Жеңіс

Әкеміз сапер болған

Жеңіс-75

Әкем Іскендір Сәрсенбаев жеті жылдық білімімен 1938-1941 жылдары елде салық инспекторы болып қызмет істейді. Еңбек етіп жүргенінде Сексеуіл станциясында жұмысшыларды жабдықтау мекемесінде бухгалтер болып қызмет жасайтын Үрпатша деген қызбен, яғни біздің анамызбен бас қосады. Екеуі де сол заманның көзі ашық, сауатты адамдары болған ғой.

Екеуі бас қосқаннан кейін теміржол бойында, Қарашоқат бекетінде тұрған. Шаңырақ көтергеннен соң бір жарым айдан кейін, 1941 жылғы күзде, әкемді әскер қатарына шақырыпты. Содан ол Ұлы Отан соғысына аттанады. Әкем соғысқа аттанып бара  жатып анамды өзінің орнына салық инспекторы жұмысына тұрғызып кетіпті.

Әкем соғыс кезінде қатардағы жауынгер ретінде майдан шебінде болады. «Кеңес Одағының Батыры генерал Иван Черняховскийдің армиясында болдық» деп айтып отыратын.

Мәншүк Мәметова апамыз ерлікпен қазақ тапқан Невель қаласын жаудан азат ету ұрысына қатысқан. Сондай-ақ Курляндия майданында жаумен шайқасқан. Әкеміздің Прибалтика, Украина, Белоруссияны азат ету жорықтарының бел ортасында жүргендігінен де хабардармыз. Оның жорық жолдары Болгария, Польша, Венгрия мемлекеттерінің де үстімен өткен. Днепр өзені үшін болған атақты шайқаста ажалмен бетпе-бет келген. Осы ұрыста көптеген майдандас жолдастары көз алдында қаза тапқан.

Әкеміз майданда сапер болған. Бұл мамандықтың қауіптілігін жалпы жұртшылық «Сапер өмірде бір-ақ рет қателеседі» деген сөз арқылы жақсы білетін сияқты.

Елге оралған соң салық инспекторы болып бұрынғы қызметін жалғастырады. 50-жылдары ауылдық кеңестің депутаты болып сайланады. Ал 1951-1953 жылдары №10 ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет жасаған. Одан соң Кішіқұм бойындағы Ворошилов атындағы және Қазақстанның 30 жылдығы  ұжымшарларында еңбек етеді.

1965 жылы жаңадан «Тоғыз» кеңшары құрылғанда осы шаруашылықтың ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысып, ауылда мектеп салдыруға бастамашы болған. Зейнет демалысына шыққанша қойма меңгерушісі, бригадирлік қызметтерді атқарды. Көп жылғы еңбегі еленіп, «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тақты.

Әкемнің інісі Нәдір Шалқардағы пансионатта жүрген жерінен он жеті жасында соғысқа сұранған. Ол майданда байланысшы болады. Белоруссияның Витебск облысында   1943 жылы 18 жасында ерлікпен қаза табады. Әкем елге оралған соң да өте қыршын кеткен Нәдір бауырын іздеп, ұзақ уақыт жылап жүріпті.

Әкеміз майданнан кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тағып келді. Бейбіт уақытта бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденін және алды.

Анамыз соғыс кезінде еңбек майданында қызмет жасап, майдандағы жауынгерлерге жылы киім, азық-түлік жинап, пошта арқылы жіберіп отырған. Анамыздың тылдағы еңбегі бағаланып, лайықты марапатқа ие болды.

Біздің отбасымызда екі ұл, төрт қыз өмірге келді. Бәрі де жоғары білім алып, ата-анамыздың тәлімді тәрбиесін ақтауға ұмтылды.

Әкеміздің өмірінің жалғасы іспетті аға-інілерім Қашан, Құсайын жастайынан еңбекпен тәрбиеленді. Ағамыз ұзақ жыл жұмыс істеп, қазір зейнет демалысында, ал Құсайын бауырымыз мемлекеттік қызметте.

Әкеміз өмірден өткелі де отыз жылдай уақыт болыпты. Оның қанды майдан жолдарынан аман-есен өтіп, елге жеңіс алып келуге лайықты үлес қосқанын мақтан тұтамыз.

Жыл сайын Жеңіс күні жақындағаннан бәріміздің де жүрегіміз лүпілдеп, бізге өмір сыйлаған, тірлікте қаншама қиындық көрсе де мойымаған, ұрпағына мәңгілік ұлағат таратқан әкеміздің асыл бейнесін жадымызда жаңғыртамыз.

                                                                                    Қаракөзайым ІСКЕНДІРҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button