Жеңіс

Жеңісті жақындатқандардың бірі

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Nur Otan партиясы елдегі төтенше жағдай режимін ескере отырып, «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Ұлы Отан соғысының батырлары мен қатысушылары туралы тарихи деректерді әлеуметтік желілерде жариялау мақсатында #Qaharman челленджін қолға алды.

Осы орайда мен де өзімнің атам Данағұл Елемесов туралы жазуды жөн көрдім. Кеңес өкіметі кезіндегі кейбір құжаттарда оның аты-жөніДанзула Илимисов немесе Данула Илимисов есімімен кездеседі.

Данағұл Елемесов 1911 жылы Шалқар ауданы «Сарықамыс» ұжымшарының №7 ауыл кеңесінде дүниеге келген. Есейіп, ержеткен шағында Сарықамыста колхозшы болып еңбек етеді.

1941 жылдың маусым айында Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, ер-азаматтардың дені майданға алынады. Олардың қатарында менің атам Данағұл да бар. Ол 1942 жылы әскерге аттанады. 1945 жылға дейін майдан шебінде 918-жеке корпустық саперлік батальоны құрамында болып, елді жаудан азат ету жолында күреседі. Жеңісті жақындату жолындағы қанды шайқастардың бірінде ол қатты жарақаттанады. 1945 жылы майдан даласынан елге мүгедек болып оралады.

Соғыстан кейін елде қираған экономиканы, халық шаруашылығын қалпына келтіру басты міндет болды. Данағұл Елемесов 1961 жылға дейін «Қызыл жұлдыз» ұжымшарында шопан болып, құлдыраған елдің тұрмысын түзеуге атсалысты.

Кейін Тойған әжемізбен отбасын құрып,төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіреді. Ұрпағының сауатты болуына мән берген атамыз қыздары Набат, Сәния, Дания, Жәния және жалғыз ұлы Жеткергеннің білім алуына да ерекше көңіл бөлген.

Атам 1961 жылы соғыстан алған жарақатына байланысты дүниеден озған. Өмірден өткенге дейін ол балалығы мен жастығын ұрлаған сол бір нәубетті жылдардың ұрпағының басына қайта үйіріліп келмеуін, елінің тыныштығын тілепті.Атамның көзін көрген қариялар ол кісінің ержүрек, көпшіл, ағайынға қамқор, қайырымды, жүрегі жұмсақ адам болғанын жиі айтып отыратын.

Данағұл Елемесов соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және тағыбасқа медальдармен марапатталған.

Ербол ДАНАҒҰЛОВ,

Nur Otan партиясы облыстық филиалы

төрағасының бірінші орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button