Жеңіс

Жауынгерден қалған жәдігер

Жеңіс-75

Облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының фото-құжаттар топтамасында Ұлы Отан соғысы уақытынан сыр шертетін біршама дерек бар. Солардың ішінде жауынгерлердің майдан даласынан туған елге жазған хаттары еріксіз назар аудартады.

Біздің міндетіміз — жауынгерлер жазған осындай хаттарды жәдігер ретінде музейде сақтап, зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу.

Музей қорына 2017 жылы тапсырылған құжаттардың бірі — Ырғыз ауданы Қожағұл ауылдық кеңесінің №1 ауылы — «Мақпалкөл»ұжымшарының бұрынғы тұрғыны, Ұлы Отан соғысына қатысушы Маханалы Байқадамовтың 1943 жылы жазған хаттары. Жауынгердің атына 1939-1940 жылдарға берілген №170100 куәлігіндегі деректерге сүйенсек, үшінші бесжылдықтың жоспарын орындау мақсатында ол ауылдық кеңестің өкілі болған. Отан соғысы басталып, ауылдан әскерге алынған М.Байқадамовтың ұрыс даласынан жазған хаттарында жауынгер туған жерге, елге, ата-ана, бауырға деген сағынышын жеткізуге тырысқан. Хаттар қазақ тілінде латын қарпімен жазылған.

Бір хатында жауынгер былай дейді: «Сағынышты сәлем қат!

Ардақты, артық көруші бауырым Рақман жаныма! Сәлем, апам қуатты ма? Жақсылықжан оқиды ма, маған неге қат салмайды. Ярдан қат келе ме, маған қат келмейді. Мен бірнеше қат салдым, онан маған түк қат келмейді. Әйел-бала сау ма? Жарқыннан не қабар бар, бұрынғы әдрісіме сал. Жаңадан әскерге кеткен жолдастар тегіс сау ма?Бақыт, Қожабай қат сала ма? Сақтағанның үй іші сау ма? Ал енді көп жазуға қағаз жоқ. Ел, қалық, Азамат аға, жеңгеге көп-көп сәлем. Ал менен амандық сұрасаңыздар, денім сау, жақсы жүрмін. Себебі көп қиыншылықтарды өткердік, қазір  жақсымын, денім сау…

Жаным Рақман, осы қат алысымен тез қат сал, азықтарың қалай, мен 200 сом ақша салып ем, барды ма?

Сағынышты сәлемім аса артық көруші Ажай ағайға! Аға, қалай, үй ішіңіз тегіс сау ма? Тоқшылық үлкен жігіт болды ма? Саутен қат салмайды, салмаса оның өкпесі бар шығар. Болса болсын. Едіге үлкен жігіт болды ма? Ағатай, қош сау бол. Мақан».

Жауынгердің осындай негізде жазған бірнеше хаты қазір музей қорында тұр. Олардың барлығының сыртына әскери цензурдан өткендігі туралы арнайы мөр басылған.

Жауынгер М.Байқадамов Рахманға жазған бір хатында шығысқа қарай бет түзегендерін, алайда нақты қай жерге баратындарын өздері де білмейтінін айтқан. Хатының соңын ол: «Тірі болсақ, 5 күн сайын қат жазамын» деп аяқтапты.

Соғыс жылдарында 659-бөлім 771-атқыштар полкі 3-батальон 9-ротада болған жауынгер Маханалы Байқадамов әскерге аттанғанда, елде оның анасы мен бауырлары қалған. Майданнан жазылған әрбір хатында ол солардың амандығын тілейді. Анасы Ақжан Асарбаева 1882 жылы дүниеге келген. Өкініштісі, оның майданнан хат жазған баласы ұрыста опат болуы мүмкін. Себебі оған соғыста қаза тапқан жауынгердің анасы ретінде айына 40 сом зейнетақы тағайындалған. Қорда сақталған куәлік ішіндегі жазбалар соны дәлелдейді.

Ләззат САҒИДОЛЛАҚЫЗЫ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларды ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button