Әлеумет

Көмектері көпке үлгі

Акция

Әр еріктінің басты міндеті — шын көмектесу деп білетін«Ansar Volunteer»еріктілер тобы да Рамазан айын игі істермен бастады. Олар «BizBirgemiz» акциясы аясында ақтөбелік 20 отбасыға азық-түлік пен гигиеналық құралдарын апарып берді.

«Аңсар» ақпараттық талдау орталығының жанынан құрылған еріктілер тобы елде төтенше жағдай жарияланған тұстан бері демеушілер тарапынан 290 мың теңге көлемінде қаражат жинап, 29 аз қамтылған отбасыға қайырымдылық көрсеткен.

— Төтенше жағдай жарияланып, Ақтөбе қаласында карантин режимі енгізілген тұста көпшіліктің абдырап қалғаны рас. Осы кезеңде топтың ортақ қорына жиналған қаражатқа аз қамтылған 9 отбасыға азық-түлік пен гигиеналық құралдарын апарып бердік. Ал Рамазан айы басталғалы сондай 20 отбасыға қайырымдылық жасадық. Жалпы «Аңсар» деген сөздің өзі көмекшілер, қолдаушылар деген мағынаны білдіреді.  Қасиетті Мәдина қаласының тұрғындары, Алла Елшісі мен оның сахабалары қоныс аударып келгенде оларды азық-түлікпен, баспанамен қамтамасыз етіп, көмек көрсеткен. Бұл адамдарды «аңсарлар» деп атаған. Яғни біздің топтың мақсаты да осы, — дейді «Ansar Volunteer» тобының жетекшісі Мейрамбек Шекернаев.

Сондай-ақ ерікті жастар тұрғындар қауіпсіздігі үшін 200-ден астам бетперде тігіп, жұртшылыққа тегін таратқан.

— Топ құрамында тігін цехтары мен киім ательелерінде жұмыс жасайтын шебер қыз-келіншектер де баршылық. Қалада бетперде тапшылығы қатты сезілген тұста демеушілер тарапынан бөлінген қаражатқа керек құралдарды сатып алып, жұртшылыққа бетперделерді тегін үлестірдік,  — дейді топ жетекшісі.

Өткен жылы «Ең үздік дәстүрлі волонтер» атанып, облыс әкімінің Алғыс хатына ие болған аңсарлықтар карантин уақытын да тиімді пайдаланып жатыр. Мәселен, Абайдың 175 жылдығына орай онлайн түрде ақын өлеңдерін оқудан эстафета ұйымдастырып, өзге ерікті топтарға жолдаған.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button