Әлеумет

15 тонна азық-түлік таратылды

Рамазан — рахым айы, жақсылықта жарысатын ай.

Биыл ораза кезінде індеттің алдын алу мақсатында мейрамханалар мен асханаларда, тіпті үйде ауызашар дастарқандарын жайып, қонақ шақыру уақытша тоқтатылды. Алайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ауызашар бергісі келетін жандарды мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетуге үндеген болатын. Осыған орай облысымыздың бас имамы Төлеби қажы Оспанның ұйытқы болуымен, өңірдегі мешіттерде «Ауызашар қоржыны» атты қайырымдылық акциясы қолға алынды. Акцияның мақсаты — шектеу тәртібін сақтай отырып, ауызашар бергісі келетін жандардың ниетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау және мұқтаж отбасыларға көмек көрсету.

«Ауызашар қоржынын» тарату облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде 28 сәуірде басталды. Осы күні 50 отбасына жалпы алғанда 700 келі болатын азық-түлік таратылды. Бұл шара одан әрі Шалқар, Қобда, Мұғалжар, Хромтау, Темір аудандарында да жалғасты. Сондай-ақ 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні Ақтөбе қалалық мешіті қала әкімдігімен және қалалық мәслихатпен бірлесіп, 200 отбасыға жалпы салмағы 7 тонна 200 келі болатын азық-түлік алып берді.

4 мамыр күні «Нұр Ғасыр» мешіті «Ауызашар қоржыны» қайырымдылық акциясы аясында тағы 100 отбасыға азық-түлік таратты. Жалпы салмағы 1 тонна 400 келі болатын көмек қоржындарын алдын ала өтініш берген мұқтаж отбасыларға «Нұр Ғасыр» мешітінің ерікті жамағат жастары тегін жеткізіп берді.

Осылайша, қасиетті Рамазанның алғашқы онкүндігінде Ақтөбеде 788 адамға 6,2 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа «Ауызашар қоржыны» таратылды.

Егер сіз де ораза айында ауызашар беріп, мұқтаж отбасыларға көмек көрсеткіңіз келсе, онда «Ауызашар қоржынын» толтырып, азық-түлік тарату ісіне үлес қосуға шақырамыз. Өз үлесіңізді төменде көрсетілген есепшотқа аударсаңыз, мешіт ұжымы сіздің атыңыздан мұқтаж жандарға аманатыңызды азық-түлікпен жеткізеді. Каспий Голд нөмірі: +7 777 434 60 56, (Балкенов Бақыткерей).

Оразада жасалған жақсылықтарға Алла Тағала еселеп сауап жазғай!

Г.ТӨРЕДИНҚЫЗЫ,

облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз хатшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button