Денсаулық

Қауіптің басы — қаназдық

Ана мен бала денсаулығы қазір дәрігерлер қауымы қатты алаңдатып отыр. Болашақ аналар арасында, әсіресе, қаназдық ауруы жылдан-жылға жиілеп барады.

Қаназдық — қан құрамындағы эритроциттердің (қанның қызыл түйіршіктері) қызыл қан жасушалары санының азайып, гемоглабин мөлшерінің кемуінен болатын ауру.

Үлкен жарақат алғанда немесе асқазан жарасының аузы ашылып, іш сүзегімен сырқаттанғанда (дизентерия) қанның тоқтамауы қаназдық ауруына шалдықтыруы мүмкін. Қанның қызыл түйіршіктерін жойып жіберетін безгек (малярия) ауруы да қаназдық дертін қоздырушы болып есептеледі.

Күнделікті тамақ құрамында темір тектес заттардың болмауы да осы ауруды ушықтыра түседі.

Әйелдердегі қан аздық дертінің қозуына етеккір келген кезде дұрыс тамақтанбаудан адамның әлсіреуі, босанғанда қанның тоқтамай ағуы ықпал етеді. Әсіресе, жүкті әйелдер қаназдықтың ауыр түріне шалдыққыш келеді екен. Балалардағы қаназдық олардың ішетін тамағы құрамында темір тектес заттардың жетіспеушілігінен және сәбиді алты айлығынан кейін қосымша тамақтандырмау салдарынан болады. Сондай-ақ жас балалардың қаназдығына көбіне-көп олардың нематоз (паразит құрттарды) жұқтыруы, созылмалы іш сүзегімен ауруы, ішінің өтуі де себеп болады.

Қаназдық ауруына ұшыраған адамдарда тері мен шырышты қабықтардың қуқыл таратып бозаруы, ал қан азаю деңгейі күрт төмендеп кеткенде талып қалу, демігу пайда болуы мүмкін. Қабақ үсті терісі бозарып, қызыл еттің қаны қашып, ағарады. Науқас тез әлсіреп, шаршағыш келеді.

Ағзаны әлсірететін созылмалы сырқатқа шалдыққанда, құрт ауруы, іш ауруы және тағы басқа аурулармен ауырғанда, уланған (саңырауқұлақтан кейбір дәрілерден) жағдайда, қаназдық тез дамиды. Қаназдықтың ауыр түрі болса, аяқ ісініп, жүрек соғысы жиілейді, ауру топырақ, бор жеуге әуестенеді. Қаназдық тұқым қуалауы да мүмкін. Сондықтан ауруды емдегеннен гөрі аурудың алдын алған дұрыс. Ол үшін күнделікті ас мәзірінде ет, балық және тауық секілді құрамында темірі көп тағамдарды көбейту қажет. Көкбұршақ, асбұршақ, жасамық (чечевица), қалақ жапырақты көкөністерде де темір бар. Сондай-ақ тағамды шойын ыдысқа пісіргеннің де пайдасы зор. Темірдің жақсы сіңірілуі үшін  негізгі тағамға қоса көкөніс пен жеміс-жидек жеген дұрыс. Кофе мен шайды тамақтанып болғаннан соң ішу керек.

Қаназдығы ауруының алдын алуда дәруменге бай тамақ ішудің, режимді дұрыс сақтаудың, дене шынықтырумен, спортпен шұғылданудың, демалысты жақсы ұйымдастырудың маңызы зор.

Қаназдықтың қалыпты және ауыр түрімен ауырғанда дәрігерге қаралып, темір қоспалы дәрі-дәрмектер ішу керек. Мәселен, темір сульфатты дәрілер. Бұл, әсіресе, қаназдықтан зардап шегетін жүкті әйелдерге қажет. Темір сульфатты дәрілер, бауыр экстраты мен В12 дәруменіне қарағанда анағұрлым пайдалы.

Егер қаназдық іш сүзегі салдарынан, немотома жұққаннан, безгек зардабынан пайда болса, онда алдымен осы ауруларға қарсы емделу қажет.

Қаназдық ауруынан емделуге болады. Ол үшін ауру адамға қан құяды, қажетті дәрі-дәрмек береді.  Дұрыс тамақтану мен ұйықтау мерзімдерін сақтап, таза ауада көбірек демалған дұрыс. Ауру белгілерін байқаған соң, оны анықтау және тиісінше ем қабылдау үшін дәрігерге қаралу керек.

