Пікір

Сындарлы сұхбат ойымыздан шықты

Мақсат ҚОСЫМОВ,

Шалқар ауданының құрметті азаматы.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбатын мұқият оқып шықтым.

Қазіргідей ел-жұртымыз алаңдаулы, алдымыз тығырыққа тірелгендей күй кешкен алмағайып уақытта Мемлекет басшысының ел алдында бүгінгі ахуалды ашық айтып, ертеңгі күннің тірлігін парасатты пайымдауы, шынын айтқанда, ең алдымен, көңілімізді орнықтырды.

Ұлы Жеңіске 75 жыл толуы қарсаңында әлем елдерін қауіпті дерт жайлап кетті. Бұл індет біздің елді де айналып өтпеді. Президентіміздің қауіптің алдын алу мақсатында қабылдаған нақты да батыл шешімдерінің нәтижесінде тілсіз жау өзге елдердегідей ішімізге дендеп ене алмады. Індетті ауыздықтауға бағытталған жақсы нәтижелер көріне де бастады. Осындай қиын кезеңдерде өндіріс-шаруашылық салаларына айтарлықтай қолдау көрсетілуде, үкімет пен жергілікті билік тарапынан тұрғындарға, оның ішінде аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп жатқан көмектің ауқымы зор.

Ал ақ халатты абзал жандарымыздың ажалға араша түсудегі еңбектері ерлікке тең. Олар өздеріне қауіп төнгендігіне қарамастан, аптап,айлап үй бетін көрмей, халық денсаулығын қорғауда.

Ата Заңымызда адам өмірі еліміздің басты құндылықтары делінсе, осы талаптардың орындалуына дәрігерлеріміз қосып жатқан үлес ерекше. Президенттің өз сұхбатында: «Қазіргі уақытта медицина қызметкер­лерінің мәртебесін арттыру өзекті мәселеге айналды. Дәрігерлерге берілетін әлеуметтік кепілдік аясын кеңейтіп, ынталандыру жүйесін жетілдіру қажет. Пандемия денсаулық сақшыларына қолдау көрсетудің аса маңызды екенін аңғартты»,—деп атап көрсетуі ойымыздан шықты.

Қиындық пен кедергілерге қарамай, жас буынға білім нәрін сеуіп жүрген мұғалімдер қауымы да марапатқа лайық. «Бұл — уақытша қиындық. Бұған түсіністікпен қарап, шәкірттеріне қашық­тан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдіремін»,— депті Президент.

Сұхбат қорытындысында Мемлекет басшысы: «Осындай кезде, ең алдымен, не нәрсенің аса бағалы екенін түсіндік. Бұл — адамның өмірі, адами қарым-қатынастар, азаматтардың денсаулығы, қоғамның береке-бірлігі. Бір-бірімізге қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін де аңғардық», — деген салиқалы сөз айтыпты. Осы тұжырым бәріміздің де алғы күндердегі ұстанар бағдарымызға айналса игі.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button