Жеңіс

17 жасында от кешкен

Жеңіс-75

Әкем Мысыр Нұралин бір атадан жалғыз еді. Яғни атамыздың әкесі Біләлі 1850жылдары өмірге келген, кейін Досжан ишанның шәкірті болған көрінеді. Әкем майданға 1942 жылы 17 жасында алынып, жеңісті Германия жерінде қарсы алған жауынгерлердің бірі. Десек те ол өзінің  соғысқа қатысқанын, майдандағы  батыл іс-қимылдары үшін берілген жауынгерлік марапаттарын айтып, ешкімге бұлдаған да емес. Адал, қарапайым қалпында өмірден өтті.

Биыл туғанына 95 жыл толатын әкемнің мерейтойлық жасы Жеңістің 75 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Сондықтан майдангер әкем жөніндегі естелік-жазбамды ол кісінің балалық шағы мен өмір тарихына қатысты деректерден бастағанды жөн көремін.

Кезінде дін ұстанғаны үшін «халық жауының баласы» атанған Нұралы атамыз жазасын төрт жыл Тайгада өтеген. Ауылда шешенің қамқорлығында қалған әкеміз Мысыр отызыншы жылдардың бас кезінде қызылшамен ауырады. Шешесі Айдай қолынан тігу мен тоқу келетін, сондай-ақ сырттың шаруасын да шеше білетін ісмер жан болыпты. Баласының ауырғаны жанына қатты батса керек, қолына қармақ алып суға барған әжеміз сол күні үйге олжалы қайтады. Алайда қармаққа іліккен үлкен шортанды көрген басқарма оны қой терісіне айырбастауға қолқа салады. Сөйтіп, әжеміз теріні үйітіп, үш күн сорпа ішкен әкеміз бойындағы ауруынан айыққан көрінеді.

1934 жылы атамыз Нұралы Тайгада жазасын өтеп келіп, отбасымен қауышады. Кейін ол үй салады. Бұл шаңырақта 1936 жылы Табыл есімді қыз дүниеге келеді. Бала-шағасын бауырына басып, енді ғана тыныш өмірін сүріп жатқан шағында НКВД-ның адамдары Нұралы атамызды алып кетеді. Бұл — 1937 жылдың 8 тамызы еді. Сол жылы 15 тамызда сот болып, Нұралы атамыз ату жазасына кесілген. Содан ол 2000 жылы ғана ақталып шығады.

Әкеміз Мысыр 15-16 жасынан кеңшар шаруашылығына араласып, еңбек етеді. Кеңшардың жылқысын бағады. Арал жағында жылқы баққан әкем ауылға араға алты ай салып келген екен. Ауылға келсе, үлкен бір үйдің ауласында боз айғырдың байлаулы тұрғанын көзі шалады. Бұл — ауыл басқармасының мініп жүрген жылқысы. Ымырт түскен шақ екен. Әкем әлгі үйге кіріп, амандасып, басқармадан шешесіне барып-келуді сұрағанда, ол рұқсат бермейді. Сөйтіп, ашуға булыққан әкем сырттағы боз айғырға мініп, үйіне қарай шаба жөнеледі. Ертесіне артынан қуып келген басқарма 17 жастағы баланың қолына соғысқа шақырту қағазын береді. 1942 жылы желтоқсан айында анасы екеуі бір атқа мінгесіп, Шұбарқұдықтағы үйлеріне келеді. Анасы оған бір аптаға жететін азық беріп, екеуі сол жерден қоштасады. Сөйтіп, әкем Темірге әскери комиссариатқа атанған.

Әкем 2-Беларусь майданына түсіп, соғыс қимылдарын Ржевтен бастаған. 1943 жылы ақпан айында ол «Ерлігі үшін», кейін «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Ұлы Отан соғысы аяқталып, елге қайтуға дайындалып тұрған шағында әкеміз тағы үш жыл әскерде қалдырылады. Ауылға 1948 жылы келсе, қарындасы Табыл тоғыз жасында жылан шағып, қайтыс болған екен. Ол 1952 жылы анамыз Қаражанмен отау құрады. Шаңырақта он екі бала дүниеге келеді. Барлығымыз әже мейірімінде өстік. Айдай әжеміз 85 жасында өмірден озды. Дүкенші, кейін теміржолда жұмыс жасаған анамыздың 7 сыныптық білімі, қазақша-орысша сауаты болған. Он екі баладан 38 немере, 39 шөбере сүйген әке-шешемізді 1997 жылы Алматыға көшіріп алдық. Қазір ұрпақтары ел игілігі үшін адал қызмет етіп жатыр.

2003 жылы әкеміз өмірден озды.Оның мәңгілік мекені  — Кеңсайда. Бүгінде сексеннің үстіне шыққан анамыз Қаражанның денсаулығы қуатты, әлі тың.

Әкем жасы 18-ге толмай, әскерге кетуге мәжбүр болды. Бұл — сол кездегі басқарманың қатаң шешімі еді. Он жеті жасар бозбаланың кеңес әскерлерінің құрамында майдан даласына тап болғаны оның Отанға, туған елге, жерге  деген сүйіспеншілігін арттырмаса, кеміткен жоқ. Әкемнің майдандағы ерлігі мен еңбектегі өнегелі істері — кейінгі ұрпағына үлгі.

Қайрат МЫСЫРҰЛЫ,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button