Жеңіс

Майдангерлердің төртеуі Мұғалжарда тұрады

Жеңіс-75

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын биыл Мұғалжар ауданында тұратын 4 соғыс ардагері қарсы алмақ.

ПРОСКУРНЯ Артем Алексеевич 1917 жылы 23 сәуірде Ақтөбе облысы Ключевой ауданы Ново-Украина ауылында туды. 1938 жылы әскер қатарына шақырылды. Ұлы Отан соғысы жылдары Мәскеу қаласын жаудан қорғады. II дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Москваны қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және т.б. мерекелік медальдардың иегері. 1945 жылы елге оралып, Қандыағаш қаласында теміржол саласында еңбек етті. Бүгінде Қандыағаш қаласында үлкен қызының қолында тұрады. Биыл 103 жасқа толды.

ТЫНЫШТЫҚОВ Қазтай Ескендірұлы 1924 жылы 25 наурыз күні Байғанин ауданында дүниеге келді. 1942 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып, Ленинградты қорғаушылар қатарында болған, 2-Украин майданы сапында шайқасқан, Днепрді азат ету үшін болған ұрысқа қатысқан. 1944 жылдың қаңтарында ауыр жарақаттанып, II топ мүгедектігін алып, елге оралады. II дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін» және т.б. мерекелік медальдармен марапатталды. Елге келіп, «Жұрын» кеңшарын құруға атсалысқан. Шопан, мал дәрігері болып еңбек етті. Соғыс ардагері қазір Ембі қаласында кіші баласының қолында тұрады.

ДӘУЛЕТОВ Артығалы 1924 жылы Жұрын ауданы «Темір» кеңшарында туды. 1942 жылдың 18 тамызында соғысқа аттанды. Украинаны, Белоруссияны, Румынияны, Польшаны, Харьковты азат етуге қатысты. Елге 1949 жылы 29 сәуірде оралып, еңбекке араласып, Ворошилов май зауытында жұмыс жасаған. «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендері мен мерекелік медальдардың иегері. Майдангер ата бүгінде Ембі қаласында қызының қолында тұрады.

ЖАЛМАҒАМБЕТОВ Өтеш Төлегенұлы 1924 жылы 24 сәуірде «Ембі» кеңшары Родник селосында өмірге келді. Әскерге 1942 жылы алынып, I Украин майданы сапында болып, Курск доғасы шайқасына қатысты. Соғыстан кейін 1947 жылдың сәуір айына дейін Бендер бандасымен күрескен. II дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Курскідегі шайқасқа қатысқаны үшін», «Г.Жуков» т.б. медальдары бар. Елге оралғасын Жұрын ауданында есепші, «Ембі» кеңшарында селолық кеңес төрағасы қызметін атқарды. Бүгінде Өтеш қарт Ақтөбе қаласында тіркелгенімен, Қандыағаш қаласында тұрады.

 А.МҰҒАЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button