екен, — деп әкесін сағынышпен еске алды Закария Рахметов.

Ел аралап, науқастарды емдеп жүрген жерінен 1941 жылдың қарашасында Темір аудандық комиссариатынан майданға шақырылыпты. Ұлы Отан соғысында 101-қазақ дербес атқыштар бригадасы құрамында санитарлық батальонның аға фельдшері болды. Бригадамен бірге әуелі Мәскеу, кейіннен Ленинград майданында жүрді. Әрине, дәрігер болғасын жараланғандарды емдеді, ауыр жарақаттанғандарды ауруханаға жіберумен айналысыпты.

— Әкем 1943 жылы ақпанда немістің ұшақтары бомбалаған кезде, ауыр жараланыпты. Далалық госпиталь өртеніп кетіпті. «Ол жерде бірде-бір адам тірі қалмады. Бір тәуліктен соң біздің орналасқан жерімізді қайтадан жаудан тазартып, өлген адамдарды бір жерге жинап жатқанда бір солдат «Мына бір офицердің  жаны бар сияқты...» деп, ес-түссіз жатқан мені өліктердің арасынан өңгеріп алып, тылға кетіп бара жатқан бір арбаға салып жіберіпті. Содан мен 5 күннен кейін есімді жисам, Саратов қаласына жақын маңдағы бір госпитальда жатқанымды білдім. Бұл жерде бір жыл емделдім», — деп  еске алып отырушы еді марқұм әкем, — дейді Закария Забықұлы.

Майдангер елге келген соң, 1944 жылы Зылиқа Иманғалиқызына үйленеді. Ол сол жылдары Темір ауданындағы жалғыз дәрігердің алаңсыз жұмыс жасауына мүмкіндік жасап, асыл жар болды, өмір бойы ауруханада еңбек етті, Закария, Марэн, Кәкімжан, Рашид, Әлімжан, Болат, Қайрат атты жеті ұлды өмірге әкелді. Қазір осы жеті ұлдан тараған немере-шөберелер Ұлы Отан соғысына қатысқан атасын мақтан тұтады.

Интернетте Томск қаласының журналистері бастама көтеріп құрған аймақаралық тарихи-патриоттық «Бессмертный полк» қозғалысының ресми сайты (www.moypolk.ru)  бар. Cол сайтқа немересі Айгүл атасы туралы деректерді енгізіп қойыпты. Ол жерде Забық Рахметовтің 1914 жылы туғаны, аға лейтенант, медицина бөлімінің фельдшері болғаны, тіпті, соғыстан кейін де дәрігер болғаны, Алтықарасуда фельдшер болып жұмыс істегені, сондай-ақ, сол жылдары Темір ауданында жалғыз дәрігер болғаны да жазылыпты.

Ал Темір аудандық энциклопедиясында медицина қызметінің аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталғанын, майданнан оралғаннан кейін өзінің туған ауылы Алтықарасуда учаскелік ауруханада бас дәрігер, фельдшер, гинеколог болып жұмыс жасағаны көрсетілген. Сондай-ақ майдангер Забық Рахметовтің денсаулық саласындағы ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, облыстық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының «Құрмет кітабына» есімі жазылған.

Осы материалды жазу барысында біз Забық атаның елге жақсылық жасауда аянып қалмайтын, кісі көңілін жықпайтын ақкөңіл болғанын білдік.

Соғыс ардагері, елге сыйлы дәрігер Забық Рахметов жетпістен асқан шағында 1985 жылдың 14 қарашасы күні қайтыс болды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button