Гауһар ХАМИТҚЫЗЫ,

Жанар АЖНИЯЗОВА,

№1 қалалық емхананың

дәрігер-терапевтері.

«Алақайдағы» акция

Қазір «Денсаулық жолы» салауатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламасы аясында жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алудың онкүндік акциясы өтіп жатыр. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары «Алақай» қуыршақ театрында «Медицина қызметкерлері салауатты өмір салтын қолдайды» атты ұранмен тұрғындар арасында акция ұйымдастырды.

Экологияның бұзылуы, экономикалық дағдарыс, тұрғындардың тұрмыс жағдайының нашарлауы, дұрыс тамақтанбау, ұзақ уақыт компьютер алдында жұмыс істеу, кондиционерлерді пайдалану, зиянды әдеттер, гиподинамия, генетикалық және соматикалық ауытқулардың пайда болуы — әлеуметтік маңызы бар ауруларды туғызатын жағдайлар.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, өлім себептерін туғызатын аурулар арасында алғашқы орында тұрған жүрек-қан тамыр ауруының көрсеткіші — 54 пайыз. Жұмысқа қабілетті ер адамның әрбір үшіншісі осы патологиядан қайтыс болатындығы үлкен үрей туғызады. Жоғарғы қан қысымы немесе гипертония қазіргі таңда алдыңғы қатарлы созылмалы аурулардың бірі. Ол жүректің, қан тамырлардың, бүйректің зақымдануына, көздің көрмей қалуына әкеліп соқтырады.

Ал қимыл белсенділігі — күн бойына сергектіктің қуаты, артериялы қысымның көтерілуінің алдын алу және емдеудегі маңызды компонент. Сондай-ақ күніне  3 рет 30-40 минуттан дене шынықтыру жаттығуларын жасаса, артериялы қысымның төмендеуіне көмектеседі.

Кез келген адам өзінің артериялық қан қысымын білуі қажет. Артериялық қан қысымын жиі немесе жылына кемінде бір рет өлшету керек. Қан қысымы 140/90 мм сынап бағанынан жоғары болғанда дәрігерге көрінуі тиіс.

Артериялық қан қысымын өлшеу — қарапайым, тез әрі ауыртпай жасалатын процедура. Оны республиканың барлық медициналық ұйым мекемелерінде кепілдендірілген тегін қызмет көлемі аясында өлшетуге болады.

Осындай мәліметтер берген акцияға «Алақай» қуыршақ театры мен С.Жиенбаев атындағы облыстық жаөспірімдер кітапханасының ұжымдары қатысты. 70-ке тарта адам эндокринолог пен терапевт мамандарының ақыл-кеңесін алды. Қандағы қант мөлшері егжей-тегжейлі тексерілді. Тұрғындарға дәрігерлер Г.Сидашева, Б.Мұқанбетқалиева, Ж.Сатқұлова, Н.Акишовалар қызмет көрсетті. Түрлі ақпарат парақшалары таратылды.

Жетпісбай ЖАНАХМЕТОВ,

облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының

баспасөз маманы.

«А» вирусты гепатиттің алдын ал!

«А» вирусты гепатит — қауіпті жұқпалы ауру. Ол түрлі жолдармен жұғады.

Биылғы жылдың сегіз айы бойынша 20 дерек тіркелген. Әсіресе, оқушылар ауруға жиі шалдығады.

Мектеп жасына дейінгі балаларды «А» вирусты гепатитіне қарсы  вакцинациялау — ауруды жұқтырмаудың ең тиімді әдісі. Осы мақсатқа биылғы жылы облыстық бюджеттен 63 213 360 теңге қаржы бөлініп, оған 32 088 доза вакцина сатып алынды. Балалар екі жастан бастап егіледі. Қазіргі күні 2007-2008 жылы туған балалар егілуде. Вакцинаның жүйелі түрде жүргізілуіне байланысты төменгі сынып оқушыларының арасында сырқаттану дерегі тіркелмей отыр.

Жалпы, аурудың алдын алу үшін қарапайым жеке бас тазалығын сақтаған жөн.

Әсіресе, буфет, асхана, сыныпта және рекреацияларда күнделікті тазалыққа мән берген абзал. Мектеп оқушыларын тазалау жұмыстарына  қатыстырмаған жөн.

Клара ҚАЙЫРОВА,

мемлекеттік санитарлы қадағалау комитетінің

Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button