Жеңіс

Қайсар қаһармандар

Жеңіс-75

Биыл ақтөбелік Кеңес Одағының Батырлары — Федор Акимов пен Александр Батуриннің туғанына 105 жыл толады. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында батырларымыздың өмірі мен қан майданда көрсеткен ерлігі туралы деректерді ұсынғанды жөн көрдік.   

Акимовтің «айласы»

1915 жылы 21 мамырда Ақтөбе қаласында қызметшінің отбасында дүниеге келген Федор Акимовкеңес әскері қатарында 1941 жылдың қаңтарынан бастап қызмет еттi. 1943 жылдың қыркүйегінде 705-атқыштар полкіндегі станокты пулеметтер бөлімшесінің  командирі (Орталық майдан, 60-армия, 121-атқыштар дивизиясы) аға сержант Акимов өз сарбаздарымен ротада бірінші болып Киевтің солтүстігіне таман Днепр арқылы өтіп  кетеді. Алайда жаудың тегеурінді тықсыруы салдарынан өзеннің  сол жақ жағалауына қарай кетуге мәжбүр болды.Аздан соң Днепр арқылы қайта өтіп және Глебовка кемежайы ауданында бір топ жауынгердің өзен арқылы өтуін пулемет оғымен қолдап тұрды. Сөйтіп, атқыштар бөлімшелерінің Днепр арқылы Козаровичи селосына бұзып-жарып өтуіне мүмкіндік жасады.

Еpлік пен қаһармандық көрсеткені үшін аға сержант Ф.Акимовке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 17 қазандағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталды.

Cоғыстан кейін ол Өзбекстанның Ташкент облысындағы Кибрай кентінде тұрды. Ол 1965 жылы 27 сәуірде қайтыс болды.

Батыр Батурин

1915 жылы 21 шілдеде Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы Полтавка кентінде кедей шаруа отбасында туғанАлександр Батурин орта мектепті бітіргеннен кейін жүргізуші болып еңбек етті. Ол ұшқыш болуды армандады. 1935 жылы Орынбордың аэроклубына оқуға түседі. Бұдан кейін Жоғарғы ұшқыш-планерлер мектебінде оқиды.1938 жылы әскерге шақырылғанға дейін Александр Алматы аэроклубында нұсқаушы-ұшқыш қызметін атқарады.

Жауынгерлік әзірліктің бейбіт жылдарында ұшқыш шеберлігін игеру Александр Батурин үшін босқа кеткен жоқ. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап ол неміс фашистеріне өзінің Балтиканың таңдаулы жойқын ұшқыштарының бipi екенін көрсетті.

1941 жылдың 21 тамызында жаудың 20 бомбалаушы ұшағы бірден Эстонияның астанасына шабуыл жасаған кезде ол фашистермен тұңғыш рет айқасты. Жаудың бip ұшағын атып түcipiп, Александр алғашқы жеңіске жетті.

Ленин қаласы үшiн болған әуе ұрыстарында ұшқыш аяусыз соққы беруде ерекше epлiк пен шеберлік көрсетті. 1942 жылдың 3 сәуірінде Батурин дұшпанның төрт ұшағымен ұрыс жүргізді. Біреуін атып түсіріп, қалғандарын қашуға мәжбүр етті. Сол күнi ержүрек ұшқыш ceгiз ұшақтанқұралған топты басқарып, күші басым дұшпанға қарсы тағы да ұрыс салып, үш фашист құзғынын жойды. 24 cәyipдe Ленинградқа өтуге тырысқан немістің жеті истребителі мен бес бомбалаушы ұшағына қарсы алты кеңестік ұшақ ұрысқа енді. Батурин асқан ұшқыштық шеберлік көрсетіп, ұрысқа алғашқылардың бipi болып кірісті. Біздің ұшқыштарымыз өздерінің батыл шабуылымен жаудың сапын бұзды да, фашистердің үш ұшағын атып түсірді.

Ленинград үшiн болған соңғы ұрыстарда Батурин жаудың үш ұшағын атып, үш соғыс кемесін суға батырды, 40 зенит-пулемет ұясын, үш батареясын, солдаттар мен соғыс жүктері тиелген 42 автомашинасын, ауада бақылайтын үш аэростатын, төрт оқ-дәрі қоймасын жойып жіберді.

61-авиация бригадасының 71-авиация полкі командирінің орынбасары аға лейтенант А.Батуринге Ленинград түбіндегі әуе ұрыстарында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 жылғы 23 қазандағы Жарлығы бойынша Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.Ленин, Қызыл Ту, І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, медальдармен марапатталды.

«Үздік шабуылшы-истребитель» деп аталған жерлесіміздің  жауынгерлік ерлігіне арналған листокта былай деп жазылған: «Кеңес Одағының Батыры капитан А.Г.Батуриннің бойынан ұрыста қаһармандық, батырлықты, табандылық пен төзімділікті көруге болады. Ол авиация техникасын жете игерген. Өзінің әуедегі  шабуылымен, жойғыш ұшағының оғымен талай рет жауды қашуға мәжбүр етті, көптеген нeмic самолетін жермен-жексен қылды».

Ол соғыстан кейін Ақтөбе қаласында тұрды. Батыр 1985 жылы 29 қарашада қайтыс болды.

Айсұлу ТҰРАЛИЕВА,

Кеңес Одағының БатырыӘ.Молдағұлованың мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button